Қоғамға өзінің білім-білігімен ғана пайда келтірмей, адами қасиеттерімен де басқаларға үлгі болуы тиіс жандар – мемлекеттік қызметшілер. Осындай жауапты мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек еткендердің қатарында Сергей Тоқпанов та бар.
Сергей Харипуллаұлы 1960 жылы Ресей Федерациясының Саратов облысындағы Питер ауданына қарасты Нива селосында дүниеге келген. Біздің кейіпкеріміз еңбек жолын 1977 жылы осы облыстағы Малоузен совхозында жұмысшы болып бастаған. Бір жылдай ауылда еңбектің дәмін татады. Кейін Саратов мемлекеттік зоотехникалық-ветеринариялық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын ветеринарлық дәрігер мамандығы бойынша тәмамдайды. Одан соң Алматыдағы Қазақ коммерциялық қаржы академиясынан экономист мамандығын алып шығады.
Ол 1983-1986 жылдар аралығында Малоузен совхозындағы №2 бөлімшенің аға малдәрігері болып қызмет етеді. 1986 жылы Қазақстанға қоныс аударған соң, Казталов ауданындағы Бостандық совхозының бас мал дәрігері болып жұмысқа орналасқан. Әр жылдары Казталов аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің бас малдәрігері, аудан әкімшілігінің референті, «Казталовка» кеден бекетінің бастығы, кеден бекеттерінде бас маман, аға инспектор сынды жауапты қызметтер атқарады. 2012 жылдың 16 қазанынан бастап биылғы тамызда зейнетке шыққанша осы ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Жалпы мемлекеттік қызметте жүргендерге зор жауапкершілік жүктелген. Халық олардың бiлiмi мен тәжiрибесiне, кәсiбилігіне сенiм бiлдiредi. «Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Сондықтан олардың кәсібилікпен бірге адамгершілік қасиеттерге де ие болғаны абзал. Мемқызметші халықтың сенімді өкілі болғандықтан, қарапайым болуы, моральдық-әдеп нормаларын сақтауы, азаматтармен және әріптестерімен сыпайы қарым-қатынас орнатуы тиіс. Олардың қызметтен тыс уақыттағы жүріс-тұрысы да тұрғындардың мемлекеттік құрылымдарға деген сеніміне әсер етеді. Елдің алдында жүрген қызметшілер «мемлекеттік қызметші» деген атқа кір келтірмей, халықтың игілігі үшін зор жауапкершілікпен қызмет атқаруы керек. Осы салада жүріп, қиындықты да, қызықты да көрдім. Әйтсе де, мемлекеттік қызметші болуды таңдағаныма өкінбеймін, – деді жақында ғана зейнетке шыққан сала ардагері.
Сергей Харипуллаұлы аудандағы кәсіпкерліктің және ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне елеулі үлес қосты. Ол қызмет еткен жылдары шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік субъектілері күрт өсіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер әкелді. 2012 жылы аудан бойынша барлық негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1252 млн теңге болған еді. Күні бүгінге тек ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция – 1240 млн теңге. Сондай-ақ 2012 жылы ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің көлемі 8874,3 млн теңгені құраған болса, қазіргі таңда бұл өнімнің көлемі – 24 639,2 млн теңге. Біздің кейіпкеріміз бөлімге басшы болып барған жылы ауданда ірі қара мал – 49,7 мың, қой-ешкі – 138,1 мың, жылқы – 10,9 мың бас болған. Одан кейінгі 11 жылдың ішінде ІҚМ – 113,8 мыңға (2,5 есе), қой-ешкі – 277,5 мыңға (3 есе), жылқы – 33,7 мыңға (3 есе) жетті.
Ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері былтыр мал шаруашылығын асылдандыру бағдарламасының 16 бағыты бойынша 809 млн теңге мемлекеттік қолдау қаражатына ие болған. 2022 жылы 303 шаруашылық бағдарламаның 5 бағыты бойынша 1 млрд 396,7 млн теңге көлемінде субсидия алған. Сондай-ақ ауданда жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы ауыл тұрғындары арасында жұмыссыздықты азайту, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мүйізді ірі қара өсіретін 58 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Казталов ауданы – облыстағы асыл тұқымды мал өсіретін ірі аграрлы аудандардың бірі. Мұнда асыл тұқымды малдың аса бағалы тектік тұқымдық қоры бар. Қазақтың ақбасы, герефорд тұқымды сиырлар, етті-майлы бағыттағы еділбай қойы, көшім жылқысы өсірілуде. Аудандағы шаруашылықтардың 64-і асыл тұқымды ірі қара, 24-і қой және төртеуі жылқы өсірумен айналысады. Білікті басшы кәсіпкерлікті, шағын-орта бизнесті дамытуды да күн тәртібінен түсірген емес.
Осы салада 34 жыл қызмет еткен Сергей Харипуллаұлы қай салада да қызметкерлердің білім-білігі ерекше рөл атқаратынын айтады. «Себебі білікті кадрларды даярлау әрдайым мемлекеттік басқарудың басты міндеті болып қала береді. Заңнамаға сәйкес, мемқызметшілер үнемі қайта даярлаудан, біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сәйкесінше, әрбір мемқызметші біліктілігі, құзыреті, қабілеті, жетістіктері және лауазымдық міндеттерін адал орындағаны үшін мансабын жоғарылата алады», – деді ағамыз.
Сергей Харипуллаұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан көп жылғы қажырлы еңбегі, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін түрлі марапатқа ие болды. Мәселен, ІІ дәрежелі «Шекара әскерлерінің үздігі» белгісімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, биыл ҚР Мемлекеттік қызметшілері күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды. Елі үшін еңбек еткен ағамызға «Өмірлік ұстанымыңыз қандай?» деген сауал қойдық. «Ең бастысы – қандай жағдайда да адам болып қалу, адамгершіліктен айнымау. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп бекер айтылмаса керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата-ананың тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Қазір, әсіресе, отбасындағы әкенің рөлі жөнінде жиі айтылуда. Отбасының берекесін кіргізіп, жақындарын сүйіспеншілікке бөлеп отырған әкенің қадір-қасиеті арта түседі. Әсіресе, ұлдың тәрбиесінде әке мен ата ерекше рөл атқарады», – деп ойымен бөлісті кейіпкеріміз.
Сергей Харипуллаұлын әріптестері қарапайым, салмақты, сабырлы азамат деп құрметтейді. Қызмет еткен жылдары білікті маман, білгір басшы ретінде танылған ағай кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп, мол тәжірибесімен бөлісіп келеді. Кейіпкеріміз жеміс-жидек өсіріп, бақша баптағанды ұнатады. Кітап оқиды, әсіресе, классикалық шығармаларды жоғары бағалайды. Жұбайы Балжан апай екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта олар – немере-жиендерінің қызығына кенеліп отырған ардақты ата-әже.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»