2.01.2026, 15:00
Оқылды: 149

Өңір қаламгерлері өткен жылды түйіндеді

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және  өнер  орталығында  руханиятқа  серпін  берген  мазмұнды кездесу  өтті.  Қазақстан Жазушылар  одағының  Батыс Қазақстан  облысындағы  жергілікті мүшелері бас қосқан  бұл шара ескі  жылды  түйіндеп, жаңа  жылға  жаңа  күш-жігермен  қадам  басуға  арналды.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.55.09 (1)

Жиынның шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының жетекшісі Бауыржан Ғұбайдуллин бір жыл бойы атқарылған жұмыстарға  тоқталды.

– Ескі жыл мен жаңа жылдың тоғысында сіздермен жүздесіп отырмыз. Өткен жылға шүкіршілік етіп, Жаңа жыл әрқайсыңызға қуаныш пен шығармашылық табыс әкелсін деп тілеймін. Өткен жылы өңір әдебиетінде бірқатар игі бастама жүзеге асты. Көрнекті ақын, ойшыл-философ Ғұмар Қараштың мерейтойына орай Жәнібек ауданы әкімдігімен бірлесіп мүшәйра өткіздік. Сондай-ақ Қазақстанның халық жазушысы, ірі эпик ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына байланысты жоғарғы сынып оқушылары арасында эссе байқауын, ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына орай жас ақындар арасында мүшәйра жарияладық. Екі байқаудың қорытындысы да мұғалімдердің өтінішімен  наурыз мерекесі қарсаңында анықталады. Өңір басшысы тарапынан қаламгерлерге көрсетілген қолдау да көңіл қуантады. Қазақстан Жазушылары одағының Батыс Қазақстан облысында тұратын бес мүшесі облыс әкімінің қолдауымен «Ақжайық» шипажайында он күн тегін демалып қайтты. Сондай-ақ Орал қаласында тұратын екі ақын-жазушы Алматы қаласының маңындағы Алатау баурайындағы «Көктем» шипажайында ем алып, денсаулықтарын нығайтып келді. Өткен жылы ұйымдастырылған жоғарыда атап өткен танымал тұлғаларымыздың атаулы күндеріне қоса, белгілі жазушы Сайымжан Еркебаев, қайраткер ақын Айсұлу Қадырбаева сынды әдебиетіміздің әлеуетті өкілдерінің мерейтойлық іс-шараларына жергілікті ақын-жазушылар белсенді қатысты. Ұзақ жыл бойы әдебиет пен журналистика саласында қажырлы еңбек еткен оралдық ақын, бірнеше поэзиялық және деректі прозалық жинақтың ауторы Айтқали Нәріков  «Парасат» орденіне, әдебиет пен журналистика саласындағы нәтижелі еңбегі үшін Мира Шүйіншәлиева «Құрмет» орденіне ие болды. Бұл марапаттар  өңір әдебиетінің мерейін үстем еткені рас. Жалпы өткен жылы ұйымдастырылған әдеби кештер, мерейтойлық шаралар мен шығармашылық кездесулердің барлығы өңір әдебиетінің дамуына серпін беріп, әдеби ортаның тынысын кеңейтті деп ойлаймын, – деді Бауыржан Файзоллаұлы  өз  сөзінде.

2025 жыл  Ақжайық өңірінің қаламгерлері үшін табысты да мазмұнды жыл болды. Облыс әдебиетінің жас өкілдері елдік деңгейдегі мемлекеттік марапаттарға ие болып, өңір руханиятының мерейін үстем етті. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жас әрі талантты ақын Мәрлен Ғилымхан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын иеленді. Ал «Сырым елі» газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмедин драматургия саласы бойынша Президенттің жас ақын-жазушыларға арналған арнайы сыйлығына қол жеткізді. Сондай-ақ жас ақын Меңдібек Лұқпанов Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Қазақстанның әдеби-танымдық бағдарламасы» жобасына қатысып, «Кешіккен көктем» атты тұңғыш кітабын жарыққа шығарды.

Кездесуде сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев қаламгер қауымды Жаңа жылмен құттықтап, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің сәлемін жеткізді. «Қадыр орталығы осындай рухани басқосулар үшін арнайы салынғандай. Бүгінде еліміздің өзге өңірлері бізге қызыға да, қызғана қарайды. Былтыр ғұлама ғалым Ғұмар Қараштың 150 жылдығы, қазақтың көрнекті ақындары Қадыр Мырза Әлидің 90, Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы мен майдангер ақын Абдолла Жұмағалиевтің 110 жылдығы облыста жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл – сөз өнеріне деген құрметтің айқын көрінісі», – деді Қуанышбек  Жанболатұлы.

Жиынның маңызды сәттерінің бірі – Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті мүшелеріне облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің арнайы стипендиясының табысталуы болды. Бұл – өңірдегі шығармашылық иелеріне көрсетілген нақты қолдаудың айғағы.

Келесі кезекте сөз алған Ақжайық өңірінің абыз ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Орал қаласының құрметті азаматы Айтқали Нәріков қаламдас әріптестерін табысты жылмен құттықтап, әдебиеттегі адалдық пен жауапкершілік  жайлы  ой  қозғады.

Өткен жылы өңір ақын-жазушылары Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілі Бауыржан Ғұбайдуллиннің ұйытқы болуымен жыл бойы 40-тан астам елді мекенді аралап, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, көркем әдебиетті кеңінен насихаттауға зор үлес қосты. Бұл игі бастамалар мен шығармашылық жетістіктер Ақжайық өңіріндегі әдеби өмірдің қарқынды дамып келе жатқанын айқын  аңғартады.

Жиында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының хатшысы Бауыржан Халиолла Бауыржан Ғұбайдуллинге облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын табыстап, оның өңір әдебиетін дамыту жолындағы  қажырлы  еңбегін  атап  өтті.

Тағы бір маңызды сәт – Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Мереке Құлкеновтың бұйрығы оқылып, одақтың облыстық бөлімшесіне еді Дариға Мұштанова жетекшілік ететіні мәлім болды. Бұл жаңалықты өңір қаламгерлері жылы қабылдады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қазбек Құттымұратұлы мен ақын-журналист Дариға Нұрашева қаламгерлердің көшін бастап, біраз іс атқарған Бауыржан Ғұбайдуллинге алғыс білдіріп, жаңа жетекші Дариға Мұштановаға  сәттілік  тіледі.

Тағылымы терең бұл басқосу қаламгерлер арасындағы бірлікті бекемдеп, өңір руханиятына тың серпін берері анық. Өйткені әдебиетке құрмет көрсетілген жерде ұлт рухы асқақтап, сөздің салмағы мен жауапкершілігі  арта  түсері  сөзсіз.

Гүлжамал  Кенжеғалиева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале