Бүгін күллі қазақ халқы биылдан бастап тойлауға кіріскен Наурызнама онкүндігінің алғашқы мерекесі саналатын - Көрісу күнін атап өтуде. Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен өңір басшысы Нариман Төреғалиев айтулы мерекеге орай Орал қаласының тұрғыны, тыл ардагері, «Еңбек Ері» медалінің және «Алтын алқа» иегері Жәмиля Кенжеғалиеваның шаңырағында болып, кейуанамен көрісті.
- Көрісу күні - қазақ халқында жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін, адамдардың бір-біріне, отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейтін күн. Бүгін ата дәстүрімізді жандандырып, өнегелі, рухани құндылықтарды терең ұстанған, қазыналы көпбалалы отбасыңызға ыстық ықыласымды білдіремін. Сіздерді Ақжайық өңірінде тамыры тереңге жайылған ұлағатты отбасы деп танимыз. Ұрпақтың тамырын тәрбиенің таза шырынымен сусындатып отырған сізге қазыналы күш-қайратыңыз еселене түссін демекпін. Бәйтеректей кеңінен жайылған мәуелі отбасыңыздың берекесі ортаймасын, құт пен ырыс болсын әрдайым! Сіз біздің ұлтымыздың айнасысыз. Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, бақыт тілеймін! Жанұяңызда әрдайым осындай береке-бірлік, ынтымақ пен жылулық болсын, - деді облыс әкімі Н.Төреғалиев.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жәмиля әже бүгінде 8 ұл-қыз өсіріп, содан 28 немере, 70 шөбере, 8 немене сүйіп отыр. Әжей 1925 жылы 3 ақпанда Сырым ауданы Қособа ауылында дүниеге келген. Еңбекке 15 жасынан ерте араласқан. Саналы ұрпағына тәрбие беріп, Алла жазса келер жылы ғасыр тойын тойлағалы отырған әже әлі тың.
Өңір басшылығы атынан өзіне көрсетілген құрметке риза болған батыр ана ақ батасын арнап, елдің тыныштығын, ұрпақтың амандығын тілейтінін жеткізді.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz