Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен онлайн режимде инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.
Бұл күні кеңес мүшелерінің назарына жалпы құны 19,4 млрд. теңгені құрайтын, 442 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін бес жоба ұсынылды.
Өңіріміздегі «EurasianLogistics» ЖШС-гі облыс орталығынан «БАСК» көлік-логистика орталығын салмақ. Аталған орталық Зашаған кентіндегі Жәңгірхан көшесі маңынан бой көтермек. Аумағы 12 гектар жерді алатын орталықтың құрылысына 6,7 млрд. теңге қаражат жұмсау жоспарланған. Жылдық көлік айналымы 8 000 тоннаны құрайтын орталықтың құрылысын 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау көзделіп отыр. Бұл жерде құрғақ, климаттық қоймалар мен контейнерлік алаңдар, әкімшілік ғимарат бой көтереді. Құрғақ қоймаларда халық тұтынатын тауарлар, өзгесінде ет-сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер сақталатын болады. Жоба құрылысына 40 адам жұмылдырылса, пайдалануға берілген соң 140 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады деп күтілуде. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда жақын облыстар және Ресеймен екі ортадағы тауар айналымы жақсара түсіп, шеттен келетін ауыр жүк көліктерінің қала ішіндегі ағынын да азайтуға әсерін тигізеді екен.
Ал «EnvironmentSolution Ltd» кәсіпорыны қағаз қалдықтарын кәдеге жаратып, жұмыртқа салатын қорапшалар шығару ісін қолға алмақ. Аталған серіктестік бұл жобаға 140 млн.теңге қаржы құймақ. Оның 100 млн. теңгесі кәсіпорынның өз қаражаты болса, қалғанын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несиеге алмақ. Құс жұмыртқаларын салуға арналған картон науалар шығаратын зауыт тек біздің өңірді ғана емес, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Ресейдің көршілес облыстарындағы құс фабрикаларын қамтымақ. Аталған кәсіпорын іске қосылғанда 20 адам тұрақты жұмысқа алынатын болады.
«BATYS TRAILER» ЖШС Бәйтерек ауданының Махамбет ауылынан жартылай тіркемелі техникалар шығару зауытын салуды жүзеге асырмақ. Бұл жобаға кәсіпорын 860 млн.теңге өз қаржысын жұмсап, құрылысын келер жылдың соңына қарай аяқтамақ. Зауыттың құрылысына 50 адам тартылып, іске қосылған алғашқы жылы 60, толыққанды жұмысқа кіріскенде 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Осы кезге дейін облыс аумағынан көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар салып жүрген «Казхол» ЖШС 500 орындық мектеп салу жобасын ұсынды. Орал шаһарындағы 380 орындық №31 мектеп 1961 пайдалануға берілген. Көп жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген білім ошағының апатты жағдайда деп танылғанына да біраз жыл өтіпті. Аталған компания 1,4 млрд. теңге қаражат құйып, көне мектептің орынына су жаңа білім ошағын салуға ниетті. Бүгінде бұзу жұмыстарын бастағалы отырған мердігер компания мектептің құрылысын келер жылдың үшінші тоқсанында толықтай аяқтамақ. Сонымен қатар мектеп маңындағы «Шапағат» балалар медициналық-әлеуметтік мекемесінің орынынан жабық спорт кешенін салу да серіктестік жоспарында бар.
Кеңес мүшелері жоғарыда аталған төрт жобаны қолдап, бір жобаны толықтырып, кейінгі отырыста қарауды ұйғарды. Кейінге шегерілген жоба «Урал Солод» ЖШС-не тиесілі. Ол кәсіпорын Бәйтерек ауданының Круглоозерный ауылынан 25 мың басқа есептелген шошқа өсіру кешенін салуды жоспарлаған. Кеңес мүшелері он миллиардтан астам теңгені қажет ететін жобаны қайта қарап, толықтыру керек деп шешті.
-Бүгін кеңеспен мақұлданған жобалардың барлығы да облысымыз үшін маңызды. Шаһар басшылығына, ауыл шаруашылығы жәке кәсіпкерлік басқармаларына аталған жобаларға заңдылық жағын қарастырып, барынша қолдау көрсетуді тапсырамын. Бұл жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуы қатаң қадағалауда болуы тиіс,- деді кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Нұрбек Оразаев
zhaikpress.kz