Осы жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталмақ. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов мәлімдеді.
Аталған баспасөз мәлімдемесіне облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.
– Бүгінде Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қалыптасуда. Мемлекеттік аппарат әділ, ашық, қоғамның сұраныстарына жедел ден қоятын, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша жұмыс істеді. Мемлекет басшысы жастарға зор үміт артып отыр. Президент «Бізге түрлі салаларда жауапкершіліктен қорықпайтын, ерекше әрі тиімді шешімдер қабылдай алатын жаңа формациядағы басқару тобы қажет. Дәл осындай адамдар ел қалауындағы нәтижеге қол жеткізуге қабілетті» деп айтқан болатын. Осыған сәйкес барлық өңірде кадр резервтеріне іріктеулер жарияланды. Бұл резерв дарынды, білікті жастарды елге қызмет етуге шақырып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға мүмкіндік береді. Атап айтсам, бүгінде облысымызда жасы 35-тен аспаған 1500-ге жуық мемлекеттік қызметшілер жұмыс істеуде. Осы ретте өңіріміздегі жастарды іріктеуге қатысуға және бұл мүмкіндік аясында өздерін сынап көруге шақырамын, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Айта кетейік, бұл жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі жастардың басқару қабілетін арттыру, облысты дамытуға талантты, іскер, жан-жақты жастарды тарту. Ал алдағы уақытта басталатын іріктеуге Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған, жоғары білімді және еңбек өтілі 3 жылдан кем болмайтын азаматтары қатыса алады. Мұрат Сейілбекұлының айтуынша, салалық бағыттары және резервшілердің нақты саны Өңірлік кадр комиссиясымен айқындалады. Онда өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мен мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтары ескеріледі.
– Жалпы бұл іріктеу түрлі бағыттар аясында жүзеге асырылмақ. Атап айтсам, индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология секілді бағыттары бар. Сонымен қатар резервтік іріктеуге қатысушы «Құжаттарды қабылдау», «Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу», «Құзыреттерді бағалау», «Комиссиядағы құрылымдық сұхбат» және «Комиссияның отырысында» сияқты 5 кезеңнен өтетін болады, – деді Мұрат Сейілбекұлы.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz