27 наурыз – Халықаралық театр күні. Бұл – сахнаны жанымен сүйетіндер мен өнерге ғашық жандардың мерекесі. Әр театрдың өз жолы, өз тағдыры бар: бірі ғасырлар тереңінен сыр шертсе, енді бірі жаңа есігін ашып, өз көрерменін тауып келеді. Солардың қатарында жас өнерпаздардың қанатын қатайтқан «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер театры бар.
«Алтын орда» – армандар тоғысатын сахна, болашақ әртістердің қанат қаққан ұясы. Мұнда әр бала рөл сомдап қана қоймай, өзін іздейді, өз өнерін дамытады, өмірдің жаңа қырын таниды. Біз театр режиссері Анар Жолдығалиевамен және болашағынан зор үміт күттіретін жас актерлермен сұхбаттасып, олардың шығармашылық әлеміне үңілдік.
Анар Жолдығалиева (суретте) үшін бұл сахна – үлкен миссия. Ол өз шәкірттеріне актерлік шеберлікті үйретіп қана қоймай, өмірді өнер арқылы тануға баулиды. Оның ойынша, балалардың бойындағы өнерді көре білу – ең үлкен жауапкершілік.
– Жасөспірімдермен жұмыс істеу оңай емес. Олар өте пысық, белсенді, әрқайсысының өз ойы, өз көзқарасы бар. Бірақ дәл осы қасиеттер театрға керек. Біз балаларды іріктеу барысында ән айту, би билеу, эмоциямен жұмыс істеу, сахнада өзін ұстау сияқты қырларына назар аударамыз. Әр баланың табиғатын зерттеп, оның болмысын ашуға тырысамыз. Себебі актердің бойындағы ең басты қасиет – шынайылық, – дейді режиссер.
Театрда 10-14 жас аралығындағы 25 бала өнер көрсетеді. Олар актерлік шеберлікті меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін дамытып, өзін жаңа қырынан танытып келеді. Бұл жер – өнерге қадам басып, болмысын қалыптастыратын ерекше кеңістік.
– Біздің әр қойылымымыз – көрерменге ой салатын, жүрекке жол табатын туынды. Балалармен жұмыс істеу арқылы жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, шығармашылық әлеуетін арттыруға тырысамыз. Қазір ұжым «Алдар көсе» қойылымына қызу дайындық үстінде. Бұл пьесаны таңдаудағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, дәстүріміздің мән-мағынасын тереңірек ашу. Ертегілерді сол қалпында ұсынудан гөрі, оларды заман талабына сай бейімдеп, жаңа реңк, тың көзқарас қосамыз. Осылайша, өткен мен бүгінді ұштастырып, көрерменге жақын дүниені сахналаймыз, – дейді Анар Берікқызы.
Ол балаларды актер ретінде ғана емес, ең алдымен жақсы адам, тұлға етіп тәрбиелеуді өзіне міндет санайды. «Бұл жерге келген әр бала тек сахнада емес, өмірде де өз жолын тауып кетсе, біз үшін сол ең үлкен жетістік!», – деді ол өз сөзінде.
Биыл аталмыш ұжым 5 жылдық мерейтойын тойламақ. Театрдың негізі Алтын орда хандығының 550 жылдығына орай қаланған. Алайда ол тек тарихи атаумен шектеліп қалған жоқ. Бүгінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, көрерменге ой салатын шығармашылық ұжымға айналды. Мұнда қойылымдар арқылы дәстүр мен тарих тіріліп, жас актерлер өнердің биік шыңына ұмтылады. Әр спектакль – өнер мен тәрбиенің, ізденіс пен шабыттың тоғысуы. Бес жыл ішінде бұл театр талантты жастардың өнер мектебіне айналды. Олар өз кейіпкерлері арқылы қазақ өнерін жаңа деңгейге көтеруге талпынады.
– Бізге келген балалар әртүрлі. Бірі ұяң, бірі батыл. Бірі сахнаға сенімді шықса, бірі алғашқы күннен-ақ қобалжиды. Бірақ уақыт өте келе олар біртұтас ұжымға айналады, бірін-бірі сахнада сезінуді үйренеді. Театр оларға ойын анық жеткізуді, эмоциясын бақылауды, ең бастысы, өзіне сенуді үйретеді. Бұл – сахнада һәм өмірде де керек қасиеттер. Бұған қоса театр көрерменсіз өмір сүре алмайды. Ал біздің көрермендеріміздің ықыласы ерекше. Көп жағдайда 300 орындық залымызда бос орын қалмайды. Кейде тіпті спектакльді тұрып тамашалайтындарды да көзіміз шалады. Сол кезде еңбегіміздің бағаланғанын, өнеріміздің шынайы сұранысқа ие екенін түсінеміз. Бізді ауыл-аймақтарға гастрольге шақырушылар да жетерлік. Бұл – өнердің халықпен үндесуі, – дейді режиссер.
«Бұл – менің арманым! Бұл – менің сахнам!»
Фархат Өмірзақ, театр актері, 11 жаста, 6-сынып оқушысы:
– Мен театрға 2023 жылдың жазында кастингтен өтіп қабылдандым. Бірақ сахнаға деген қызығушылығым әлдеқайда ертерек басталған. Екінші сыныптан бері театрға қатысқым келді. Мектеп жанындағы аула клубында үйірмеге барып жүрдім. Сол жерде алғаш рет сахнаға шықтым, бірақ көп ұзамай үйірме жабылып қалды. Ал мен тоқтағым келмеді. Өзімді дамытқым келді, нағыз сахнада өнер көрсеткім келді. «Алтын орда» маған осы мүмкіндікті сыйлады. Кастингке келгенде қатты толқыдым. Жүрегім кеудеме сыймай соғып тұрды. Дегенмен де бір нәрсені анық білдім – мен осы сахнада болуым керек. Бойымдағы барымды салып, бар өнерімді көрсеттім. Нәтижесін естігенде қуанышым кеудеме сыймады, мен театр мүшесі атандым. Бүгіндері бірнеше спектакльде ойнап үлгердім. «Алғашқы махаббатта» – Еділдің рөлін, «Менің атым Қожада» – Жантасты, ал «Алладиннің сиқырлы шамында» басты рөл – Алладинді сомдадым. Алладин – маған ерекше жақын кейіпкер. Ол да армандайды, ол да қиындықтарға мойымайды. Ол да өзінің тағдырын өзі қалыптастырғысы келеді. Мен өзімді оның орнында елестетемін, сол үшін бұл рөлді жан-тәніммен ойнадым. Театр – мен үшін жай хобби емес, өзіме сенуімнің, өзімді табуымның жолы. Бұл – менің сахнам!
Айсара Құрманғалиева, театр актері, 12 жаста, 6-сынып оқушысы:
– «Алтын орда» театрына 2024 жылдың күзінде келдім. Фархат маған: «Сенің қабілетің бар, біздің театрға келсеңші» деді. Бұл ұсыныс мен үшін күтпеген жаңалық болған жоқ. Менің сахнада болуым – заңдылық. Мен өзімді әрқашан өнер адамы деп сезінетінмін. Сондықтан кастингке барғанда еш күмәнданған жоқпын. Мен сахнаны жақсы көремін. Оның жарығын, атмосферасын, көрермендердің көзін, әр рөлдің ішінде жасырынған сан түрлі сезімді – бәрін. Менің орным дәл осы жерде екенін білетінмін. Мен үшін ең қызықты рөл – Мыстан кемпір. Көпшілік зұлым кейіпкерлерден жасқанады. Бірақ мен оларға жан бітіруді ұнатамын. Мыстан кемпір – жай ғана зұлым емес, ол айлакер, ақылды, тапқыр. Мен бұл рөлді жан-тәніммен ойнадым. Оны сомдау үшін даусымның ырғағын өзгерттім, қимыл-қозғалысын зерттедім. Мен бұл кейіпкерге өзімнің ерекше қолтаңбамды қалдырғандаймын. Мен сахнада өзімді еркін сезінемін.
Мадина Хабиева, театр актері, 12 жаста, 6-сынып оқушысы:
– Театрды жай хобби емес, болашақ мамандығым деп білемін. Мен өнер әлемінде өз орнымды табуды армандаймын. Режиссер боламын ба, әлде актриса ма? Ол жағы әлі белгісіз. Бірақ мен болашағымды дәл осы сахнамен байланыстырғым келеді. Театрға келген сәттен бастап әр қойылым мен үшін жаңа кезеңге айналды. Джиннің еркін рухын сезіндім. Жанардың нәзіктігін түсіндім. Ал тазалықшы рөлі арқылы кішкентай ұсақ-түйектің өзі қойылымда үлкен рөл атқаратынын ұқтым. Әр қойылым алдында менің жүрегім ерекше дүрсілдейді. Бірақ бұл қорқыныш емес, өнерге деген шынайы махаббаттың белгісі. Сахнаға шыққанда барлық уайым, барлық сыртқы әлем ұмытылады. Тек мен, кейіпкерім және көрермен арасындағы байланыс қалады. Театр – жай рөл ойнау емес, ол – сезіну, эмоцияны жеткізу, өзіңді ашу, көрерменге ой салу.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»