5.10.2021, 12:14
Оқылды: 22

Он көшенің жолы жөнделіп, 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда

Қазіргі таңда Казталов ауданына қарасты 22 ауылға таза ауыз су өткізіліп, 25 мыңнан астам адам немесе халықтың 84 %  таза ауыз сумен қамтылып отыр.

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен дәстүрлі баспасөз мәслихатына қатысқан Казталов ауданының әкімі Альберт Есалиев осындай деректерге тоқталып өтті.

60207B3A-B75D-48BD-9A81-BBE4240A8C5A

-Ауданда 2005-2010 жылдары  "Таза су" бағдарламасы белсенді түрде іске асырыла бастап, осы жылдары 11 елді мекенге таза су қондырғылары орнатылды. 2011 жылы бастау алған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 11 елді мекенге ауылішілік су құбырлары тартылса, 9 ауылдың су құбырларына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы Талдықұдық және Қоныс ауылдарын ауыз сумен қамту құрылысы және Еңбек елді мекеніне блок-модульді кешенін орнату жұмыстары жүргізілуде.

C8A8FEE9-889F-41E7-84E9-72B8228CFBF9

Сонымен қатар кіші елді-мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 7 ауылға блок-модульді кешендерін орнату жобалары жасақталды. Бұл жобаны іске асыру болашақтың еншісінде,-деді Альберт Темірболатұлы.

52D744F2-B845-4032-9C7A-F2BCE75C9E6F

  Брифинг барысында аудан әкімі жол салу, ауыл көшелерін қайта жөндеу бағытындағы атқарылған істерге де тоқталып өтті.  Оның айтуынша, қазіргі таңда Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы республикалық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысы жалғасын табуда. Сонымен қатар ағымдағы жылы республикалық бюджет арқылы 14,8 шақырымды құрайтын төрт ауылдың кіреберіс жолдары және 15 шақырым аудандық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өтуде. Биылғы жылы аудан орталығында 3,6 шақырымды құрайтын 10 көшенің автомобильдер жолдарына асфальт төселіп, үш ауылда 16 көшеге 4,85 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Сондай-ақ бүгінгі таңда аудан орталығы мен Жалпақтал ауылында 15 шақырым ауылішілік жолдарды қайта жаңартуға жобалар дайын болса, үш ауылдың 15 шақырым ауылішілік жолдарын қайта жаңартуға жобалар жасақталу үстінде.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале