17.03.2022, 9:00
Оқылды: 48

Олимпиадаға дейінгі кедергілер

2022 жылдың 4-20 ақпан күндері Қытай астанасы Бейжіңде ХХIV қысқы Олимпиада ойындары өткені көпшілікке белгілі. Дода кезінде шорт-трекшілеріміздің шоқтығы бәрінен биік бола қоймағанымен, Қазақстан үшін команда жетістігі қысқы спорт тарихындағы үздік көрсеткіш ретінде қабылданды. Жұлдыздай жарқыраған Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта 4-орын иеленсе, аралас командалық эстафетада  отандастарымыз 5-орынға табан  тіреді. Олимпиаданың ашылу салтанатында ҚР Ұлттық құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев ту ұстап шықты. Конькимен жүйткуден жарқырай көрінгенімен, жүлдесіз оралуына байланысты шорт-трекшілер көпшілік  сынына қалды. Десе де, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеделхат жолдап, мұзайдын мұзбалағына дер кезінде қолдау білдірді. Елге келген соң талантты шорт-трекші Абзал  көп ұзамай спорт саласындағы бірқатар қиындықты ашық баяндаған жазбасын әлеуметтік желідежариялады.Қоғамның қызу талқысына түскен автор жазбасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1581919043111

Абзал Әжіғалиев, «Бейжің – 2022»  XXIV  қысқы  Олимпиада  ойындарының  қатысушысы:

Мені қолдаған және Олимпиадада бізге шын жүректен жанкүйер болып, алаңдаған барша отандастарыма тағы да шексіз алғыс айтамын. Дәл осы мәселе қазір өзекті болып тұрғанда мүмкіндікті пайдаланып, шорт-тректі мысалға ала отырып, біздің спортшыларымыздың Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтқым келеді.

1. Мұзайдын мәселесі. «Алау» спорт сарайы – қазіргі уақытта шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақ­стандағы жалғыз мұзайдын. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, сондықтан, амал жоқ, Еуропада немесе Ресейде жаттығамыз. «Алауда» барлығы керемет болғанымен, ол сарай ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күн сайын таңертең және кешке екі сағаттан жаттығу керек. Бірақ мұзсарайы жеке меншік болғандықтан, барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай қаражат жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Пекин Олимпиадасының алдында біз «Алауда» дайындалдық. Бірақ бізге сапалы мұзайдын тек Олимпиада қарсаңында ғана  емес, үнемі керек.

Айтпақшы, мұз тек ұлттық құрамаға ғана емес, жастар мен жасөспірімдерге де қарастырылмаған. Қысқы спорт бойынша нақты шорт-трек үшін басты проблема - осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде  қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ... Керек десеңіз, кейбір отандастарымыз мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз.

2. Әр өңірде мұзсарайлар  салынған. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті Алматыдағы да. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда бізге жарақат алып қалу қаупі өте жоғары. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да «Алаудағыдай». Бос уақыт жоқ, ақша жоқ…

3. Бізге керек құрал-жабдықты тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алу - біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай мәселеге Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осындай қиындықты барлық спортшы басынан өткереді. Біз, спортшылар, әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да, тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі назар аударып, тұрақты жұмыстану керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велоқұрылғы, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін құралдар керек. Көптеген елдің командалары аталған жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде сол күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде, шенеуніктер «Мемсатыпалу үдерісіне байланысты кешіктіріліп жатыр» деп сылтауратады. Халықаралық жарыс-жаттығулар «Қазақстандықтарда жабдық жоқ» деп тоқтап тұрмайды. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған қосалқы бөлшектерді сатып алып береді. Немесе бізге «Заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң, кейбір құралдарды өз ақшамызға сатып алуға тура келеді. Себебі біз «Инвентарь жоқ немесе жетпейді» деп бір жарысқа қатыспай тұра алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл – тек биыл емес, жылда қайталанатын жағдай.

4. Маған облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипед алып береміз деп уәде берді. Қазір сұрасам, «Тым қымбат» дейді. Ең болмаса, станок алып берулерін сұрадым. Өзімше демеушілерге осы өтінішімді айтып көріп едім, олар да қол ұшын созбады. Бізде «Спортты дамыту керек» деп көп айтады. Бірақ өткен жолы айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Жағдай тек өзім үшін жақсарсын деп емес, жалпы жастар да бұл спортпен айналысса деймін. Елімізде осы спорттың болашағы  бар  екенін  көрсеткім  келеді.

5. Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Спорттың бұл түрін Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің. Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түріне ықыластарын танытуда. Бірақ біз жылдар бойы әлем кубоктарына қатысып келеміз әрі әлемнің үздік ондығына кіреміз. Олимпиада чемпиондарымен бірге жарысып, олардан озып та жатамыз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды. Сәл болса да, осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса, жөн болар еді. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде, ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па, білмедім. Бірақ Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттың бұл түрінен  қалай нәтиже күтуге,  талап етуге болады?

6. 2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып, денсаулығым біраз уақыт сыр берді. Осы уақытта құрамадан шеттетілдім, өз қаражатыма емделдім. Бізде жарақат алсаң, ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта, нақты айтқанда,  біздің спортта жарақат алу, жарақаттану жиі орын алатын жағдай. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға душар болып, ең  соңында  жалғыз  қаласың...

7. Олимпиада мәреге жетті. Иә, білемін, ешкім нәтижесіне мәз емес. Бірақ біздің шағын командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш болды. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек, біздің елдегідей Олимпиадаға жарты жыл қалғанда емес. Бізде жазғы спортқа көп назар аударылған соң, талап та жоғары. Ал қысқы спортқа жіті көңіл бөлінбесе де, бәрі де, жанкүйерлер де қысқы спорттан сондай нәтиже  күтеді.

Менің ең үлкен арманым – еліміздің көк байрағын әлемдік жарыстарда желбірету. Ауылдардағы, өңірлердегі балалардың барлығы бірдей спортпен айналысса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін және осы жолда қаншалықты тер төгу керек екенін білсе деймін.

Қазіргі кезде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалуы керек қой! Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді. Сөз соңында мен өз командама, жаттықтырушыларыма көп рахмет айтқым келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Осы уақытқа дейін талай қиындықты еңсеріп, мойымадық. Әрі қарай да биік белесті бағындыруға күш саламыз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбаймыз. Бізді үнемі қолдап, жанашыр болып отырған әрқайсысыңызға алғыс! Еліміздегі спортты өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан менің осы айтқандарым тиісті жерге жетеді деп ойлаймын.

Қаймен Есендияров, облыстық спорт  және дене шынықтыру басқармасының басшысы:

есендияров

– Абзал Әжіғалиев – өте тәжірибелі спортшы, Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы дайындық сапасын күшейту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының құрамасына ауысты. Абзалдың әлеуметтік желіде көтерген мәселесі өте орынды. Өз өңірімізге қатысты жайтты атап өтсем, Орал қаласында бір ғана мұзайдынды спорт сарайы бар. Онда қысқы спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қоныстанған. Спорттық нысан қазіргі уақытта ЖШС-ның сенімгерлік басқаруына берілген. Мұз спорт сарайында шорт-трек, шайбалы хоккей, допты хоккей, мәнерлеп сырғанаудан жаттығу, спорттық жарыс және көпшілік сырғанау өткізіледі. Сол себепті мұзсарайдың жұмыс кестесі өте тығыз. 2025 жылға дейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында тағы бір мұз спорт сарайын салу жоспарда бар. Жаңа нысан салынғаннан кейін шорт-трек спортшыларына жақсы жағдай жасауға мүмкіндік туады  деп  есептеймін.

А. Әжіғалиев атап көрсеткендей, озық спортшыларды қажет құрал-жабдықпен қамтуда бірқатар қиындық туындайтыны рас. Мәселен, мемлекеттік сатып алу арқылы жеңіске жеткен өнім беруші сапасыз жабдықты жеткізуі мүмкін. Техникалық сипаттамасы сәйкес болғанымен, халықаралық стандартқа сай болмай шығады.  Шорт-трек – өңірлердегі спорт басқармасы үшін қымбатқа түсетін спорт түрі.

Олимпиада ойынына қатысқан шорт-трекші Әділ Ғалиахметовке арнайы лицензиялық және өзіне ғана арналған конькиді алып беруге тура келді. Конькидің бағасы  2 миллион теңге шамасында. Оны арнайы тапсырыспен әлемде 3 тауар өндіруші ғана жасайды. Қымбат жабдыққа мемлекеттік сатып алу аясында қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан демеушілер көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Алайда демеуші үнемі  табыла  бермейді.

Ұлттық құрама командаларды ҚР Ұлттық олимпиада комитеті сынды ірі құрылымдар құрал-жабдықпен қамтуы тиіс деп есептеймін. Ал өңірдегі басқармалардың қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Спортшыларды қолдау мәселесіне тоқталар болсам, әр өңірдің жергілікті атқарушы құрылымдары ақшалай жабдықталым мөлшерін бекітті. БҚО әкімдігінің қаулысымен тағайындалған жабдықталым мөлшеріне сай жетістікке ынталандыру мақсатында облыстағы 237 спортшыға ай сайын төлем жасалуда. Оның 27-сі – шорт-трекшілер. Айлық еңбекақысын азсынатын спортшылар бар. Бірақ барлық төлем заңға сәйкес жүргізіледі. Шорт-трек – жетекші спорттың бірі. Бұл спорт түріне барынша  қолдау  көрсетуден айнымаймыз.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале