Мектеп оқушылары үшін қосымша 300 мың компьютер сатып алынады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Балаларды қашықтан оқыту үшін 435 мың компьютер уақытша берілді. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысып жатыр. Жақын уақытта тағы да 300 мыңнан астам компьютер жеткізіледі. Оларды да мұқтаж азаматтарға, балаларға берілетін болады. Осы жұмысты ары қарай жалғастырамыз», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, елімізде орташа есеппен 2 млн. сабақ жүргізіледі. «Күн сайын балалар 70-80 млн. рет онлайн сабақтарды білім беру платформаларынан көріп отыр. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Бір аптада 12 млн. жеке қолданушы интернет платформаларды пайдаланған. Енді аптасына 6 күн сабақ оқиды есек, күніне 2 миллионға жуық адам аталған платформаларға кіріп, тиісті жұмысын істеп жатқанына көзіміз жетеді. Мысалы, Күнделік платформасына ғана күніне 700 мың баға қойылады. Күніне бір миллион тапсырма беріледі. Мұның бәрі сабақтың жүргізіліп жатқанын және әріптестеріміздің үлкен еңбек атқарып жатқанының белгісі», – деді Асхат Аймағамбетов.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер