Құрметті оқырман! Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейлі датасы қарсаңында газетімізде «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» айдары мен арнайы бет ашылып отыр, арнайы бетте Ақ Жайық аймағында тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген табыстарды арқау етіп, тәуелсіздікті нығайтуға өз үлестерін қосқан тұлғалардың ерен еңбегін жазып көрсетуді мақсат етіп отыр. Бүгінгі мақаламызды алға қойған осы биік мақсаттың беташары деп қабыл алсаңыз.
Биыл ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы болған егемендікке қол жеткізгенімізге отыз жыл толып отыр. Бүгінгі күні көптен күткен осы бір тарихи сәт туралы ой қозғаудың орайы келіп тұрғандай. Осындайда көңілдің көк дөнен жүйрігі сонау 1991 жылдың екінші жартыжылдығында орын алған қым-қуыт, шым-шытырық оқиғаларға қарай ойыса береді.
Сонымен, сонау 1991 жылдың 19 тамызы күні Кеңес одағында жоғары билік тұтқасын ұстаған сегіз адам Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет құрып (ТЖМҚ) бүкіл КСРО аумағына сес көрсетіп, тіс қайрай сөйлегені мәлім. Бұл кезінде ашық аспанда найзағай ойнап, күн күркірегендей оқиға болғаны рас. Г.Янаев КСРО Президентінің міндетін атқаруға жол ортадан киліккені де көпшілікті таңғалдырғанды.
Осы кезде КСРО-ның тұңғыш та соңғы «көзі тірі» Президенті М.Горбачев басына қауіптің қара бұлты үйірілгенін сезбестен, Қара теңіздің жағалауында қаннен-қаперсіз демалып жатқанды.
Төтенше комитет бүкіл КСРО аумағында темірдей тәртіп орнатып, қоғамдық қозғалыс атаулыға тыйым салатынын мәлімдеді. Аласапыран күндерде заңсыз, кездейсоқ құрылған үкіметтік құрылым – төтенше комитеттің билігін жекелеген республика басшылары мойындамайтындықтарын ашық айтты. Солардың бірі Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді.
Ол оқыс оқиғаның ертеңіне, яғни 20 тамыз күні республика халқына арнау сөз сөйлеп, ТЖМҚ-ның мемлекеттік билікке бір бүйірден жармасқан әуелгі әрекеттерін қолдамайтынын, мұның қолданыстағы Конституция қағидаттарына қайшы әрі қиғаш екенін мәлімдеді. Қалай дегенде де, небәрі үш күнге созылған төтенше комитет КСРО-ның дәурені өтіп, демі таусыла бастағанын аңғартып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін тұйық судай іріп-шіріп, өз етін өзі жұлып жеген алып империя – Кеңес одағы аумағында азаттық ұраны анық айтыла бастады. Тіпті Горбачев шұғыл Мәскеуге оралып, билік тағына қайта жайғасқанымен, алдын ала белгіленген одақтық келісімшарт жасалынбай қалды. Жыртыққа жамау салып, құрыққа сырық жалғауға тиісті Новоогарев келісімі де жөргегінде тұншықты. Саяси жүйенің дағдарысқа ұшырап, айықпас дертке душар болғанын дер кезінде аңғарған Қазақ КСР-ның Президенті Н.Назарбаев елдің егемендігі мен шаруашылықты өз бетінше жүргізу еркіне негіз қалайтын Жарлықтарға қол қойды.
Оның қатарында – «Қазақ КСР-ның Қауіпсіздік кеңесін құру туралы», «Семей ядролық полигонын жабу туралы» және «Қазақ КСР-ның сыртқы экономикалық дербестігін қамтамасыз ету туралы» ресми құжаттар бар еді. 1991 жылы 23 тамызда республика басшысы Н.Назарбаев КОКП Орталық Комитетінің саяси бюро мүшелігінен өз ықтиярымен бас тартты. Сол жылдың 7 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен партияның сиезінде Қазақстан Компартиясын тарату туралы шешім шықты. Бұл ғасырлар бойы еркіндігін аңсап, дербестігіне талпынған еліміздің ертеңі таразы басында тұрған алмағайып шақ, шешуші кезең еді. Осы тұста орталық басылым беттерінде «Егемендіктің елірме шеруі басталды» деген одақтас республикалардағы өзгерістерді кекетіп-мұқататын материалдар шығып жатты. Айтып-айтпай не керек, Одақтың күйі кетіп, бағы тая бастағаны анық еді. Мұны ойы озық орыс зиялылары да айта бастады.
Сөйтіп, 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина және Белорусь басшылары Минск түбіндегі Беловеж нуында оңаша бас қосып, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы келісімшарттың күшін жою жөніндегі құжатқа қол қойды. Сөйтіп, олар 70 жылдан астам уақыт бойы әлемді қасаң идеологияның қыспағында ұстаған коммунистік-тоталитарлық режім тұяқ серпетін үкімді шығарды. Сол жылы 13 желтоқсанда Ашхабадта бас қосқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан басшылары «Беловеж (Минск)» келісімін қолдайтындықтарын білдірді. Содан бір апта өткенде Балтық жағалауы елдерінен басқа бұрынғы одақ құрамындағы 11 республика басшылары Алматыда бас қосып, ТМД-ны құру әрі оның ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы халықаралық құқықтық актілерге қол қойды. Бұл бұған дейінгі саяси идеологияның бет-пердесін өзгерткен шын мәніндегі тарихи оқиға болды.
Міне, осылайша тежей тұруға келмейтін, кері бұрауға көнбейтін тарихтың тегершігі шыркөбелек айналып, кеңестік кеңістіктегі өзге республикалар сияқты қазақ еліне де ізін салды. Ең әуелі, Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі 1991 жылдың 16 қазанында қабылданған қаулы мен арнаулы заңның негізінде 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні бүкіл халықтық сайлау өткізілді. Сайлауда тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып, өз ұлтының асыл қасиеттері мен данагөй болмысын бойына дарытқан сақи тұлға, қарымды қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланды. Ел қалауы, тарих таңдауы осындай болды.
Мемлекет басшысы ант беріп, ел билігі тізгінін қолға алған күні, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес сессиясы ащы ішектей шұбатылған ресми атауынан «Кеңестік» және «Социалистік» деген сөздерді алып тастап, «Қазақстан Республикасы» деп өзгертті.
Содан соң көп ұзамай бір аптаның бедерінде республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңын қабылдады. Дәл осы күні қазақ елі ешкімге кіріптар емес, дербес даму жолын таңдаған, шекарасы бөлінбейтін, зайырлы, унитарлық мемлекет құрғанын салтанатты түрде айдай әлемге жария етті.
«Әрине, бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан жүрегінің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз – әлемдік тарих толқынында өзінің субъективтік құқығын сезінетін, яғни оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі».
Біз шындықпен суарылған осынау сара сөздерді Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабынан келтіріп отырмыз. Ашығын айтқанда, тәуелсіздігімізді кездейсоқтықтың жемісіндей, көктен салп ете қалған құттай көретіндер де жоқ емес. Бұл мүлдем қате түсінік екені айтпаса да түсінікті.
Түйіп айтқанда, осыдан 30 жыл бұрын қолымыз жеткен елдің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі төбеден топ ете қалған сый, оңайдан табылған олжа емес екені аян. Тәуелсіздік ғасырлар соқпағында «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың көксеген, аңсаған арманы еді. Елінің бүтіндігі мен жерінің тұтастығы үшін құрбан болған ата-бабаларымыздың аққан қаны мен төккен терінің өтеуі еді. Барша отандастарымыз тәуелсіздіктің киесін сыйлап, қасиетін ұғыну және қадірін білу арқылы тарих, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне алса, бұдан артық ғанибет болар ма екен. Еліміз егемендігін алып, дербес даму жолына жаңа түскен уақыт ұмытыла қоймайтын шығар. Сол кезде Қазақ елі өз Президентімен бірге КСРО-дан мұраға қалған көл-көсір проблемаларды еңсеруге бел шеше кіріскен-ді.
Тәуелсіздік таңы атқанда республикамыздың батыстағы қақпасы іспеттес Орал өңірінің жәй-күйі қандай болды деген сауалды да аттап өте алмаймыз. «Аман елдің аты шығады» дейді халқымыз. Бүгінгідей тәуелсіздігіміздің іргетасы беки түскен кезде тоталитарлық режім қыспағынан алдырмай-жұлдырмай, аман шыққанымыздың өзі шүкіршілік етер жәйт. Саяси астары өте терең, мұндай тарихи фактор босағаның беріктігіне де байланысты. Сондай төрт босағаның бірі өзіміз тұрып еңбек етіп жүрген кіші отанымыз – Батыс Қазақстан облысы. Батыстағы қақпамыз қандай болуы керек деген сауал егемендіктің елең алаңында өте өткір күйінде тұрды. Бұл шақта бұған дейін аса мән бере қоймаған шекараға алаңдайтынды шығардық. Шекаралық облыстар өздерінің ішкі және сыртқы саясатын қалай жүргізуі керек? Геосаяси қарым-қатынасын қалай құрғаны жөн? Көршілермен байланысты қайткенде ұтымды жолға қоя алады? Осыдан отыз жыл бұрын мұндай тәуелсіздік талаптары ешкімді селсоқ, енжар қалдыра алмағанына қол қоя аламыз. Мұндай стратегиялық мәселелердің өзгесін айтпағанда, өз өңірімізге тікелей қатысы бар екені хақ.
Шынтуайтына келгенде, облыс орталығы жағырафиялық тұрғыдан алғанда, өте ұтымды орналасқан. Яғни біз үшін Ресейдің Еуропалық бөлігіне апаратын қақпа, ал Еуропа үшін Азияға ашылатын кілт іспеттес. Екіншіден, Орал – газ, мұнай тәрізді стратегиялық шикізат көздеріне жақын тұруымен де ерекшеленеді. Сондықтан да өңір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан инновациялық мәнге ие бола бастады. Әрі кеңестік кезеңде одақтық бағыныста болып келген қорғаныс кәсіпорындары егемен ел мүддесіне қызмет жасауға бейімделе бастады. Бүгінгі күні мұның басты бір мысалы, республиканың Қарулы күштері үшін кеме жасау өндірісін игерген – «Орал «Зенит» зауыты мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы болып табылады.
Темір Құсайын,
журналист, облыстық «Орал өңірі» газетінің
«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл»
арнайы бетінің қоғамдық редакторы
zhaikpress.kz
Сурет gov.rz сайтынан алынды