23.04.2020, 10:27
Оқылды: 30

Өңір үшін маңызды жобалардың атқарылу барысы талқыланды

Облыс көлемінде жүргізілетін кез келген құрылыс жұмыстары уақтылы басталып, мерзімінде аяқталуы тиіс. Салынатын әлеуметтік маңызы бар нысандар немесе төселетін жолдардың сапасы қатаң қадағалануы керек. Сапаға қоғамдық бақылау жүргізуші комиссияның құрамына кейін сол нысанды немесе жолды тікелей пайдаланатын тұлғалар мен құрылыстан хабары бар адамдар енгізілуі қажет. Республикалық және облыстық маңызы бар күре жолдар бойында инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалып, кемпингтер санын арттырып, құрылыс жұмыстарына жергілікті өнімдер қолданылуы тиіс.

6FFC43FE-B02A-4F4B-83E4-131F442A4439

Өткен жылы басталған және биыл іске асырылатын құрылыс жұмыстарының жай-жапсары туралы өткен жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев осылай мәлімдеді.

F5368B26-E89F-441D-B344-EA343E7A8130

Онлайн түрінде өткен кеңеске облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов пен өңірдегі құрылыс саласына жауыпты бірқатар басқармалардың басшылары қатысты.

 Мыңнан астам тұрғын баспанамен қамтылады

Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мемлекеттік бағдарламалар арқылы өңірімізде салынып жатқан тұрғын үй құрылыстары туралы ақпарат берді.

583A48AC-2D18-4612-9B50-A2A8AA3A8B3E

Оның мәлімдеуінше, биыл облысымызға сату құқығынсыз арендалық тұрғын үй салуға республикалық бюджет есебінен 3,4 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 2,2 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Бөлінген қаражат есебінен облыс орталығынан үш, Ақсай қаласынан бір көпқабатты тұрғын үйлер мен аудан-ауылдардан 94 үй салу жоспарланған. Құрылысы жүргізіліп жатқан 943 пәтерлі тұрғын үйлердің жыл соңына дейін 643-ін пайдалануға беру көзделген. Атап айтқанда, Орал қаласынан екі көпқабатты, Ақсай қаласынан 126 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуы керек. Сонымен қатар Сырым, Қаратөбе аудандарнан бой көтерген 68 үйді пайдалануға беру межеге алынған.  

-Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 484,9 мың шаршы метр баспана құрылысын аяқтау жоспарланған болса, соның 27,6 мың шаршы метрі арендалық, 50 мың шаршы метрі әлеуметтік-несиелік тұрғын үйді құрайды. Әлеуметтік-несиелік тұрғын үйлердің құрылысына республикалық бюджеттен 15,8 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 4 млрд. теңге қаражат бөлінді. Аталған қаражат есебінен Орал және Ақсай қаласынан 16 көпқабатты 2215 пәтерлі тұрғын үй, аудан-ауылдардан 240 пәтерді құрайтын 40 тұрғын үй салу жоспарланды. Жыл соңына дейін облыс орталығынан алты, Ақсай қаласынан бір көпқабатты тұрғын үй және Теректі ауданына қарасты Тоқпай ауылынан 20 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жыл қорытындысымен 1187 пәтер «Тұрғынүйжинақбанкі» салымшыларына беріледі деп күтілуде. Өткен жылы 581 пәтердің құрылысы аяқталған болса, биыл 1067 пәтерді тапсыру көзделген,-деді Әлібек Антазиев.

Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы білім беру саласы бойынша төрт мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың салынуына 6,3 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Жыл соңына дейін үш мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Олардың қатарында Орал қаласындағы 900 орындық №51, 300 орынға есептелген №33 мектеп және Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылындағы 300 орындық мектеп бар. Ал Казталов ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы келер жылы аяқталады деп күтілуде.

-Өңір халқын сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары да басты назарда. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы 217 елді мекен таза ауыз сумен қамтылған. Жалпы облыс тұрғындарының 86,5 %-ы сапалы ауыз суға қол жеткізді. Биыл да бұл мақсатқа 6 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бүгінде 25 елді мекенде 17 су тазарту нысандарының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін өңір тұрғындарының сапалы сумен қамтылу деңгейін 88,2%-ға жеткізу көзделіп отыр,-деді Әлібек Сайынұлы.

Басқарма басшысы сондай-ақ облыс көлеміндегі «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан 23 жобаға және «КПО б.в» компанияның қаражаты есебінен қолға алынған төрт жобаның атқарылу барысына тоқталды.

 Жүздеген шақырым жол жөнделмек

Биыл облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарына 8,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде күрделі жөндеу жұмыстарына 4,9 млрд. теңге, орташа жөндеуге 2,086 млрд. теңге, ағымдағы жөндеуге 1,5 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Бұл туралы онлайн жиында сөз алған «ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО филиалының директоры Еркебұлан Жұманов мәлімдеді.

6E3CAF9E-6E34-465D-AB57-5829F19C96F3

-Биыл 32,5 шақырым жолды күрделі жөндеуден, 76 шақырым жолға орташа жөндеу  жұмыстарын жүргізу жоспарланды. «Чапаев-Жалпақтал-Казталовка-РФ» бағытындағы 14 шақырым жолдың құрылысын аяқтап, жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайтын жол пайдаланылуға беріледі деп күтілуде. Бұл бағыттағы жол құрылысының қаражаты толықтай берілді. Қазіргі таңда жауапты мердігер компания жол салуға қажетті құрылыс материалдарының қорын жинақтауда. Сонымен қатар «Казталовка-Жәнібек-РФ» бағытындағы жолдың 9,5 шақырымы күрделі жөндеумен қамтылған. Аталған жол құрылысын үш мердігер компания атқаруда. Ал «Өнеге-Бисен-Сайхин» бағытындағы жолдың биыл тоғыз шақырымы салынбақ. Жол құрылысы жұмыстары мамыр айында толыққанды басталмақ. Оңтүстік аудандарға жол салу жұмыстарын жеделдету мақсатында республикадан қосымша қаражат сұрату шаралары атқарылуда,- деді Еркебұлан Бақытжанұлы.

Филиал директорының айтуынша, биыл «Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ» бағытындағы жолдың 40 шақырымы, «Самара-Шымкент» күре жолының 35,6 шақырым жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Облыстық жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шакаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл «Барбастау-Ақжайық-Индер» тас жолының 50 шақырымы күрделі жөндеуден өтпек. Екі жылға есептелген жол құрылысына  6,7 млрд. теңге қажет бөлінген болса, биыл аталған жұмысты бастауға 826,2 теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты бағытындағы жолдың күрделі жөндеуіне 2,8 млрд.теңге қаражат бөлінген. Жыл қорытындысымен 20 шақырым жол жөнделіп, пайдаланылуға тапсырылады. Сонымен қатар «Орал-Кирсанов» бағытындағы жол құрылысына 393 млн. теңге, «Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ» бағытындағы жолға орташа жөнду жүргізуге 2,9 млрд. теңге қаржы бөлінген.

-Ақжайық ауданына қарасты Жайық, Алғабас, Ілбішін ауылдарының кірме жолдарына күрделі жөндеу, Жаңабұлақ ауылының кірме жолына орташа жөндеу жүргізілетін болады. Сондай-ақ Байтерек ауданындағы «Переметный-Цыганова», «Переметный-Вечный», Жәнібек ауданындағы «Жәнібек-Таловка-Кіші өзен» автожолдарына және Ұзынкөл ауылына кіреберіс жолын орташа жөндеу көзделуде. Сондай-ақ Сырым ауданындағы Тоғанас, Тасқала ауданындағы Мерей, Теректі ауданындағы Новопавловка ауылдарының кіреберіс жолдары жаңғыртылмақ. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 34%-ға жеткізу көзделіп отыр,-деді Медет Махамбетұлы.

 Жиырма бір елді мекенге газ жеткізіледі

Онлайн режимінде өткен жиынға қатысқан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Рүстем Закарин де өз саласында атқарылған және жоспарланған жұмыстарға тоқталып өтті.

82884F9B-87FE-48C4-8FB2-665C5730BC67

Оның мәлімдеуінше, биыл аталған салада 54 жобаны жүзеге асыру мақсатында 9 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бөлінген 4,2 млрд. теңге қаражатқа 45 жоба жүзеге аспақ. Аталған жобаларды жүзеге асыру кезінде 1033 адам жұмыспен қамтылса, оның 350-і еңбекпен қамту орталықтарынан алынбақ.

Ірі жобалардың қатарында 164 шақырымға газ құбыры тартылып, Теректі ауданында 11, Ақжайық аудандарындағы 10 елді мекендерді көгілдір отынмен қамту бар. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында екі ірі жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ көпқабатты үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасы аясында жеті тұрғын үйдің шатырын ауыстырып, Орал және Ақсай қалаларындағы көпқабатты үйлердің жеделсатыларын жөндеу жұмыстары бар. Сонымен қатар облыста жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын кәріз желілерін жөндеу және қалпына келтіру жоспарланған. Қазір Зашаған кентіндегі және Шолохов көшесіндегі желілерді жөндеу жұмыстары атқарылуда. Орал қаласындағы жылу электр отралығын жаңғырту жұмыстары да жалғаспақ.

 Құрылыс сапасы қатаң бақылуға алынады

Жиынды түйіндеген өңір басшысы аталған жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму үшін маңызды екендігін атап өтіп, оларды жүзеге асыру облыстық басқарма басшыларының тікелей жауапкершілігінде екендінгін айтты.

-Биылғы жылы өңірдің дамуын бағытталған «Бизнестің жол картасы-2025», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен айтарлықтай қаражат бөлінді. Бүгінгі жиында айтылған атқарылуға тиісті жобаларға әр басқарма басшысы тікелей жауапты боласыздар. Елдегі жағдайға байланысты құрылыс материалдарын жеткізуде аздаған қиындық туындап жатыр. Бұл түйіткілдің де алдын алуымыз керек. Өзімізде жетіспейтін құрылыс материалдарын көршілес облыстарда алудың жолдарын ертерек қарастырғанымыз жөн. Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет. Әр жобаны, әр құрылысты немесе қайта жаңарту жұмыстарының уақытылы басталып, мерзімінде сапалы аяқталуын қатаң бақылауда ұстауымыз қажет. Жүргізілген әрбір құрылысқа қоғамдық бақылау болуы керек. Олардың қатарында сол құрылыстың тиісті деңгейде салынуына мүдделі адамдар болуы шарт. Мысалы, мектеп құрылысы жүргізлетін болса оның болашақ директоры, сол мектепте білім алатын балалардың ата-аналары қоғамдық бақылау комиссиясының құрамына енгізілуі қажет. Керек болса олардың қолына құрылысты бақылауға арнайы рұқсат қағаз да беріңдер. Сапаны тексеруге құзыретті мекемелер де бұл істен шет қалмаулары керек. Өткен жылы құрылысы жүретін күре жолдардың бойынан көліктер мен жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін кемпингтер санын арттыруды тапсырған болатынмын. Тіпті, қай жерлерден салу керектігінде нақты көрсетіп бердім. Бүгін сіздердің баяндамаларыңыздан бұл бағыттағы атқарылған істер туралы бірде-бір мәлімет естімедім. Соларды салатын инвесторларды ізеу, тарту бағытында неге жұмыстанбайсыңдар? Кемпинг салуға ниетті кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар жер сұрап неге менің қабылдауыма келулері керек? Құзырлы мекеме басшылары осы жұмыстарды жүзеге асыру бағытындағы атқарылып жатқан істер турасында апта сайын есеп беріп отырасыздар. Тиісті жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды өзімнің орынбасарым Тимуржан Шакимовке тапсырамын,- деді Ғали Есқалиев.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале