Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жауапты министрлер мен облыс әкімдерінің назарын стансаларды отын қорымен қамтамасыз етуге аударды. Конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты сұрақтар туындап отырғаны баса айтылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Сурет: Үкімет
Мәселен, Энергетика министрлігі стансаларға арналған мазутты тым кеш, яғни 15 тамызда үлестіріп берді. Логистиканы, қауырт жұмыс барысында туындайтын цистерна мен вагон тапшылығын және басқа да мәселелерді ескеретін болсақ, мазут пен көмір қоры уақтылы дайындалады дегенге сену қиын.
«Біз Үкіметте көмір тасымалында дүрбелең туғызбай, вагон тапшылығын болдырмау үшін шарттарды ерте жасау, жеткізу кестелерін бекіту қажеттігі туралы бірнеше рет айттық. Өнеркәсіп және көлік министрліктеріне көмір мен мазут жеткізу бойынша ҚТЖ мен өңірлердің міндеттемелерін орындау мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.