6.05.2021, 18:57
Оқылды: 97

 Өлкенің әдеби бағытын зерттеудегі тұңғыш еңбек

 Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. XX-XXI ғасырдың басы)» деген тақырыпта М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиевтің  екінші монографиясы мен хрестоматиясының тұсаукесер салтанаты өтті.

3DD57DA1-620E-4A6F-B973-0557553E1D5C

     – 2018 жылы осы монография мен хрестоматияның бірінші бөлімі шыққан болатын. Бұл кітап соның заңды жалғасы болып саналады. ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым кабинеті жоғары оқу орындарының арасында әрбір үш жыл сайын ғылымның барлық салалары бойынша гранттық жоба жариялап отырады. 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жоба бойынша  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев бастаған ғылыми топ гранттық жобаны ұтуға қол жеткізді. Аталған жобаның негізгі мақсаты - әдеби-өлкетануды зерттеу арқылы біздің өңірдің ақын-жазушыларының әдеби шығармашылық мұрасын айқындау болып саналады. Сондай-ақ бұл жоба өңірдің ақын-жазушыларының 20 ғасырдағы және 21 ғасырдың басындағы поэзия, проза, драматургия және басқа да жанрларын зерттеп, әдеби-ғылыми тұрғыда сараптап, бір деңгейге түсіруді көздейді. Ғылыми зерттеу нәтижелерін кезең-кезеңімен үш кітаптан тұратын монографияға айналдырып, хрестоматия құрастырып, жоғары оқу орындарында және жалпы білім беретін орта мектептерде пайдалануды жүзеге асырады. Жобаның ұзақтығы үш жыл құрайды. Осы аталған мерзім ішінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филолог ғалымдарынан құрылған шығармашылық топ үлкен жетістікке ие болды,- деді тұсаукесер салтанатын ашқан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихат депутаты Жаңабек Жақсығалиев өз сөзінде.  

03EC793C-5B02-4DA8-855A-B072FA2A2BB8

    Бұдан соң ақын Айтқали Нәріков, жазушы Қайыр Бектұрғановтың жары Надежда Жұбайқызы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Сабыр, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Ақмарал Лұқпанова, мәдениет қайраткері, сатирик суретші Аманғали Сарқұлов құттықтау сөз сөйлеп, іс жүзінде ғылыми еңбектің мазмұны мен мәні жоғары екенін айтып, аталған монографияның 2-ші кітабының тұсаукесерін қиды.

   Кітаптың тұсаукесер салтанатынан кейін ZOOM бағдарламасы арқылы байланысқа шыққан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, кітапқа пікір жазған, баспаға ұсынған рецензент Жүсіп Қадыр монография авторлары Зейнолла Мүтиев пен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Жангүлім Мұханбетованың және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті Айдарбек Ақболатовтың ғылыми ізденістер мен әдеби сараптама, талдаулар жүргізудің нәтижесінде құнды еңбек жазып шыққанын айтты.

     – Монографияның бірінші кітабы шыққанда разы болған едім. Екінші монографияның бүгінгі тұсаукесеріне де қуанып отырмын. Монографияның екінші кітабында Сайымжан Еркебаев, Сатыбалды Дауымов, Жанғали Набиуллин, Қайрат Жұмағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Шолпан Қыдырниязова, Айсұлу Қадырбаева сынды ақын-жазушылар мен өлке әдебиетінің республикаға танылып қалған тұлғаларының туындылары зерттеліп, жазылған. Олардың стильдік, көркемдік ерекшеліктері, тілдік дағды, тілдік қор тағы да сол сияқты  әдеби зерттеуге қатысты мәселелер барлық қырынан ашылған. Түйіндеп айтқанда монографияны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ауқымында жарық көрген көркем, соны ғылыми еңбек деп айтуға әбден болады. Мұның өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі талаптарына сәйкес келетін, мәдени, әдеби мұрамызды ардақтау, құрметтеу болып табылады. Облыстардың ішінен алғаш түрен салған бастаманы құптаймын. Өлкенің әдеби бағытын зерттеп шығаруды  мәдени өміріміздегі жағымды жаңалық деп есептеймін. Басқа да өлкенің әдебиет танушы ғалымдары осы монографиядан үлгі алуға тиіс,-деді Жүсіп Қадыр.

     Тұсаукесер шарада монографиялық еңбекке қатысты Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабыр «Өлке әдебиеті-қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі», М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры Рита Сұлтанғалиева «Өлке әдебиетін зерттеу-бүгінгі күннің талабы мен парызы» және С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11мектеп-интернат кешенінің мұғалімі Ақерке Байжиенова «Мектеп мұғалімдері мен оқушыларға пайдасы бар еңбек» деген тақырыпта баяндамалар жасады.

      Сөйтіп, әдеби өлке мұрасын зерттеу нысанына алған тұсауы кесілген ғылыми монография жақында оқырман көпшіліктің игілігіне арналмақ.                                                                        

                        Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале