24.04.2018, 19:06
Оқылды: 53

Өңір делегациясы Ассамблея сессиясына аттанады

IMG-20180424-WA002028 сәуірде Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясына облыстан 32 адам қатысатын болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен өтетін брифингте БҚО әкімі аппараты "Қоғамдық келісім" КММ басшысының орынбасары Жамал Иxсанова мәлімдеді.

Сондай-ақ «БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы және Ассамблеяның 26-шы сессиясына қатысу» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатына Орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Сергей Погодин, Бөрлі аудандық кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ан қатысты.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев наурыз айының соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясын шақыру туралы Өкімге қол қойған болатын. Сол уақыттан бастап тиісті шаралар ұйымдастырылып, сессияға баратын делегация құрамын анықтау жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың 16 сәуірдегі №76 өкіміне сәйкес делегеттар құрамы жасақталды. Соған орай БҚО ҚХА төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов бастаған, 16 облыстық этномәдени бірлестіктің төрағалары, ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері өкілдері, белсенді кәсіпкерлер мен жастардан құрылған 32 адам 27 сәуір күні Астанаға аттанатын болады. Сонымен қатар біздің өңір атынан сессияда сөз сөйлейтін, концерттік бағдарламада өнер көрсететін өнерпаздар таңдалды. Біздің өңірден баратын өнерпаздарының құрамында Ел тәуелсіздігінің 20 құрдасы бар. Олар Астана сахнасында өз өнерлерін көрсететін болады, -деді Жамал Сағынғалиқызы.

Бұдан соң спикер облыс ассамблеясы тарапынан қолға алынып жатқан игі істер, 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнін облыс көлемінде атап өту туралы айтып өтті.

- Қазақстан халықтарының бірлігі күніне дайындық жұмыстары өз дәрежесінде ұйымдастырылуда. Достық алаңында өтетін мерекелік шарада өңірдегі мемлекеттік органдардың, мекеме-кәсіпорындардың, қоғамдық бірлестіктердің, жеке ұжымдардың жұмысшыларынан құралған шеруімен мерекелік концерт ұйымдастырылмақ. Бұл шараға облыс орталығының 10 мыңнан астам тұрғыны қатысатын болады,-деді Жамал Ихсанова.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале