ҚР Білім және ғылым министрлігі берген тапсырмаға сәйкес барлық жоғары оқу орындары қосымша шығындарға ұшырап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Жоғары оқу орындарына академиялық және қаржылық дербестік берілген, сондықтан оқу ақысы қанша болатыны туралы мәселені әр институт, әр университет, әр академия өзі шешеді. Қашықтан оқытқанда шығын аз болады деген түсінік қате. Мысалы, оқу орнында 5 корпус болса, бесеуі де жабылмайды. Оның коммуналдық шығындары, жұмыс істеп жатқан оқытушылардың шығындары бар», - дейді Білім және ғылым министрі.
Оның айтуынша, қашықтан оқу режиміне көшкенге дейін жоғары оқу орындарында қашықтан оқу жүйелері, технологиялары болған жоқ.
«Сондықтан олар қазіргі кезеңде шығынданып, арнайы жүйелерді сатып алып жатыр. Интернет күшін кеңейтуде. Біз берген тапсырмаға сәйкес барлық жоғары оқу орындары қосымша шығындарға ұшырауда. Сол себепті онлайн оқитын студенттердің оқу ақысын министрлік емес, әр университет өзі шешеді», - деді ол.
zhaikpress.kz