ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ХVІ халықаралық «JULDYZAI» ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Аймақтық кезеңнен іріктелген 379 жеткіншек ақтық сында бақ сынады. Ресей, Грузия, Өзбекстан және басқа да шетел қатысушылары белсенділік танытты.
ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореография академиясы, сондай-ақ Қазақстанның Азаматтық Альянсы, БАҚ және BI GROUP холдингінің қолдауымен өткізілген фестивальде біздің өңірдің өрендері табысты өнер көрсетті.
«Вокал» аталымы бойынша облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Диана Сарманова I орын (суретте) (үлкен топ, жетекшісі Р. Искакова) иеленді. «Хореография» аталымы бойынша зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы кешен мектеп-интернат-колледждің оқушысы Азат Латипке III орын (кіші топ, жетекшісі А. Амандықова) бұйырды. «Аспапта орындау» аталымы бойынша облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Мөлдір Базарбай I орынға (кіші топ, жетекшісі Л. Нигмаш) қол жеткізді. «Ымишаратпен ән айту» аталымы бойынша облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың «Трио» ансамблінің мүшелері – Азамат Сайфетден, Анастасия Тимошенкова, Данил Слуцский (үлкен топ, жетекшілері – И. Семенова, Ж. Ихсанова) I орынды жеңіп алды. Осы аталым бойынша облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Зарина Бибалина III орынды (кіші топ, жетекшісіИ. Семенова) місе тұтты. Облыс намысын қорғаған басқа да қатысушылар дипломант атанды.
Жеңімпаздарға кубок, диплом, сыйлықтар және жетекшілерге алғысхаттар табысталды.
Жәния Сәрсенғалиева,
Орал қаласы