Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №4 және №5 филиалдары бірлесіп «Кітапхана – жастардың рухани қалыптасу ошағы» атты мазмұнды әрі өзекті семинар ұйымдастырды. Қазіргі заман жастарының құндылықтар жүйесін қалыптастыруда, рухани әлемін байытуда, оқуға деген қызығушылығын арттыруда кітапханалардың атқаратын рөлі ерекше. Осы мақсатта өткен семинар қоғамның рухани дамуы мен мәдени өрлеуіне бағытталған тың пікірлерге, тәжірибе алмасуларға толы мәнді шара болды.

Семинардың бірінші бөлімінде арнайы шақырылған спикерлер – ABYROI SCHOOL мекемесінің 3-филиалының директоры, педагог-зерттеуші Әлима Дүйісмағанбетова, «ЗЕРЕК» оқу орталығының жетекшісі Манарбек Жұмабай, сондай-ақ «KITAPAL.ORAL» директоры Бейімбет Дүйсенәлі сөз алды. Олар оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда қолданылатын тиімді әдістер, оқырман мәдениетін қалыптастырудың заманауи тәсілдері, интерактивті оқу форматы, әлеуметтік желілер арқылы кітап насихатын жүргізу, оқу клубтарын дамыту туралы айтты.
Сананы жаңғырту мен ұлт руханиятын нығайту жолында кітапханалардың атқарып отырған жұмысы күн сайын өзектілігін арттыра түсуде. Сондықтан семинар аясында білім беру ұйымдарының өкілдері мен кітапханашылар егжей-тегжейлі талқылаулар жүргізді. Кітапсүйер қауым басқосқан жиында кітаптың адам өміріндегі рухани құндылық ретінде алатын орнын айқындау, жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру және кітапхананың тәрбие мен білім берудегі ықпалын көрсету туралы ой-пікірлер қатысушылар назарынан тыс қалмады.
«ABYROI SCHOOL» мекемесінің 3-филиалының директоры, педагог-зерттеуші Әлима Дүйісмағанбетова жастармен жұмыс істеуде кітапхананың тек ақпарат көзі емес, рухани тәрбие беретін мәдени орта ретіндегі маңызын атап өтті.
– Өзіміз құрған «Кітап ал!» оқырмандар клубының 62 мүшесі бар. Оның ішінде оқушылар, техникалық бағытта оқитын студенттер, әртүрлі қызметте жасайтын мамандар бар. Әрқайсысымыз бір айда бір кітапты оқып, сол кітапты офлайн талқылауға жиналамыз. Үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Ай сайын талқылауға жиырмадан астам адам келеді. Бірақ бізді «Кітапты қалай оқып жатыр екен?» деп 430 адам әлеуметтік желіден қарап отырады. Осы бағытта әр кітапхананың кітапханашылары өздерінің оқырмандар клубын қалыптастыруға болады, – деді өз сөзінде спикер Әлима Дүйісмағанбетова.
Семинарда бүгінгі технологиялық дәуірде жас буынды кітап оқуға тарту үшін жаңа форматтар, шығармашылық жобалар, қызығушылық тудыратын оқырман іс-шараларын түрлендіріп өткізу тәсілдеріне де назар аударылды. Спикерлер тарапынан «Кітапхана – тек кітап жинақталған орын емес, оқырманның рухани әлемін байытатын маңызды орталық. Бұл жерде кітапханашының энергетикасы, оқырманды өзіне тарта білуі де маңызды рөл атқарады» деген ойлар айтылды.
Іс-шараның екінші бөлімінде кітапхана қызметкерлері үшін қызық әрі пайдалы практикалық жаттығулар ұйымдастырылды. «Әдеби детектив», «Әдеби лото» секілді ойын түрінде өткен бағдарламалар кітапхана ішіндегі жұмыстың әрқашан тек кітап сақтаумен шектелмейтінін көрсетті. Бұл ойындар қызметкерлердің шығармашылық қабілетін арттырып, оқиғаларды талдау, жылдам ойлау, әдебиетке қызығушылықты дамыту бағытында оң әсерін тигізді. Практикалық бөлімнің негізгі мақсаты – кітапхананы жастар үшін тартымды, мазмұнды, жан-жақты ортаға айналдыру жолдарын көрсету болды. Осы арқылы кітапхана – жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, мәдени деңгейін арттыратын рухани орталық екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Семинар соңында жастарға арналған әдеби клубтарды жандандыру, буккроссинг, әдеби челлендждер, шығармашылық кездесулер ұйымдастыру, заманауи цифрлық сервистерді енгізу, кітапханаларда мобильді оқу кеңістіктерін қалыптастыру, мектептермен, оқу орталықтарымен серіктестікті күшейту жөнінде ұсыныс-пікір ортаға салынды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»