13.03.2026, 17:45
Оқылды: 6

«Өмірдің көктемі кешіксе де, өлеңнің көктемі кешікпесін»  

 

Жуырда Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Меңдібек Лұқпанның «Кешіккен көктем» атты кітабының таныстырылымы өтті.

IMG_0238 conv

Бұл әдеби-мәдени шараны ақын Айнабек Бисенғалиев жүргізді. LED-экраннан Меңдібек ақынның шығармашылық жолы көрсетіліп, өзі қошеметпен сахнаға көтерілді. Жас ақын алдымен ел-жұртқа амандасып, көрермен қауымға ризашылығын білдірді. Ақ тілегін алға тартқан аға толқын қаламгерлер Ғайсағали Сейтақ, Қазбек Құттымұратұлы, Дариға Мұштанова, Талғат Мықи Қадырсарайдың төрінен табылды.

Оқушы кезден қалам тербеп, студенттік жылдары өлең-жырды өндіре жазған жас ақын оқырманның құрметіне бөленіп үлгерді. Бірақ кейін университет бітірген бойда өлеңнен алыстап кетті. Араға уақыт салып, өлең  өлкесіне қайта оралды. Жай ғана оралмай, «Кешіккен көктем» атты кітабын оқырман қауымның назарына ұсынды.

– Қадыр атындағы қасиетті шаңырақта Жайық жұртымен қауышқаныма қуаныштымын. Бала кезде жата-жастана оқып, мені қаламгер ретінде рухани тұрғыдан түлеткен дүние – кітап, кейін әдеби орта, алдыңғы толқын ағалар, солардың пікірі, берген бағыт-бағдары дер едім. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша «Кешіккен көктем» атты кітабым жарық көрді. Іргелі екі мекеменің бірлескен жобасы былтыр бастау алып, биыл да жалғасын табуда. Алдыңғы екі жобасы жастарға бағытталса, соңғысы алдыңғы толқын ағаларға арналады. Осы орайда «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына ниет білдірдім. Алпыс шақты жас қаламгердің арасынан 20 қаламгер іріктеліп, соның ішінде мен де жобаға өткен болатынмын. Былтыр желтоқсан айында жарық көрген алғашқы жинағымның тұсаукесері Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Кітапты бір ай ішінде жазып,  15 баспа табақ көлемінде жобаға тапсырдық. Жазу барысында Теректі, Сырым, Шыңғырлау, Тасқала, Бәйтерек аудандары, сонымен қатар Орал қаласының музейлерін, тарихи орындарын аралап, тұлғалармен пікірлестім. Әсіресе, Құттымұратұлы Қазбек ағамыз бағыт-бағдар беріп, зор ықпалын тигізді. Жинақта өлең-жырлар, циклдар, көлемді поэмалар, балладалар топтастырылған. Кітап Ақ Жайық  өлкесіне, тарихи тұлғаларына арналған, – деді кеш иесі Меңдібек Лұқпан.

Ақынның шығармашылығын оң бағалап, адамгершілігі мен ізденімпаздығына тәнті болған ел ағалары да ақтарыла тілек білдірді.

– «Кешіккен көктемді» жазу үшін, яғни Меңдібек бір кітап жазу үшін 100 кітап  оқыды. Оған өзім куәмін, соның 50 кітабын менен алып оқыған болатын. Бұрыннан айтып жүруші едім, Ығылман Шөреков деген атамыздың «Сөз өнері қонған ақын-жазушылардың, қалам қайраткерлерінің Құдайдың берген миссиясы – бұл өзінен бұрын өткен аруақты ата-бабаларының, туған жерінің тарихын жазып кету, соны кестелеп, қағазға түсіріп, халыққа тарату өлмейтін іс» деген сөзі болатын. Меңдібек те сол жолға түскен екен, осы бағытын, бастамасын қолдап, кітабында сөз болған аруақты ата-бабаларымыздың, әже-аналарымыздың рухы өзіңді қолдай берсін дегім келеді, – деп Қазбек Құттымұратұлы ақ тілегін білдірді.

Осындай бағыттағы ниетін білдірген Ғайсағали Сейтақ та ақынға «Өмірдің көктемі кешіксе де, өлеңнің көктемі кешікпесін» деген ағалық лебізін жеткізді.  Кеш ән-күймен көмкеріліп, өлең-жырмен түйінделді.

 

Гүлфия Қолғанатова,

Орал қаласы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале