20.07.2020, 18:22
Оқылды: 33

Өңірдегі карантиндік шаралар індеттің «жолын кесу» үшін жасалуда

Бүгінде облыстағы кейбір кәсіпкерлер сауда орындарының жұмысының тоқтауына наразылықтарын білдіруде. Олар әлеуметтік желілерде «біздің облыста ғана осындай шектеулер енгізіліп, нысандардың жұмысы тоқтатылды» деген де уәж айтып жүр. Тұрғындардың пікіріне облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев баспасөз мәслихатында жауап берді.

IMG-20200720-WA0058

Оның сөзінше, әр облыстағы қатаң карантиндік шаралар провизорлық және жұқпалы аурулар ауруханаларға науқастардың қаншалықты толығуына байланысты енгізіледі.  Бүгінде облыстағы бұл көрсеткіш 74-75 пайызды құрап отыр. Сондықтан қатаң карантиндік шаралар мен шектеулер сақталуда.

– Біздің өңірдегідей карантин шаралары, шектеулер еліміздің өзге аймақтарында да қолданылуда. Біз ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жергілікті жердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қатаң карантин талабын енгізе аламыз. Жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жазғы дәмханалар жұмысының тоқтауына да қатысты шағымдар айтылып жүр. Қаулыға сай жазғы дәмханалар тапсырыс жеткізіп беру арқылы жұмыс істей алады. Айта кету керек, ашық базарлар жұмыс істегенімен, оның аумағындағы павильондардың қызметі тоқтатылды. Ал аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда үйлері тапсырыс жеткізіп беру арқылы жұмыс істейді. Өңірдегі карантиндік шаралар індеттің «жолын кесу» үшін жасалуда.

Қазір облыста мониторингтік топтар жұмыс істеуде. Олар санитариялық-дезинфекциялық режімді бұзғандарды анықтайды. Режім тәртібін бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жаза тағайындалады. Бүгінде Орал қаласы бойынша 5 нысан, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Теректі аудандарында жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер жауапқа тартылуда. Өңірде шектеулер енгізіп, індеттің алдын алуға бағытталған шаралар алынуда. Алайда жеке тұрғындардың әлде мекеме-нысандардың тарапынан санитариялық талаптарды сақтамау деректері анықталып отыр. Бүгінде облыстағы індетке шалдыққандардың өсім қарқыны 2 пайыз шамасында. Ал көктемде бұл көрсеткіш 7 пайызға дейін көтерілген еді. Талап пен тәртіп бар жерде қауіп-қатер де азаяды. Сондықтан  тұрғындардан санитарлық талаптарды сақтап,  отбасылық мереке-жиындарды тоқтатуларын сұраймыз, – деді Нұрлыбек Мұстаев.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале