14.03.2025, 11:30
Оқылды: 223

Өңірдің экспорттық әлеуеті нығайып келеді

Батыс Қазақстан облысы – Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралас аймақтардың бірі. Өңір Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облыстарымен шектеседі, бұл облыстың маңызды логистикалық және экономикалық артықшылығын көрсетеді. Экспорт және импорт бойынша өңір әлеуетінің нығаюы жөнінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиев (суретте) баяндады.

WhatsApp Image 2025-03-14 at 12.18.14

Халықаралық сауда көлемі артуда

2024 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында Батыс Қазақстан облысының әлемнің түрлі елдерімен және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 8 млрд АҚШ долларын құрады.

Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға өсім бар екенін көрсетеді.

Экспорттық жеткізілімдер 6,9 млрд АҚШ долларын құрап, 3,9%-ға ұлғайды. Бұл көрсеткіштің артуы облыстың шетел нарығына шығаратын өнімдерінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Ал импорттық түсімдер 1 093,3 млн АҚШ долларын құрады.

Экспорттық бағыттар мен негізгі тауарлар

Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясына өнімдерін экспорттайтын  компаниялар:

  • «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б. в.» (сұйық көмірсутек шикізаты);
  • «Кублей» ЖШС (ет және консерві өнімдері);
  • «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ (макарон өнімдері);
  • «Орал трансформатор зауыты» ЖШС (трансформаторлар);
  • «Орал механикалық зауыты» ЖШС (өндірістік бөлшектер) жібереді.

Импорттық тауарлар қатарында тұрмыстық және өнеркәсіптік өнімдер басым.

Шетелдік инвесторлар қызығушылық танытуда

Облысқа шетелдік жұмыс сапарларымен Ұлыбритания, Испания, АҚШ және Финляндия елшіліктерінің өкілдері келіп, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысты. Өткен жылдың қыркүйегінде Қытай Халық Республикасының делегациясы БҚО-да болып, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында дөңгелек үстел өткізді.

Қазан айында Батыс Қазақстан облысының делегациясы Өзбекстанның Премьер-министрі мен Қазақстан Премьер-министрінің қатысуымен өткен Өзбекстан – Қазақстан өңіраралық форумына қатысты. Бұл кездесуде екі ел арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестікті дамыту туралы келісімдер жасалды. 

Өңіраралық форум

Өткен жылдың соңында РФ Уфа қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XX форумы өтті. Бұл форум Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің шекаралас аймақтары арасындағы экономикалық және инфрақұрылымдық байланыстарды дамытуға тың серпін берді. Осы жылы XXI өңіраралық форумды Батыс Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2025 жылдың 17 ақпанында облыс әкімі Нариман Төреғалиев облыс делегациясымен РФ Орынбор қаласына барып, облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырды.

Биыл облыста құны 43 млрд теңгені құрайтын 24 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның аясында 761 жұмыс орны ашылмақ. Осылайша өңірде жаңа қонақүй, көтерме тарату орталығы, тұрмыстық химия өндірісі зауыты және басқа да нысандар іске қосылады. Бұдан бөлек 2026-2029 жылдарға арналған 2,3 трлн теңгенің 35 жобасын жүзеге асыру жоспары бар.

Батыс Қазақстан облысы халықаралық сауда, инвестиция және дипломатиялық қатынастар тұрғысынан қарқынды дамып келеді. Шетелдік серіктестермен экономикалық байланыстардың нығаюы өңірдің өндірістік және логистикалық әлеуетін арттырып, жаңа жобалардың іске асуына ықпал етуде. Бұл аймақтың Қазақстанның халықаралық байланыстарындағы маңыздылығын көрсетеді.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале