10.08.2021, 11:07
Оқылды: 109

Өміріне өнерді серік еткен

Белгілі күйші, домбырашы Қалиолла Молдағалиев жарты ғасырдан астам уақыт бойы көрермен қауымды ұлттық өнермен сусындатып келеді. Бүгінде жасы 75-ке келсе де, қолынан домбырасы түскен емес. Қазақтың екі шекті музыкалық аспабын пір тұтқан ол бір орында тоқтап қалмай, үнемі кәсіби шеберлігін жетілдірумен айналысады. Кейінгі толқын шәкірттеріне домбыра үйретіп, күй құдіретін сағаттап түсіндіруден жалықпайды. Домбырашылар ансамбльдерін құру, шағын оркестрлер ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында ұдайы жүріп, жастарға тәлімгерлік етуден сәтте қағыс қалмайды.   

 Омирине онерди серик еткен

Ол  1946 жылы 20 шілдеде Казталов ауданының Бостандық ауылында дүниеге келді. Бала кезінен қазақтың қара домбырасына деген құштарлығы алабөтен еді. Әкесі домбыра шертсе, жанына барып тыңдап отыратын. Анасы әкесінің тартқан домбыра сазының әуеніне ілесіп, шарықтата ән шырқайтын.  Ағалары Ғайнолла мен Шайдолла да өнерпаз болатын. Марқұм Шайдолла ағасы ауылдағы мектепте сабақ берді. Барлық музыкалық аспаптың тілін жетік меңгерді. Мектепте оркестр, хор ұйымдастырып, жастарды музыкаға баулыды. Молдағалиевтердің отбасылық домбырашылар ансамблі сонау 1960 жылдардың ортасында  аудан, облыс көрермендеріне өрісті өнерімен танылды. Қалиолла ауылдағы мектепті тәмамдағасын Алматыға оқуға түскен Шайдолла ағасының орнында ән сабағының мұғалімі болып қызмет етті. Өнерге бейім жас жігіт аудандық халық аспаптар оркестрінің мүшелігіне қабылданады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері,  елімізге танымал сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі атанған Сағит Садықовтан көп нәрсе үйренді. Ол домбыраға құштар жастың білмегенін жалықпай үйретіп, аздаған уақыттан соң оның үлкен сахнада өнер көрсетуіне дәнекер болды. Көп ұзамай қабілетті жас аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қарлығаш» ән-би ансамблінің құрамында Алматы, Мәскеу, Саратов, Таллин қалаларында өнер көрсетті.

Ағамыз бойындағы талантты одан әрі дамытып, жетілдіру үшін 1972 жылы Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түседі. Аталған училищеде 4 жыл білім алды. Оқу орнын ойлағандай аяқтаған ол Тайпақ, Фурманов аудандық музыка мектептерінде директорлық қызмет атқарды. Қызметтен қол үзбей жүріп, Оралдағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институтты сырттай оқып бітіреді. Сегіз жыл ауылдық жерде жұмыс істеп, өнер саласында қабілет-қарымымен көзге түскен оны 1984 жылы Орал мәдени-ағарту училищесіне оқытушылық қызметке шақыртады. Осында қызмет істеген жылдары домбыраға бейім көптеген шәкірт тәрбиелеп, өнерге қанат қақтырды. Қалиолла ағамыздың М.Тұяқов, Б.Күзенбаев, Б.Жүсіпқалиев, Б.Сәртөк, М.Жиенбаев, К.Мұхамбетов,
С.Карин секілді шәкірттері ұстаздың жолын ұстап, ісін жалғастырып, бүгінде мәдениет саласында абыройлы қызмет етуде.

Ол жоғарыда аталған училищеде ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарды. Осында жұмыс істей жүріп, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония жанынан құрылған кәсіби сипаттағы халық аспаптар оркестрінің белсенді мүшесі болды. Оркестрге кейін күйші-композитор Дәулеткерейдің есімі берілді. Осы оркестрдің құрамында контрабас-домбыра аспабында ойнап, нота сақтау қорының меңгерушісі қызметін қоса атқарды.

– Контрабастың өлшемі – бас. Бас болмаған жағдайда оркестрде жіңішке, шіңкілдек үндер басым түседі де, концерттік нөмірлер мен орындалған күйлер өз тұтастығынан және қажетті бояуы мен бедерінен айырылады. Дәлірек айтқанда, контрабас оркестрге қоңыр үн қосады. Қоңыр үнсіз халық аспаптар оркестрінің мәні де, сәні де келіспейді, – дейді ол.

Қалекең оркестр ұжымымен бірге әлденеше рет жақын шетелдерде гастрольдік сапарда болып, табысты өнер көрсетті. Аталған ұжым еліміздің көптеген қаласын аралап, біздің облыстық оркестрдің құлашы кең, ауқымдылығын жұртшылыққа таныта білді. Көрермендерін өрелі өнерімен тәнті еткен Қалиолла Мәмбетұлы қазірде тұғырдан түскен жоқ. Өнер саласындағы ұзақ жыл бойғы  тынымсыз еңбегінің нәтижесін көріп те отыр. Ол  мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет белгісі» төсбелгісін, Дәулеткерейдің 200 жылдық мерейтойына байланысты арнайы медалін кеудесіне тақты. Сондай-ақ ҚР Күйшілер одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Оның облыс, аудан басшыларының атынан алған алғысхаттарының өзі бір төбе.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале