Қоғам қайраткерлері мен тарихшылар қазақ халқының басына төнген нәубет – ХХ ғасырдағы ашаршылық жылдары мен саяси қуғын-сүргін зардабына әлі күнге толыққанды саяси баға берілмегенін айтумен келеді. Соған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарих қатпарындағы ақтаңдақтарды аршу керектігін мәлімдегені белгілі. Енді міне, ел президенті елелуі іске екпін беріп отырған соң, сан жылдар бойы көмбеде көмулі қалған ақиқат сыры саф алтындай жарқырайтынына үміт басым.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республикалық деңгейде саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, тарих таразасын бағамдау үшін кешенді іс-шараларды жоспарлау басталды. Басты мақсат белгілі. Қатпары қалың тарихтан тағылым, сан аласапыраннан сабақ алуымыз керек. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 20 қаңтардағы №1 қаулысымен өңірлік комиссия да құрылды. Жергілікті комиссия қызметін қамтамасыз ету және жұмыс топтарының өзара іс-қимыл бағытын үйлестіру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді.
Өңірімізге республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының орынбасары, саяси қуған-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбаев жұмыс сапарымен келді. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов басты бағыт-бағдарды баяндады. Басқарма басшысы өңірлік комиссия мүшелеріне құпия құжаттарды зерттеп-зерделеуге рұқсат беру мәселесі ҰҚК өңірлік департаменті сүзгісінен өтіп жатқанын хабарлады. Ең бастысы, ортақ міндет аясында орнықты шешім қабылдау тарихи әділеттіліктің салтанат құруына сеп болатынын айтты.
– Өткен ғасырда еліміздің басына төнген ауыртпалық аз болған жоқ. Алапат ашаршылықты, жаппай қуғын-сүргінді, сұрапыл соғысты бастан кешірді. Сол кезеңдегі солақай саясаттың кесірінен халқымыз қынадай қырылды, қаншама арысымыздан айырылдық. Ел болашағы жолында зиялы да жасампаз тұлғаларды ақтау, тарихи шындықты қалпына келтіру – біздің перзенттік парызымыз, азаматтық міндетіміз. Батыс Қазақстан облысында да мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырады, – деген Нұрлыбек Даумов келелі басқосуға жиналған кіл мықтыны таныстырды.
Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты, тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы, «Aqjaiyq» телеарнасының журналисі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолда, М. Мәметова музей-үйінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының жетекшісі, өлкетанушы Айболат Құрымбаев, облыстық ақпараттандыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сержан Семғалиев қатысты.
– Репрессия зобалаңын көргендердің көбі ортамызда жоқ. Олардың әруағынан кешірім сұрай отырып, ұрпақ алдында толық ақтап алу – басты мақсат. Адамзат әлі талай қателесуі мүмкін. Билік басына келіп жатқандарға тарих сабағы ащы екенін гуманистік тұрғыда ескертуіміз керек. Басты ұстанымдарын бекіткен мемлекеттік комиссия іске кірісіп кетті. Оның құрамында белгілі тұлғалар, білікті тарихшылар, белсенді азаматтар бар. Комиссия жұмысының бағыт-бағдары туралы БАҚ бетінде ақпараттар жариялана бастады, – деген тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбаев жергілікті комиссия қыруар шаруаны атқаруы тиіс екенін айтты.
Дөңгелек үстелде тарихшы-ғалымдар мен өлкетанушылар, журналистер елдің бетке ұстар азаматтары бірігіп атқаруы тиіс байыпты бастамаға байланысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Әлі күнге өңір тарихына қатысты құпия құжаттар арнайы құрылымдардың шаң басқан архивінде сырын бүккен күйі жатыр. Тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың ащы зардабы мен саяси қуғын-сүргіннің ауыр салдарын ашық жазу ауқымды еңбекті талап ететінін, жұмыс тобына білгір мамандарды тартудың маңызын тілге тиек етті. Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов жұмыс бағыты бойынша мамандарды топтарға іріктеу мәселесі әлі де пысықталатынын, сәуір айында өңірлік комиссияның кеңейтілген отырысын өткізу жоспарда енгенін хабарлады.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz