25.02.2021, 14:13
Оқылды: 37

Өнер көгінде қалықтаған жылдар

Филармониялар тарихы сонау XIX ғасырдан бастау алады екен. Еуропа мен Американың қалаларында (Баку, Берлин, Лондон, Мәскеу, Нью-Йорк, Санкт-Петербург және басқалары) пайда болып, олар негізінен симфониялық музыканы насихаттады. XX ғасырда Еуропаның социалистік елдерінде филармониялар мемлекеттік ұйымдарға айналды.

ABD51323-A95A-448B-BB52-3CC8CA48D963

Сондай-ақ филармония музыкалық өнердің дамуы мен насихатталуына ықпал ететін концерттер ұйымдастырумен айналысатын музыкалық қоғамдық орын немесе мекеме ретінде де өнер саласында маңызды орын алады.

Күнбатыс Қазақстандағы өнер ордасының қара шаңырағы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның құрылғанына  биыл 55 жыл толып отыр. Әңгімені әріден тарқатсақ, аталмыш өнер ордасының құрылуы, қалыптасу тарихы да өз тамырын тереңнен алады. Әу баста облысымызда халыққа мәдени іс-шаралар, концерттер ұйымдастыру мақсатында концерттік эстрада бюросы қызмет жасаған. Аталмыш ұжым соғыс жылдарында әр түрлі мәдени іс-шаралар, концерттер ұйымдастырып, халыққа қалтықсыз қызмет еткен. Бізге жеткен деректерге қарағанда, алғаш бұл ұжымның құрамында Қаратөбе өңірінің әнші қызы Нағима Әбілова мен ақжайықтық Хамен Үбанов қызмет еткен. Сол жылдары концерттік эстрада бюросы құрамында «Цирк на сцене», «Человек невидимка» және «Вечера балета» топтары қызмет жасаған екен. Концерттік эстрада бюросы бертін келе, яғни 1966 жылы жұмысын тоқтатады. Халқымыздың музыка өнерін дамыту және насихаттау мақсатында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1966 жылғы 25 қаңтардағы №6 қаулысымен облыстық филармония құрылғаны белгілі. Оның алғашқы директоры болып Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі Уәли Кәрімов, көркемдік жетекшісі болып Харьков консерваториясының түлегі Вячеслав Чувич тағайындалады. Филармония құрылған алғашқы жылдары А.Чунгулова, Е.Мерешов, Р.Табынғалиева, Г.Сахипова сықылды өнер адамдары қызмет еткен.

95DDFA86-D8D8-489B-B50A-DAD3E8DDCB7F

Облыс көлемінде музыка өнерін дамытудағы еңбегі үшін алғашқылардың бірі болып республиканың еңбегі сіңген артисі атағына Бекболат Машқанов ие болды.  

Филармонияға жетекшілік еткен У.Кәрімов (1966-1971), С.Есенәлиев (1971-1986), М.Ержанов (1986-1988) ұжымның шығармашылық деңгейінің өсуіне көп еңбек сіңірген. 1988-1992 жылдары аталмыш өнер ұжымын Мақсот Омарғалиев басқарды. Ал сонау 1992-2011 жылдары нарықтық қатынастың «ұшынып» тұрған жылдарында филармонияны Донеділ Қажымов басқарып, сол бір қиын кезеңдерден ұжымды аздырмай, тоздырмай алып шыққанын да айта кеткен жөн. Филармонияның тізгінін 2011-2015 жылдары М.Қалиев, 2015-2017 жылдары Қ.Мұсағалиев ұстаса,  2017 жылдан күні бүгінге дейін үлкен шығармашылық  ұжымды ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтің шәкірті Асхат Қажығалиев басқарады.

Осы уақыт ішінде филармония жанынан 1967 жылы «Ән қанатында», 1970 жылдары «Ұшқын», «Думан-концерт», «Жайық толқыны» жастар ансамблдері, 1984 жылы «Гүлдерайым» қыздар триосы жасақталды. Сонымен бірге 1991 жылы «Орал сазы» фольклорлық ансамлі (Түркияның Искендерун қаласында өткен XVI халықаралық фестивалінің 1997 жылы және «Ялта-2003» халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивалінің дипломанты) және «Үрлемелі аспаптар» ансамблі, 1995 жылы «Назерке» би ансамлі мен «Классика» камералық ансамблдері құрылды. Тәуелсіздігіміздің арқасында 1996 жылы филармонияға Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі берілгені ұжымды ортақ іске бұрынғыдан да жұмылдыра түсті. 2000 жылы қазақ халық аспаптар оркестрі Шамғон Қажығалиев атындағы II дирижерлер байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Оркестр сондай-ақ 2003 жылы Ресейде өткен Қазақстан күндеріне қатысып, сол жылы оркестрге дәулеткер күйші  Дәулеткерей атамыздың есімі берілді. Тап осы кезде Марат Бисенғалиевтің басқаруындағы симфониялық оркестр, 2005 жылы «Жастар» эстрадалық ансамблі, 2010 жылы «Орда» триосы құрылды.

Бүгінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы халық шығармашылығын насихаттауда, өнерді өрлетуде көшбасшылық рөлге ие.  Республика, облыс көлемінде жиі-жиі оздырылатын мәдени шаралардың филармонияның қатысуынсыз өткен кезі жоқ десек, мүлдем қателеспейміз. Сонымен қатар филармония ұжымы концерттік сапармен Алмания, Норвегия, Болгария, Түркия, БАЭ секілді алыс-жақын шетелдерде болды. Және Ресейдің Мәскеу, Самара, Саратов, Орынбор, Астрахань қалаларына барып халқымыздың ұлттық өнерін шетелдік көрермендерге талай рет паш етті.

Жер жаһанды жайлаған індет кезінде де өнер ұжымы қол қусырып отырған жоқ. Мәдени майданның алдыңғы шебінен табылды. Қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей өздерінің өнерімен қалың бұқараның көңілін көтеруден аянып қалмады. Қашықтан болса да, әсем әндерін, күмбір күйлерін жиі жолдап жатты.

Қазіргі уақытта филармонияда 180-ге тарта қызметкер еңбек  етеді. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, үш еңбек сіңірген қайраткер, екі еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, екі мәдениет қайраткері, он бір мәдениет саласының үздігі бар. Сондай-ақ республикалық, халықаралық, байқаулардың жүлдегерлері қызмет атқаруда. Кәсіби деңгейдегі мәдениет ошағының басты мұраты  ұлттық өнерді әрі қарай дамыту, артистердің шеберлігін шыңдап, халыққа қызмет етіп, өнер биігінен көріне білу болып табылады.

Енді сөзіміздің тоқ етеріне келсек, жарты ғасырдан астам уақыт халқына қапысыз қызмет етіп келе жатқан Ғ.Құрманғалиев атындағы ұжымға академиялық атақ берілсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау  деген үміт көңілден кетпейді. Оған ән абызының атындағы өнер ұжымы әбден лайық. Бұған патша көңіл оқырмандарымыз да қосылатын шығар.

Серік Абдрахманов,

Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, Ә. Қашаубаев, Ғ. Құрманғалиев атындағы республикалық әншілер байқауларының лауреаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале