18.08.2020, 16:25
Оқылды: 41

Оңалту алгоритмдері әзірленуде

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ «жаман» індетпен ауырған жандарды одан әрі оңалту қызметтерін қаржыландыру туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында аталмыш қордың облыстық филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлова баян етті.

Brifing

Нұржамал Жұмағұлованың баяндауынша, биылғы наурыз-шілде айларында облыста 12847 адам стационарларда емделіп шықты. Олардың ішінен 4746 адам коронавирус індетінен, 532 адам пневмония ауруынан құлан-таза жазылды. Қазақстандықтарға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін аталмыш қор шілде айында медициналық ұйымдардың тарифтерін көтерді. Енді қор тарапынан карантиндық стационарда бір төсек-күн үшін 22 мың теңгеден астам, провизорлық стационарда 32 мың теңгеден астам, науқасты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емдеу үшін  1 төсек-күн 70 мың теңгеге жуық қаржы төленеді.

Медициналық ұйымдарға коронавирустық жұқпаны және оның асқынуын диагностикалауға, емдеуге байланысты барлық шығынды өтеу мақсатында биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап науқастың жағдайын ескере отырып, оның емделіп шығуының құны анықталды. Яғни емделген науқас «жаман» індеттің жеңіл түрімен ауырған болса  шамамен 292,6 мың теңге, орташа дәрежелі ауру үшін 446,1 мың теңге, ауыр дәрежесімен науқастанған болса 1,5 миллион теңге медициналық ұйымдарға өтеледі. «Мұндай қызметтерге тарифті көтеру қорға қызмет ұсынушылардың санын арттыруға, жеке ауруханаларды коронавируспен және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеуге көбірек тартуға, сонымен қатар ауруханалардағы медициналық көмектің сапасын ынталандыруға мүмкіндік береді», – деді Нұржамал Шамғонқызы.

Облыс стационарларында ПЦР әдісімен және емхана дәрігерлерінің жолдамасы бойынша 31,3 млн. теңгеден астам қаржыға 3 мыңға жуық зерттеу жүргізілді. (Республика бойынша 3,5 млрд. теңгеден астам суммаға 300 мыңға жуық зерттеулер жүргізілді). Республикалық бюджет қаражатынан медициналық сақтандыру қорына үстемеақы төлеуге 38,1 млрд. теңге бөлінді.  Наурыз бен маусым айлары ішінде қор қаржы операторы ретінде облыстағы коронавируспен күрес іс-шараларына тартылған денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысына 945,7 млн. теңге көлемінде үстемеақы төледі. Наурыз айында – 215, сәуірде – 1270, мамырда – 1581, маусымда 1851 қызметкер үстемеақы алды. Қор қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан ауруханалар мен емханаларды қолдау үшін аванс беру шамасын 50%-ға арттырды.

-Карантин кезінде денсаулық сақтау министрлігі коронавирус және пневмония жағдайының тұрақтануын атап өтті. БҚО бойынша COVID жұқтырудың тәуліктік өсімі 1,5%-ға дейін төмендеп, жедел жәрдем шақырулар саны 25%-ға қысқарды, реанимациялық төсектерді жұмыспен қамту 100%-дан 42%-ға дейін төмендеді, провизорлық және инфекциялық стационарлардың жүктемесі 73%-ға дейін азайды. Алайда күзде жұқпалы аурулардың дәстүрлі өсу кезеңінде коронавирус пен пневмониямен ауыратын науқастардың қатары қалыңдайтыны болжанып отыр.  Облыстағы емханалар мен отбасылық амбулаториялар жанынан эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 115 мобильді бригада құрылды, – деді Н. Жұмағұлова. Спикердің айтуынша, Қор коронавируспен ауырған жандарды одан әрі оңалту қызметтерін қаржыландыру туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігімен бірге оңалту алгоритмдері әзірленуде.

Екінші тоқсанда БҚО облысы бойынша МӘМС жүйесінде қызметтер көлемі төмендеген, соның ішінде жоспарлы емдеуге жатқызу 1-тоқсанмен салыстырғанда 63%-ға, жоғары технологиялық қызметтер - 53%-ға, медициналық оңалту 79%-ға төмендеді. Енді 3-тоқсанда жоспарлы көмек көлемі МӘМС жүйесін енгізумен халыққа медициналық қызмет көрсетудің жақсы көрсеткіштеріне қол жеткізілген кезде жыл басындағы деңгейге дейін өседі деп болжанған.

МӘМС жүйесінің іске қосылған алты ай ішінде өңірде 1,5 млрд. теңгенің консультациялық-диагностикалық қызметтері көрсетілді. Qoldau-24/7 мобильдік қосымшасы тұрғындарға медициналық көмек көрсету бойынша кеңестер беріп, олардан шағым-өтініштерді қабылдайды. Сонымен қатар осы қосымша арқылы медициналық қызметтің сапасына баға беруге болады. Сондай-ақ қордың 1406 байланыс орталығы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді.

-Еліміз бойынша шағын және орта бизнестің қызметкерлері алдағы 1 қазанға дейін медициналық сақтандыру жарналары аударымдарынан босатылды. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік кезеңі аяқталды. Тұрғындар осы уақытқа дейін шартты түрде сақтандырылып, МӘМС пакеті шеңберінде медициналық көмек алуға құқылы болды. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес шілде, тамыз, қыркүйек айларында шағын және орта кәсіпкерліктің 29 санаты жарна төлеуден босатылды. Яғни шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерінің еңбекақыларынан жарна мен аударымдарды ұстамайды, бірақ бұл субъектілердің қызметкерлері медициналық сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерді толықтай алуға құқылы, – деді  баспасөз мәслихатында Нұржамал Жұмағұлова.

Кәсіпорындар өз қызметкерлерінің тізімін әр айдың  25-нен кешіктірмей электронды форматта ұсынуы тиіс. Бұл үшін кәсіпорындар Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы (https://msb.fms.kz/login) сілтемеге мекеменің БСН енгізіп, өтуі қажет.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале