Қалиолла Молдағалиев Казталовка ауданының Бостандық ауылында 1946 жылдың 20 наурызында дүниеге келген. Домбырашы бала күнінен өнерге әуес болған.
Әкесі Мәмбет домбыра тартқан, анасы ән шырқаған. Марқұм ағалары – Ғайнолла мен Шайдолла сегіз қырлы, бір сырлы болды. Шайдолла көптеген музыкалық аспаптың – мандолина, скрипка, домбыра, сырнай тілін меңгерген. Ауыл мектебінде сабақ берген. Бала Қалиолла да қолына домбыра ұстап, білім ошағындағы оркестрмен бірге аудан, ауылдарды аралап, сахнаға жиі шығатын.
1963-1965 жылдары Молдағалиевтардың отбасылық домбырашылар ансамблі құрылды. 1965 жылы Шайдолла Молдағалиев Алматыға оқу іздеп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның актер бөліміне қабылданады. Соған байланысты інісі Қалиолла Молдағалиев Бостандық ауылындағы мектеп директоры Бұлан Арыстанбекованың шақыртуымен музыка пәнінің мұғалімі болды.
– Ауыл өнерпаздары Шайсат Ғұбашев, Қадер Ғұбашев, Аманкелді Ибатов, Құлыш Ахметсапиннің әнкүйіне құлақ түріп өстім. 1964 жылы ауданның халық аспаптар оркестерінің мүшесі болдым. Сол кездегі оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері – ҚР Мәдениет қызметкері Сағит Садықов еді.
1968 жылы Алматыда өткен телерадио фестиваліне аудандық оркестр мүшелерімен қатысып, Құрманғазының «Балқаймақ» күйін орындап, лауреат атандым. 1969 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі (ВДНХ) аясында Саратов, Таллин қалаларында өнер көрсеттім, – деді Қалиолла ата.
Қ. Молдағалиев 1972-1976 жылдары Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыка училищесінің халық аспаптар бөлімінде оқыды. Училищені тәмамдағаннан кейін облыстық білім басқармасының жолдамасымен бұрынғы Тайпақ ауданы музыкалық мектебінің директоры болып тағайындалды. 1977 жылы ІІІ Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінде Түркештің «Көңілашар» күйін тартып, лауреат атанды. 1978 жылдан бастап Фурманов аудандық музыка мектебін басқарды.
Жас жігіт тынымсыз ізденуден, дүниетанымын кеңейтуден жалықпады. А. Пушкин атындағы педагогикалық институтта (қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚУ) сырттай білім алды. 1982 жылы күйші Құрманғазы Сағырбайұлын еске алуға арналған халық аспаптар оркестрлерінің конкурсында Фурманов ауданының оркестрі бірінші орын иеленді. Қалиолла Молдағалиев осы бәйгеге оркестр ұжымын тыңғылықты дайындаған еді. 1984 жылдан бастап Орал мәдени-ағарту училищесіне оқытушы, халық аспаптар бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды.
2000 жылы Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония жанынан Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі ашылды. Оркестр құрамына қабылданып, контрабас аспабында ойнады. Оған қоса ноталарды сақтау қорының меңгерушісі қызметін атқарды. 2003 жылы еңбек өтіліне 40 жыл толуына орай филармония сахнасында «Серігім менің – домбыра» атты жеке концертін ұйымдастырды. Өнер саласында жетістіктері көп.
Сан талантты шәкіртті тәрбиеледі. Ардагерден тәлім алған Б. Күзенбаев, М. Тұяқов, М. Жиенбаев, С. Карин және т. б. өнер иелері өз мамандықтары бойынша мәдениет саласында еңбек етіп жүр. Бұл кісіні «Музыка ата – Молдағалиев» десе де болады. Себебі ондаған саз аспабының тілін тауып, шебер ойнайды.
Күйшілер одағының мүшесі Қ. Молдағалиевке «Дәулеткерей Шығайұлына – 200 жыл және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне – 20 жыл» медалі, Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет белгісі» төсбелгісі, облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамотасы берілді.
Нұрлан Ғаппар