15.07.2024, 11:00
Оқылды: 332

Олимпиадаға алғаш рет: Ұлттық құрама үздігі Назым Қызайбай жайлы не білеміз?

Назым Қызайбайдың есімі қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол еліміздегі әйелдер боксының басты қаһармандарының бірі. Бүгінге дейін әлем чемпионатын екі рет ұтқан боксшы қызымыздың Олимпиадаға жолы енді ашылды. Olympic.kz отыз жасында ең алғашқы Олимпиадасына аттанатын Назым Қызайбай туралы әңгіме өрбітпек.

A96BF116-5FBB-4CCD-97E2-2A0A0D49512D

Суреттер: Olympic.kz

Назымның есімі әуесқой бокс әлемінде ерте танылды. Ол әлем біріншіліктеріндегі ең алғашқы жүлдесін 2012 жылы иеленген. Қытайдың Циньхуандао қаласында өткен әлем чемпионатында Қызайбай қола жүлдегер атанды. 

Араға екі жыл салып Назымға әлем чемпионатының алтыны бұйырды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында ол 48 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Бұл бокстан қазақ қыздары еншілеген әлемдік сынның алғашқы алтыны болатын. 

Жалпы, Назым Қызайбай үлкен спорттағы жетістіктерінің басым бөлігіне ең жеңіл салмақта қол жеткізді. 2016 жылы Астанада ұйымдастырылған әлем біріншілігінде ол өз атағын сәтті қорғап, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Әзірге, Назымнан басқа боксшы қыздарымыз мұндай жетістікпен мақтана алмайды. 

71D7614F-8790-4E02-9C81-B06F471EA684

Әрбір спортшы Олимпиаданы армандайтыны анық. Осы арман Назымды да алға жетелеп, боксшы 51 келі салмаққа ауысты. Бұл  Олимпиада бағдарламасына енген санаулы салмақтардың бірі еді. 2015 жылдан бастап Қызайбай ресми түрде 51 келіге өтті. Бірақ олимпиадалық салмақтың өзіндік ауыртпалықтары да жиі кезіккен болатын. 

Бірде бас бапкер сенім артпады, енді бірде Назымның бағы жанбады. Осылайша, Қызайбай 2016 жылғы Рио және 2020 жылғы Токио Олимпиадаларынан сырт қалды. 

Париж Олимпиадасына апаратын жол да боксшы үшін оңай болған жоқ. Алдымен Назым Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарында сәтсіздікке ұшырап, жолдамадан қағылды.

Кейін Италияда өткен әлемдік іріктеу турниріне бапкерлер осы салмаққа ауысқан тағы бір танымал боксшы Алуа Балқыбековаға сенім артты. Алайда, бұл салмақтағы кезекті жолдама Алуаға да бұйырмады.

3F7929A6-6F9B-4C7C-AB85-2F818DACECA2

Таиландта өткен ең соңғы іріктеу турнирі Назымның спорттық мансабындағы ең шешуші сайыс еді. Бірақ бұл жарысқа бірінші нөмірлі боксшы ретінде тікелей барудың да сәті түспеді. Қызайбай ұлттық құрама бапкерлері ұйымдастырған спаррингтік турнирге қатысып, Алуа Балқыбекованы сенімді түрде жеңген соң ғана, іріктеу турнирінде қатысу мүмкіндігін алды.

«Мен Азия ойындарының ширек  финалында, жолдамаға бір қадам қалғанда сүріндім. Алуа Италиядағы турнирдің ширек финалында ұтылды. Үшінші іріктеу кезеңі қарсаңында спарринг жасау – өте дұрыс шешім. Бұған дейін қанша жерден бірінші  нөмірлі боксшы  болсам да, Олимпиадаға бара алмадым. Спаррингсіз-ақ, орныма басқаларды жіберетін. 

Бұл жолы мәселенің спарринг арқылы шешілуі ешкімнің көкейінде күмән қалдырмайды деген ойдамын. Мен ешқашан бәсекелестіктен қашқан емеспін. Кім мықты, сол барсын. Жастарға орын бермеді деген пікірді де істеп жүрмін. Біз жас болғанда, ешкім де орнын босатып бермеген. Сондықтан, өзімді лайықты боксшы санаймын», - деген Назым турнир қарсаңында.

C234C375-D37C-4AF1-8B10-A133583832ED

Еліміздегі кішігірім жарыста өз мықтылығын дәлелдеген соң, Назым Таиландқа аттанды.

Ал Бангкок  төрінде тәжірибелі боксшымыз қарсылас шыдатпай, өміріндегі ең үлкен спорттық оқиға – Париж Олимпиадасына жолдама алды. Бұл бала күнінен бокс залын сағалап, сағаттап төккен тер мен адал еңбектің жемісі еді. 

«48 келіде әлемнің екі дүркін чемпионы атансам да, 50 келіде биік белестерді бағындыра алмай келемін. Екі келінің өзі үлкен роль ойнайтынын қарапайым жұрт түсінбесе де, бокс мамандары жақсы білуі керек. Басқа салмаққа үйрену үшін бір-екі жылдың өзі аздық етеді. Қазір жасым отызға келсе де,жастармен бір деңгейде жаттығып жүрмін. Енді бар күшімді Олимпиадаға лицензия алуға саламын», - деді Қызайбай.

Қазіргі таңда Назым Қызайбай Париж Олимпиадасына қызу дайындалуда. Үлкен спорттағы 15 жылға жуық уақыттың өтеуі ретінде Олимпиададан жүлде алса, Назымның спортқа, жанкүйерлердің боксшы қызға еш өкпесі болмайтыны анық. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале