Париждегі олимпиаданың алғашқы күні Елдос Сметов алтын жүлде алып, елді қуантты. Одан бөлек нысана көздеуде Ислам Сатпаев пен Александра Ле жұбы қола еншіледі.
Фото: gov.kz
Алғашқы жарыс күні дзюдошы қыз Абиба Әбужақынова бесінші орынға тұрақтады. Ал боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайуулы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Үстел теннисінің шебері Кирилл Герасименко 1/16 финалға өтті. Жоғарыда аталған спортшыларға «жарайсың» айтуға болады.
Ал велошабандоз Евгений Федоров 21-орыннан көрінді. Нысана көздеген Никита Чирюкин, Ирина Юнусметова, Константин Малиновский мен Арина Алтухова жұбы іріктеу сындарынан аса алмады. Академиялық есу шебері Владислав Яковлев те іріктеуде сүрінді.
Париж төрінде елді ұятқа қалдырған — теннисшілер. Алдымен Елена Рыбакина аяқ астынан ауырдым деп жарысқа келмей қалса, Юлия Путинцева да жарақат алып, жарысқа шықпай қалды. Александр Бублик бірінші айналымда жеңілді.
Бүгін қазақ спортшылары — бадминтоншы Дмитрий Панарин, нысана көздеуде Александра Ле, Арина Алтухова, Константин Малиновский және Ислам Сәтбаевқа ескек есуші Владислав Яковлевке, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа, Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шараимов сияқты семсерлесушілерімізге және бокста Әйбек Оралбай, Асланбек Шымбергеновке және Назым Қызайбайға жанкүйер болады. Теннисші Александр Шевченко да бүгін бақ сынайды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz