16.01.2026, 14:30
Оқылды: 68

Олимпиадаға  бір  айдан аз  уақыт  қалды

Италияның Милан және Кортина д’Ампеццосында өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура бір айдан аз уақыт қалды. Қазір әлемдік спорт додасына дайындық қызу жүріп жатыр.  Қазақ-стандық спортшылар да ақ Олимпиадаға жолдама алу үшін бар күшін салуда. Қазіргі таңда бірқатар спорт түрінде сынға түсетін ел атлеттері Олимпиада лицензиясын иеленіп үлгерді.

Ұлттық олимпиада комитеті өз телеграм арнасына шығарған ресми мәліметке сүйенсек, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру секілді спорт түрлерінен іріктеу аяқталған. Бұл бағыттарда Қазақстан құрамасы Италиядағы ойындарға қатысу құқығына ие болды.

Мәнерлеп  сырғанау

Алғашқы Олимпиада жолдамаларын мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина жеңіп алды. Олар АҚШ-тың Бостон қаласында өткен 2025 жылғы әлем шемпионатында іріктеудің барлық талабын орындады. Айта кетерлігі, Михаил Шайдоров аталған әлем біріншілігінде  күміс  жүлдеге  қол  жеткізді.

Шайдоров

Олимпиададағы мәнерлеп сырғанау жарыстары ақпанның 6-сы басталады. Алдымен ерлер арасында жекелей сырғанау өтеді: 10 ақпанда қысқа бағдарлама, 13 ақпанда еркін бағдарлама көрсетіледі. Әйелдер арасындағы бәсекелер ақпанның 17-сі басталып, 19-ы күні еркін бағдарламамен аяқталады.

Шорт-трек:

төрт спортшы,  тоғыз дисциплина

Шорт-тректен Қазақстан атынан төрт спортшы Олимпиадада сынға түседі. Әлем кубогының төрт іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама Италияда тоғыз дисциплинада өнер көрсету құқығына ие болды. Бапкерлер штабы Олимпиада құрамын бекітіп, оған төмендегі спортшылар енді:

MONTREAL, CANADA - NOVEMBER 01: Yana Khan of Kazakhstan competes in the women's 500m preliminary round during the ISU World Cup Short Track Speed Skating at Maurice Richard Arena on November 1, 2024 in Montreal, Quebec, Canada. (Photo by Minas Panagiotakis - International Skating Union/International Skating Union via Getty Images)

MONTREAL, CANADA - NOVEMBER 01: Yana Khan of Kazakhstan competes in the women's 500m preliminary round during the ISU World Cup Short Track Speed Skating at Maurice Richard Arena on November 1, 2024 in Montreal, Quebec, Canada. (Photo by Minas Panagiotakis - International Skating Union/International Skating Union via Getty Images)

* Денис Никиша (500 және 1000 м, аралас эстафета);

* Абзал Әжіғалиев (500 м, аралас эстафета);

* Ольга Тихонова (500, 1000, 1500 м,  аралас  эстафета);

* Яна Хан (500 және 1500 м, аралас  эстафета).

Шорт-тректің алғашқы жүлделері ақпанның 10-ы күні сарапқа салынады. Бұл күні аралас эстафетада жартылай финалдар мен финал өтеді. Сондай-ақ әйелдер арасында 500 метр, ерлер арасында 1000 метр бойынша алдын ала іріктеу кезеңдері ұйымдастырылады. Шешуші жарыстар 11 ақпанға жоспарланған.

Қазақстандық спортшылар 14 ақпанда әйелдер арасындағы 1000 метрде, 16 ақпанда 500 метрде, ал 20 ақпанда әйелдер арасындағы 1500 метрде жүлде үшін таласады.

Конькимен  жүгіру:

кең  ауқымды  бағдарлама

Конькимен жүгіру спортынан қазақстандықтар Олимпиадада 12 бағыт бойынша жүлделерді сарапқа салады.  Ерлер құрамасы 500 метр қашықтықта сынға түссе, әйелдер арасында мына қашықтықтар бойынша нәтижелер белгілі болды:

* 500 м – 2 жолдама

* 1000 м – 2 жолдама

* 1500 м – 2 жолдама

* 3000 м – 2 жолдама

* 5000 м – 1 жолдама

* масс-старт – 1 жолдама

* командалық із кесу – 1 жолдама

Қазақстандық конькишілер Олимпиададағы алғашқы жарысына ақпанның 7-сі күні шығады. Бұл күні әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта жүлделер сарапқа салынады.

WhatsApp Image 2026-01-16 at 14.35.22 (1)

9 ақпанда – 1000 метр, 12 ақпанда – 5000 метр, 14 ақпанда – ерлердің 500 метрі мен әйелдер арасындағы командалық із кесудің іріктеу кезеңдері өтеді. Ал 15 ақпанда әйелдер 500 метрде, 20 ақпанда 1500 метрде, 21 ақпанда масс-стартта бақ сынайды.

Айта кетейік, 23 қаңтарда барлық ел арасындағы квоталарды қайта қарау және бөлу қорытындысы бойынша Олимпиадаға қатысатын спортшылардың түпкілікті тізімі жарияланады. Конькимен жүгіру спортынан Олимпиадаға 168 спортшы қатысады.

Қазіргі уақытта көптеген спорт түрінен іріктеу кезеңі әлі де жалғасып жатыр. Бұл сайыстар 19-20 қаңтар күндері аяқталады.

Басты фавориттер кім?

Жасыратыны жоқ, қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістігіміз көңіл көншітпейді.  Десе де ақ Олимпиадаға кеткен спортшылардың жолына үлкен үмітпен қараймыз. Әсіресе мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың былтырғы жетістіктері  көңілге үміт ұялатады. Конькимен жүгіруші Евгений Кошкиннің 2025 жыл соңындағы қарқыны көпке ұнады. Тәжірибелі шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша да барын салуы керек.

WhatsApp Image 2026-01-16 at 14.36.08

Еске сала кетейік, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина д’Ампеццо қалаларында 6-22 ақпан аралығында өтеді. Қазақстандық спортшылардың ақ Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғайды деген ойдамыз.

 

Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале