Оралда тұратын Иса Ержанов бұдан 5 жыл бұрын аумағы 25 шаршы метр гаражында өз кәсібін бастады. Қазіргі кезде мыңдаған шаршы метр аумақта өндірісін өркендетіп отыр.
Оралда шығарылған құрастырмалы үстелдерге тіпті Ресей, Беларусь елдерінен де тапсырыс түседі. Иса Қаныбекұлы өз кәсібін 2019 жылы бастады. Сол жылы 2 млн 600 мың теңге көлемінде мемлекет грантын ұтып алып, сәндік бояу цехын ашты. Сөйтіп көліктерді сәндеп, бояумен (тюнинг) айналысты. Арасында жиһаздың құрылымдық бөлшектерін бояуға тапсырыстар алатын.
– Біздің қалада жиһаздың бөліктерін бояйтын, білікті дәнекерлейтін орындардың жоқ екендігін білдік. Пандемия кезінде сәндік бояуымыз ешкімге керек болмай қалды. Содан жиһаз жасауға ден қоя бастадық. Бастапқы кезде темірден дәнекерлеп жасайтынбыз. Ол кезде жеке дизайн, жобалармен жұмыстандық. Қонақүй, мейрамхана, сауда орындарының тапсырыстарын орындаумен болдық. Осылай үш жыл жұмыс істегеннен кейін, жиналмалы үстел өндірісіне ден қойдық, – дейді әңгімесінде жас кәсіпкер.
Осылайша ісі өрге тартқан кәсіпкерлік 2023 жылдан бері жиналмалы үстелдер жасауға толықтай көшті. Көп орын алмайтын, қажет кезінде құрып, басқа уақытта жинап қоюға болатын «трансформер» үстелдерге тапсырыс берушілер күн санап артып келеді. Бастамада кәсібін бір ғана дәнекерлеу цехынан бастады. Қасында бір жұмысшы ғана болды. Бірақ өзі білмейтін саланы зерттеп, алға ұмтылған, көкірегіне түйгені мол жас адам өзін дамыта отырып, оған қоса кәсібін де өрге сүйреді.
– Еліміздің батыс өңіріндегі жиналмалы үстелдердің ең ірі өндірісі санатындамыз. Ірі жиһаз салондарымен жұмыс істейміз. Маркетплейстер, каспи, озон интернет сауда желісі арқылы шетелдерге, мысалға, Беларусь еліне сатудамыз. Бүгінде жиналмалы жиһаз цехында 25 адам жұмыс істейді. Өндіріс көлемі күн санап артып келеді. Егер былтыр айына 20-30 үстел жасалса, қазір аптасына 100 үстел шығарылады. Өндірістегі барлық технологиялық үрдісті өзіміз атқарамыз, – деді «ИМАР» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Иса Ержанов.
Кәсіпкер жиналмалы үстелдерді ламинадталған ДСП, яғни ағашты-жоңқалы тақталардан және МДФ, яғни жұқа ағаш тақтайшаларынан жасайды. Кәсіпкерліктің облыс орталығында өз сауда нүктесі бар.
Мемлекет қолдауы арқасында өндірісті өрге бастырған Ержан секілді кәсіпкерлер өңірімізде аз емес. Тек 2024 жылдың өзінде кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына Батыс Қазақстан облысында 3 млрд теңге қарастырылған. Биыл да бұл мақсатқа қаралған қаражат сол деңгейде.
БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша, бүгінде өңірімізде 59 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
Осы кәсіпкерлік субъектілерде 130 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 1,2 трлн теңгеге өнім шығарды. Жалпы, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі былтыр 36%-ға жетті. Өңір кәсіпкерлері өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 773 млрд теңгенің тауарын шығарып, қызмет көрсетті. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 2029 жылға дейін 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»