2023 жылғы білім беру бағдарламалары рейтингінің қорытындысы бойынша ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуының орташа пайызы 2023 жылы 3,3%-ға өсіп, 82,8%-ды құраған.
Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі жазды.
«Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, алтыншы жыл қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізген.
Былтыр жоғары оқу орындарын бағалау 19 критерий бойынша жүргізілген.
Олардың ішінде негізгілері – түлектерді жұмысқа орналастыру, сапа көрсеткіштері, жетістіктер, ББ мазмұнын бағалау, ЖЖОКБҰ жалпы көрсеткіштері.
Мәселен, өткен жылдың рейтингінде «жұмысқа орналастыру» критерийінде мемлекеттік жоғары оқу орындары арасында бірінші орынды 94%-бен Д.Серікбаева атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты бөлісті.
Екінші орында 89%-бен А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті тұр.
Ал М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 88%-бен көшбасшылар үштігін толықтырып отыр.
Ұлттық университеттерге келетін болсақ, мұнда жалпы пайызы 89% болатын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті көш бастап тұр. Одан кейін Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 88% – бен орналасқан.
Сондай-ақ «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» бағыттары бойынша рейтингте бірінші орынды Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті иеленді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша түлектерді жұмысқа орналастыруда көш бастап тұр.
2023 жылдың қорытындысы бойынша «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандандыруында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлектері сұранысқа ие болды.
Рудный индустриалды институты «Құрылыс» мамандарын даярлау бағытында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін басып озып, көш бастап тұр. А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Автоматтандыру және басқару» мамандығының түлектері – 2023 жылы ең көп жұмыспен қамтылғандардың қатарында.