11.04.2024, 17:40
Оқылды: 13

Ольга Рыпакова: «Біз әрбір атлет өзін қорғалған адам ретінде сезінуі үшін спортшылар комиссиясында жұмыс істеп жатырмыз»

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортшылар Комиссиясының отырысы өтті. Онлайн-форматта өткен отырыс барысында Комиссия құрамының мүшелері өзгеріп, ресми түрде жаңа жетекші тағайындалды, сондай-ақ, жаңа құрамның қызметіне қатысты нақты ұсыныстар талқыланды. 

1712738605

Фото: olympic.kz

«Спортшылар Комиссиясы – Қазақстан ҰОК ұйымдастыру құрылымындағы маңызды буын», - деп атап өтті ұйымның бас хатшысы Жанар Утешева. – Халықаралық Олимпиада комитеті үшін де, біздің ҰОК үшін де шешім қабылдау кезінде атлеттердің дауысы маңызды.

Сондықтан, кезінде өзі де олимпиадашы болған ҰОК басшысы Геннадий Геннадьевич бірінші кезекте атлеттер Комиссиясының жұмысын реттеуді ұсынды. Ұйымның қызметі тек қана қағаз жүзінде қалмай, құрамадағы қазіргі спортшылардың сенімді қорғаны болуына назар аударуда. ҰОК-тің басты міндеті - халықаралық қарым-қатынасты нығайту болғандықтан, біз атлеттер Комиссиясының қызметін осы бағытта дамытуды көздеп отырмыз».

Қазақстан ҰОК атлеттер Комиссиясының жаңартылған құрамына Жанбота Алдабергенова (фристайл-акробатика), Абзал Әжіғалиев (шорт-трек), Руслан Курбанов (семсерлесу), Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Илья Голендов (байдарка мен каноэде есу) және Қамшыбек Қоңқабаев (бокс) енді. Еліміздегі ең танымал спортшы, Олимпиада жүлделерінің толық жиынтығына ие болған Ольга Рыпакова атлеттер Комиссиясының төрайымы атанды.

«Өз мансабымда спортшы да, бапкер де болып үлгердім. Бұл саланың қыр-сырларын жақсы білемін. Атлеттер комиссиясын басқаруды ұсынғанда қобалжығаным рас. Себебі, бұл ресми мәртебе еліміздегі спортшылардың мүддесін қорғау дегенді білдіреді. Десе де, Комиссиядағы әріптестеріме қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз.

Өзімнің жалғыз еместігімді түсіндім. Көптеген атлет өз даусының маңызды екеніне, өз пікірінің естілетініне сене бермейтінін іштей білемін. Бірақ біз мұнда тараптар арасындағы қарым-қатынасты жолға қойып, спортшыларды тыңдап, олардың пікірін естіртіп, көмек қолын созып, әрбір спортшы өзінің қорғалғанын сезіну үшін жұмыс істейміз», - деді Ольга Рыпакова.

Жаңарған құрамның бірінші отырысында Комиссия мүшелері еліміздегі ұлттық құрама команда мүшелерінің жағдайын жақсартуға қатысты сұрақтар мен ұсыныстарды талқылады. Атап айтар болсақ, спорттық медицинадағы мамандар санының жетіспеуі, дайындық кезіндегі материалдық-техникалық базаның жағдайы сөз болып, көп жағдайда өз құқықтарын білмейтіндіктен, спортшылардың қаржылай және заңды тұрғыдан сауатты болуына да мән берілді.

«Әрине, біз көтерген мәселелердің барлығы бір адамға немесе бір ұйымға байланысты емес. Бірақ біз спортшылар өкілдігін бізбен санасатындай етіп құрсақ, федерациялармен де, мемлекеттік органдармен де диалог жүргізіп, барлық тараппен бірге шешім қабылдау оңай болады», - деп атап өтті Ольга Рыпакова.

Спортшылар Комиссия алдында үлкен міндеттер қою қажеттігін айтып, оларды жүзеге асыру үшін нақты қадамдардан бастау керек деген пікірге тоқталды.

Осылайша, спортшылар Комиссиясы кем дегенде айына бір рет жиналып, өз жоспарларының орындалу барысын қадағалап отыруға ниетті. Тиімді қарым-қатынас орнату үшін барлық олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік спортшылар арасында телеграм-арна ашылады. Мұнда спортшыларға қажетті ақпараттар – ҰОК пен ХОК ұйымдастыратын курстар мен семинарлар туралы мәліметтер атлеттерге (оның ішінде спорттық мансабын аяқтаған спортшылар да бар)  уақытылы жеткізіліп отырады. Сондай-ақ, Комиссия жұмысына қатысты ұсыныстар қабылданады. Жақын арада ҰОК бастамасымен Комиссия мүшелерінің халықаралық олимпиадалық қозғалыстағы әріптестерімен еркін араласуына жол ашу үшін ағылшын тілін үйрену курсы ұйымдастырылады.

«Біздің басты ұсыныстарымыздың бірі – биыл Қазақстандағы атлеттер жиналысын ұйымдастыру болды. Спортшылар мен олардың жарыс кестесіне ыңғайлы болу үшін жазғы және қысқы спорт түрлеріне бөлуді де қарастырамыз. Бұл біздің Комиссия жұмысының әрі қарайғы қадамын анықтауға қажет. Осылайша, біз Қазақстандағы спортшылардың  пікірін мен даусын мейілінше көп есепке аламыз», - деп аяқтады сөзін Ольга Рыпакова.

ҰОК өз тарапынан атлеттер Комиссиясының қызметіне өз ресурстарын ұсынуға, олардың бастамасын қолдауға және отандық спорттағы мүдделі тараптар арасында диалог орнатуға уәде берді. Атлеттер Комиссиясының  қызметі туралы жаңалықтар ҰОК сайтының арнайы бөлімінде жарияланады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале