Таяуда облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Ақжайық әдебиеті» атты іс-шара өтті. Өңір қаламгерлерін марапаттау мақсатында оздырылған кешті Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы ұйымдастырды.
Іс-шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, мемлекеттік сыйлықтың иегері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облысы филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облысы филиалының директоры, ақын Қойшығұл Жылқышиев, эпик жыршы Берік Жүсіпов, белгілі әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев қатысты.
– Ғұлама Ғұмар Қараш, талантты Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, отан үшін отқа түскен Абдолла Жұмағалиев, Жұбан Молдағалиев секілді қарымды қаламгерлерді дүниеге әкелген Ақжайық топырағындағы ақын-жазушылар өңір руханиятының дамуына үлес қосып келеді. Елімізге белгілі өнер иелерін төрімізден көру – зор қуаныш. Осындай іс-шаралардың көп өткізілуі – тәуелсіздігіміздің арқасы. Бүгін тынбай ізденіп, халықты көркем туындыларымен қуантып жүрген біраз қаламгер марапатталатын болады. Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, – дей келе Ғали Нәжімеденұлы Жұбан Молдағалиев атындағы сыйлықты Бауыржан Бабажанұлы мен Үзілдік Елеубайқызына, Қадыр Мырза Әли атындағы сыйлықты Ұлдай Сариева мен Талғат Мықиға, Жанғали Нәбиуллин атындағы сыйлықты Алпамыс Бектұрғанов пен Талап Таймасұлына, Бақтығұл Ойшыбаев атындағы сыйлықты Мүсірбек Айташев пен Энгельс Шыңғалиевке табыстады және Ақұштап Бақтыгерееваны, Шолпан Қыдырниязованы, Дариға Мұштанованы, Есенжол Қыстаубаевты, Ғайсағали Сейтақты, Бауыржан Ғұбайдуллинді, Мира Шүйіншәлиеваны, Қобылан Қуановты, Мұнайдар Балмолданы, Айбол Исламғалиевті алғысхатпен марапаттады.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет БҚО филиалының бір жыл ішінде біраз игі істі атқарғанын айтып, облыс қаламгерлеріне сәттілік тіледі.
– «Айналайын, Ақжайық, ат салмай өтер күн қайда?!» деп бала кезімізден жаттап өскен киелі, қасиетті Жайықтың жағасындағы қалаға келіп тұрмыз. Әр нәрсе көзқарасқа байланысты. Ғали Нәжімеденұлының мәдениет саласындағы бастамаларды жиі қолдайтынын байқаймыз. Өңірлерде жақсы ақындар өсіп келеді. Кейінгі кездері жастарды одаққа мүшелікке қабылдап жүрміз. Кезінде мен Жұбан Молдағалиевтің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алғанмын. Біз жастарға қашанда қолдау көрсетуіміз керек, – деген Ұлықбек Оразбайұлы «Ақын Жанғали Нәбиуллинге – 85 жыл» төсбелгісін ақынның жары Ағиба Ғинаятқызына табыстап, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ Айтқали Нәріков пен Қазыбек Қабжановқа халықаралық «Алаш» сыйлығын табыстады. Зәкәрия Сисенғали, Махмет Қажиахмет, Сағынтай Бисенғалиев, Дариға Нұрашева, Асантемір Қаршығаұлы, Ертай Бимұханов, Бауыржан Ширмединұлы және Марлен Ғилымхан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанса, Жәнібек Әбілпейісов, Қуаныш Амандықов, Нұрлан Сәдір, Сыйлыхан Жұмасалық, Мейрамбек Сыдықов, Әнуар Аманжолов, Дәурен Шамұратов, Меңдібек Лұқпанов, Әділет Орынбасаров Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының алғысхатына ие болды.
– Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Өзінің ақыны мен жазушысын құрметтеген ел озады. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Өркениетке жетудің жолы – өнерді бағалау» деген болатын. Мемлекет басшысы өңірлердегі әдебиетті дамытуға баса назар аударып отыр. Ақжайықта да ақын-жазушы көп. Алдағы уақытта қаламгерлердің шығармашылығын дамытуға арналған жобалар жалғасын табады, – деді Нұрғиса Дәуешов. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың «Құрмет» грамотасы Сәрсенғали Бисенғалиевке, Шадыра Шамұратоваға, Шерхан Талапқа, Асылан Тілегенге берілді.
Дәулеткерей Кәпұлы күні кеше ғана «Нұр-Сұлтан кітапханасы» сериясымен баспадан буы бұрқырап шыққан 30 ақын-жазушының кітабын Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалына тарту етіп, келесі жылы Батыс Қазақстан облысындағы 30 ақын-жазушының кітабы қатар шықсын деп ізгі ниет-тілегін білдірді.
«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиал төрағасы Айдар Батырханов Амангелді Шахинге, Назгүл Кәрімоваға, Мәлік Бердәліге «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыстады.
Іс-шара соңында Махмет Қажиахметтің «Дала демі», Бауыржан Ширмединұлының «Қалаға хат» кітаптарының тұсауы кесілді.
– Бұл іс-шарада қаламгерлердің еңбегі бағаланды. Облыс әкімдігіне, кешке демеушілік танытқан Сырым және Ақжайық ауданының әкіміне, Кемелбек Қойшыбаевқа, Мұратбек Мұхамедиевке, Саламат Сертековке алғыс білдіремін, – деді Бауыржан Халиолла.
Жалпы бір жыл уақыт ішінде Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы біраз жұмыс атқарды. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында редакция жасақталып, баспаханаға жол тартатын өнімдер дайындалды. Мүсірбек Айташевтің «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» кітабы оқырманға жол тартып, Сырым ауданында тұсаукесері өтті. Махмет Қажиахметтің «Дала демі», Қазыбек Құттымұратұлының «Армантау», Бауыржан Ширмединұлының «Қалаға хат» кітаптары да аталмыш редакцияда дайындалды.
Жайық өңірінің әдеби-мәдени жаңалықтары, ақын-жазушылардың шығармашылық жетістіктері әлеуметтік желіде филиал парақшасы арқылы жалпақ жұртқа жарияланады. «Орал өңірі» газетінде Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының логотипі таңбаланған «ÁDEBIET ÁLEMİ» айдары жергілікті жас ақындарға арналды. Жастардың өлеңдері республикалық «Үркер» журналына да шықты. Бірқатар ақынның өлеңі «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. «Жұлдыз» журналыны 40 беті Батыс Қазақстанның қаламгерлеріне арналса, «Ақжайық» телеарнасындағы «Алдаспан» бағдарламасында ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы көпке насихатталып жүр.
Сөз ұстаған жерлестерімізді сөз түсінетін оқырмандармен қауыштыру – одақ филиалының басты мақсаты. Осы орайда Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына арналған «Қазақтың Қадыры» атты облыстық мүшәйраның жүлдегерлері Айбол Исламғали, Бауыржан Ширмединұлы, Марлен Ғилымхан, Мейрамбек Сыдықов және Әділ Ахметовпен онлайн форматта кеш өтті. Жұбан Молдағалиевке арналған «Алаштың асыл ардағы» атты аймақтық-республикалық мүшәйраның жеңімпаздары Бекболат Қаленов пен Абылайхан Мақсұтовпен сұхбат жүргізілді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақтөбелік ақын, сазгер Талғат Тілеулеспен «Тамырлас елдің Талғаты» және қаратөбелік ақын Жандос Әмірғалимен «Шалқытып шабыт самалын» атты кездесу кештері ұйымдастырылды.
Қаламгерлерге шығармашылық серпіліс сыйлау үшін бірқатар одақ мүшелеріне «Ақжайық» шипажайына бір апталық жолдама берілді. «Шабыт сыйлаған шипажай» атты кездесу кешінде Айтқали Нәріков, Алпамыс Бектұрғанов, Дариға Мұштанова, Амангелді Шахин «Ақжайықта» оқырмандармен жүздесті. Филиал өңіріміздегі ақын-жазушылардың бәріне «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетін жаздырды. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz