Тасқын су салдарынан қиын жағдайға тап болған облыс халқының тауқыметін жеңілдетуді мақсат еткен қазақ халқы қолынан келетін көмегін аяп жатқан жоқ.
Бүгін Орал теміржол вокзалына Алматы облысының халқы атынан гуманитарлық көмек келді. Ел шетін тілсіз жау басқанда қол ұшын беруді ұйғарған Жетісудағы ағайынды бірлікке шақырып, Жайық жұртын қолдау ісін Алматы облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бастаған. Олар «Күшіміз – бірлікте» волонтерлар штабының жұмысын ұйымдастырып, елден жылу жинауды бастаған. Көп ұзамай жастардың бастамасына "Amanat" партиясының филиалы, кәсіпкерлер, атқарушы билік өкілдері, ассамблея жастары, ардагерлер, аналар кеңестері қолдай кеткен. Бұл ақпаратты Жетісу жұртының аманатын елге жеткізген Алматы облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Еламан Төлепберген айтты.
- Жайық жұртына ең қажетті деген азық-түлік, төсек орын, дәрі-дәрмек, гигиеналық заттар мен киім-кешек жинадық. Бұл игі іске 300 ден астам волонтер қатысты. Жалпы 137 тонна гуманитарлық көмек жиналды, - деді Еламан Төлепберген.
Елі шалғай болса да жаны жақын алматылық ағайынның жылуын облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов пен өңір жастары қарсы алды.
- Ораза айтының алғашқы күні өңірге Алматы облысының халқы жинаған жылу келді. Бұл ел халқының бірлігін, бауырмалдығын көрсетеді. Қазақ қандай қиындықты да бірлігінің арқасында жеңе алады. Елге келген жылу арнайы орындарға бөлініп, зардап шеккен әр тұрғынға жететін болады. Қиын шақта қолұшын берген ағайынға өңір халқы разы, - деді М.Қамбетов.
Су тасқыны талайды мал-мүлкі мен үй жайынан айырды. Осындайда жанымыздан табыла білген Алматы облысы жұртының жылуы қиналған елге демеу болды.
Түгелбай Бисен,
Сурет авторы: Замир Габдрахманов
zhaikpress.kz