… Өмір өтсе де, жақсы адамның аты жадыңда қалады. Керуен көші алға жылжыған сайын оның даралығы, даналығы ерекшеленіп, игі істері есіңе түседі. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі» деген даналық сөз Әлібек Байжанұлына арналғандай көрінеді. Әлекеңдей арыстың мәңгілік мекеніне аттанғанына он жыл уақыт болып қалыпты. Амал қанша, оның тұлғалық келбеті, қоғамдағы орны туралы еске алу сипатында жазу жаныңа батады. Әрине, бұл Әлекең туралы айтылар ойлардың басы ғана деп түсінгеніміз жөн.

Әлібек Сәтбаев өткен ғасырдың 60-жылдар ортасында Қызылорда облысының Қазалы ауданынан келіп, Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Көзкөргендердің айтуынша, ол оқуда озат болуымен қатар қоғамдық жұмысқа белсене араласып, жоғары ұйымдастырушылық қасиеттерімен ерекшеленеді. Өзінің ақкөңілділігімен, көпшілдігімен бірден көзге түсіп, айналасындағыларды баурап алатын деседі. Спортты жанындай жақсы көрген Әлібек Байжанұлы сол кезде салауатты өмір салтын насихаттап, волейболдан жарыстар ұйымдастырып, студент жастарды жігерлендіріп, әркез алда болуға жетелеген. Сол кезеңдегі студенттік құрылыс отрядтарынан да қалыс қалмай, құрылыс отрядының командирі болып басшыларымен, жора-жолдастарымен ортақ тіл табыса білген.
Ел басқару, халықтың тұрмыс-тіршілігін ұйымдастыру билік басында болған азаматтан шынайы адалдық пен әділдікті, орасан білім мен біліктілікті, жауапкершілік пен іскерлікті, сезімталдық пен көрегендікті, қажымас қайрат пен тапқырлықты талап етеді. Осы қасиеттердің барлығы марқұм Әлібек Байжанұлының жүрегі мен санасында терең ұялаған. Әлібек Байжанұлының арғы тегі – елін, жерін қаһармандықпен жаудан қорғап, қайсар ұрпақ жалғастырған Жалаңтөс, Жанқожа батырлардың ұрпағы. Ол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Орал облыстық комсомол комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Қызылорданың тумасы болғанымен, Ақ Жайық өңірінің төл түлегіндей болып кеткен олөмірінің соңғы сәтіне дейін өңіріміздің экономикасының, мәдениетінің өркендеуіне үлес қосты. Еңбек жолында талай асуларды бағындырған Әлібек Байжанұлының ерен еңбегі еленіп, бірталай мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Орал облыстық партия комитетінің I хатшысы М. Ықсановтың көмекшісі, №8 құрылыс тресінде және «Жданов» совхозында партком хатшысы, бұрынғы Приурал ауданы атқару комитетінің төрағасы, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы, ірілендірілген Ақжайық ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Ақжайық ауданын басқару ол кісіге оңай болмағандығы анық. Қытай халқында адамды сынау мақсатында айтылатын «Өтпелі кезеңде ел басқар» деген тәмсіл бар. Әлібек Байжанұлының аудан басқару саласындағы кезеңі қоғамдық-экономикалық формациялардың ауысуы, елдің өтпелі шағына тұспа-тұс келді. Сондықтан өліара шақта оған нардың белі қайысар ауыртпалықты көтеруге тура келді. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы атаулы бірнеше айға кешіктірілетін. Оның үстіне колхоз-совхоздар тарап, ел ішін жұмыссыздық жайлады. Бұған қоса, Тайпақ аудан ретінде таратылып, Ақжайыққа қосылды.
Міне, осындай қысылтаяң кезеңде Ақжайық ауданының әкімі Әлібек Сәтбаев халықтың арасында жиі болып, ашық әңгімелесіп, табысы аз, тұрмысы төмен жанұяларға жүйелі көмек-қолдау ұйымдастырды. Қиындықтың өтпелі екендігін елжұртқа ұғынықты тілмен түсіндіріп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын берекелі заманға бірлік пен еңбек жеткізетіндігін екпін түсіре айтушы еді. Қаржы тапшы болған кездің өзінде ұжымдарды құрылыстар салуға жұмылдырды. Тайпақта мектеп-гимназияның ашылуына қызмет етті. Аудан орталығында ұлт-аспаптар оркестрінің құрылуына және саябақ ашылуына ұйытқы болды. Аудан спортына, әсіресе, волейболға көп көңіл бөлді. Ауыл шаруашылығы саласында бірнеше шаруа қожалықтарын құруға, мал тұқымын асылдандыруға, Тайпақ жағында Бағырлай өзені арнасы жағасында баубақша егуге қолдау көрсетті. Қатты қиналған кезде қасында жүрген әріптестерін, ауыл әкімдерін, мекеме басшыларын шақырып алып: «Жігіттер, не көрсек те елмен бірге көрейік. Мына апақ-сапақта халықты қаңыратып тастап кетпейік. Мен сіздермен біргемін!» дегеніне де куә болдық. Аудан әкімінің орынбасарлары марқұм Бағдат Хайруллин, Кәкім Ахметов және Меңзипа Жұматова, аппарат басшысы, марқұм Серік Бақманов, 18 округтегі ауыл әкімдері сындарлы сәттерде Әлібек Байжанұлының жанынан табылып, жергілікті жұртты жұтатпады. Қорқыт бабаның: «Өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ. Тозбас темір жоқ – бәрі де өледі, ұмыт болады, тек мәңгі бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе адамның тірі кезіндегі жасаған игілікті ісі», – деген сөзі марқұм Әлібек Байжанұлына арнап айтылғандай әсер етті. Әлібек Сәтбаевтың ел үшін істеген жарқын істері жадымызда. Оның азаматтық болмыс-бейнесін Жұбан елі әрдайым сағынышпен еске алады.
Ғиззат Ихсан,
еңбек ардагері,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы