24.07.2024, 9:46
Оқылды: 285

БҚО-да орақ маусымы қалай өтіп жатыр?

«Қыстың қамын жазда ойлайтын» өңірдегі шаруалар шабындыққа шалғы түсіріп, шөп шабу науқанын қызу жүргізуде.

0BDF14DF-6554-4512-A4F2-67CFB17C972C

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы қысқа 1065,7 мың шартты мал басы кіреді деп жоспарланған. Төрт түлікке 2023 мың тонна шөп дайындалуы қажет. Осынша азыққа қосымша 233,2 мың тонна жем, 11,1 мың тонна сүрлем және 8,9 мың тонна пішендеме әзірленбек. Биыл облыс бойынша 195,5 мың га жерге малазықтық дақылдар егілген. Оның ішінде 28,8 мың га – біржылдық шөптер, 2,29 мың га – сүрлемдік дақылдар және 13,5 мың га – көпжылдық шөптер. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер – 150,9 мың га.

– Көктемгі тасқын кезінде өңірдегі 145,6 мың гектар лимандық шабындық жерлерге су шығарылды. Атап өтсек, Жайық-Көшім суландыру жүйесінен – 68,6 мың га, Сарыөзен арнасынан – 10,3 мың га, Қараөзен арнасынан 44,1 мың га, Киров-Шежін және Дюрин-Балықты жайылмаларынан 12,5 мың га және Қалдығайты лимандық суландыру жүйесінен 10,0 мың га су шығарылды.  Биылғы шөптің орташа өнімділігі гектарына 3,4 центнерді құрайды. Бұл – өткен жылғыдан төмен көрсеткіш, былтыр 3,8 ц/га болған еді. Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарында өнімділік гектарына 4,7-6 центнерден болса, Тасқала, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау, Казталов аудандарында – 3,7-4,4 ц/га. Аталған аудандарда шөп шығымы орташа, ортадан жоғары деп айтуға болады. Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында шөп өнімділігі төмен, яғни 1,8-1,9 ц/га құрайды. Жалпы өңірдегі шөп шығымының төмендігіне көктем мезгіліндегі ауа температурасының тұрақсыздығы себеп болып отыр. Өйткені көктемде ауа райы күндіз ыстық болса, түнде температура күрт төмендеп, бірнеше мәрте қатқақ тіркелді. Оған қоса, көктемде ылғал өте аз болды. Осындай табиғи құбылыстардың салдарынан топырақта жиналған ылғал тез кеуіп, қуаңшылыққа әкелді. Жиі соққан жел де кері әсерін тигізді. Кейінгі жылдары киіктер санының күрт артуы да шалғынның жайқалып өсуіне айтарлықтай кедергі болып тұр. Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында қуаңшылыққа байланысты шаруа қожалықтары аудан аумағында төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Сондай-ақ қолдағы малды ет өңдеу кәсіпорнына тапсыруға басымдық беруді сұрайды.

A61BC312-72A3-4CE5-AF12-3D895CDD4D97

Қазіргі уақытта осы мәселелер бақылауға алынып, қажетті шаралар ұйымдастырылуда, – деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Еракаев.

Бөлім басшысының айтуынша, мал азығының бағасы әр ауданда түрліше бағалануда. Мәселен, 1 бума (250 кг) шөптің бағасы 3000 теңгеден 7000 теңге аралығында. Ал Бөкей ордасы ауданында 9000 теңгеден басталады.

Бір  төк (тюк) шөптің бағасы – 800 теңге.

Шілденің 16-сындағы жағдай бойынша облыста 1313,2 мың га шабындық шабылып, 440,9 мың тонна мал азығы әзірленген. Бұл – жоспардың  21,8%-ы. Қалдық шөппен қоса есептегенде барлығы 589,3 мың тонна шөп дайындалып отыр. Ал бұл жалпы қажеттіліктің 29,1%-ы деген сөз.

Қыстаққа қажет жем-шөптің 56,2%-ын жинаған Бәйтерек ауданы, 35,8%-ын жинаған Сырым ауданы және 33,0%-ын жинаған Казталов ауданы алда  келеді.

Өңірдің оңтүстік аудандарының халқын киік мәселесі алаңдатып отыр. Олар киік санын шектемесе, алдағы уақытта тек шабындықтан емес жайылымнан айырыламыз деп алаңдаулы. «Қазіргі таңда киік санының күрт өсуіне байланысты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ға шаруа қожалықтарының егістік жерлерін киіктерден қорғау міндеттелді. Оған жергілікті инспекторлар мен аутокөліктерге қоса, Түркістан, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан инспекторлар тартылуда. «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында киіктерді ұстап қалу мақсатында 40 шақырым жерге 800 дана кедергі орнатылды. Резерваттың инспекторлары кезекшілікке шығып тұрады», – деді Мейрамбек  Ғарифоллаұлы.

Айта кету керек, көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін арзандатылған жанар-жағармай алуға фермерлерден 444 өтінім түскен. Соның негізінде облысқа  8,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ауыл шаруашылығы құрылымдары отынның 5,8 мың тоннасын сатып алыпты. Жеткізуші оператор болып «NEFTEK Operating» ЖШС анықталды. Бір литр отынды Орал қаласындағы мұнай базаларынан, жанар-жағармай құю станцияларынан жіберу және аудан орталықтарына дейін жеткізіп беру бағасы – 238 теңге. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сатып алмаған 2,6 мың тонна дизель отыны маусымның 10-нан бастап мал азығын дайындауға қайтадан бөлінген. Сатып алып кететін дизель отынының 1 литрінің бағасы былай белгіленген: шілденің 31-іне дейін – 241 теңге, тамыздың 31-іне дейін – 244 теңге, қыркүйектің 30-ына дейін – 247 теңге. Бүгінде бұл отынның 0,7 мың тоннасы сатып алынған. Ендеше, бірнеше аудандағы шөп шабу науқанының қалай өтіп жатқанынына  назар  аударайық.

Бөрлі

Бөрлілік фермерлер шөп шабуды маусым айының соңында қолға алған. Мал азығын дайындауға 324 орақ қатысуда.

Биыл егілген малазықтық дақылдардың аумағы – 6264 гектар. Соның ішінде 2100 гектарға біржылдық шөп, 4164 гектарға көпжылдық шөп егілген.  Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Батырхан Турабаевтың мәліметінше, биыл 33,6 мың шартты мал басы қыстауы мүмкін. Қыс мезгілінің ұзақтығы – 180 күн. Осынша малға 72,5 мың тонна шөп,  8,2 мың тонна жем,  1,73 мың тонна сүрлем және 1,46 мың тонна пішендеме дайындалуы шарт. 42,561 мың гектар алқаптан 25,538 мың тонна шөп шабылған (35%). Әр гектардан орташа алғанда 6 центнерден өнім жиналуда. Ауданда бір рулон шөп 6000 теңгеге сатылуда. Шаруалар шөп шабу науқанына қосымша бөлінген 67,7 тонна арзандатылған дизель отынының  35,5  тоннасын  сатып  алған.

Казталов

Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Казталов ауданында жыл сайын мал басы өсіп келеді. Сондықтан мал азығын дайындау – маңызды мәселе.

Алдағы жылан жылында қыстаққа  164 478 шартты бас мал кіреді деп болжанған. 165 күн қорада тұратын төрт түлікке 325,7 мың тонна шөп қажет. Былтыр шөп бітік шығып, мал азығы артығымен жиналған. Өткен қыстан  қалған 47,2 мың тонна шөп жиналып тұр. «Барлық ауылдық округте мал азығы әзірленуде. 136 793 га шабылып, 60 356 тонна шөп дайындалды. Әр гектардан алынған орташа өнім 3,2-4,9 центнерден келіп тұр. Маусым айында басталған шөп шабу науқаны қара күзге дейін жалғасады.

Шөп аз шыққан елді мекендердегі тұрғындарға аудандағы бос тұрған шабындық жерлер ұсынылуда. Ауылдық округтерде бір орам шөп орташа алғанда 4000-7000 теңгенің аралығында сатылуда», – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев.

Сырым

Биыл Сырым ауданының шаруалары мал қыстағына кіретін  85 700 шартты мал басына 161,5 мың тонна жемшөп дайындаулары қажет.

Былтыр 164,6 мың тонна мал азығы жиналып, ол 98 пайызды құраған. Осы мал азығының 25,6 тоннасы биылға жетіп отыр. Бүгінде шалғынға орақ салған фермерлер 118,1 мың гектардан 50,4 мың тонна өнім алған. Бұл жоспардың 31,2 пайызы деген сөз. Орташа өнім гектарына 4,2 центнерден айналуда. Шөп шабу науқанына қатысып жатқан 176 шаруашылық құрылымы 347 трактор мен 615 орақ жұмылдыруда. Бір орам (рулон) шөптің орташа бағасы 5000-6000 теңге шамасында. «Биыл өзен-көлдерге қар суы мол жиналды. Соған байланысты шабындықтарда су көп болды. Алайда мамыр айының салқын болуы шөптің дер шағында көтерілуіне, бітік шығуына қолайсыздық туғызды. Соған қарамастан шаруашылықтар қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, мал азығын уақтылы жинап алуға бар күштерін салуда», – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Азамат Айтимов. Айта кетсек, былтыр осы уақытта ауданда 90,46 мың гектар шабындық шабылып, одан 34,18 мың тонна өнім алынған. Шөп шығымдылығы орташа есеппен әр гектардан  3,7  центнерді  құраған.

Жәнібек

Жәнібек ауданында 154 шаруа қожалығы 170 трактормен (290 орақ) мал азығын дайындауда. Мұнда бір бума шөптің құны – 8000-9000 теңге.

Биыл ауданда мал қыстағына 78 мың шартты бас мал тұрады деп жоспарлануда. Төрт түлікке 153,6 мың тонна мал азығы қажет. Соның ішінде шаруашылықтарға қажетті жемшөп мөлшері 113,5 мың тонна болса, жеке қосалқы шаруашылықтарға керегі – 40,1 мың тонна. Шілденің 18-індегі мәліметтерге сәйкес, ауданда 198,7 мың га шабындық шабылып, орташа шығымдылығы 1,7 центнерді құрап отыр. Күні бүгін 35 004 тонна мал азығы дайындалған. Былтырдан қалған 473 тонна шөп те бар. Қазір шаруалар 35 476 тонна мал азығын жинап, жоспардың 23,3 пайызын орындаған. «Аудан экономикасының негізі мал шаруашылығы болғандықтан, жемшөп жинау – ең маңызды мәселе. Өйткені мал азығын жеткілікті әзірлемесе, мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дамымайды. Биылғы қуаңшылықтың және киіктердің шектен тыс көбейіп, шабындық пен жайылым жерлерді таптауының кесірінен шөптің шығымы төмен. Бұл қажетті малазықтық қор қалыптастыруға, ауыл шаруашылық құрылымдары мен тұрғындарды жеткілікті мөлшерде жемшөппен қамтамасыз етуге үлкен қиындық туғызып отыр», – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы  бөлімінің  бас  маманы  Асылбек  Камашев.

Шаруалар не дейді?

«Ақжайық ауданына қарасты Көнеккеткен ауылындағы «Бірлестік» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Қадырғалиев те шабындыққа шалғы салған. Бүгінде 3000 центнердей шөп жинаған. «Ауданның Чапай, Есенсай, Көнеккеткен ауылдары жағындағы қырлықта шөп шығымы шамалы. Біз Қурайлысай ауылдық округіндегі шаруа қожалық иелерімен келісіп, ауылдан 65 шақырым жерден шауып жатырмыз. Бір буманы 6000 теңгеге бағаладық. Көктемде тоғайға жайылған су әлі кеткен жоқ. Биыл су өте жай қайтуда. Осы маңдағы шаруашылықтардың көбі тоғайға үміт артып отыр. Негізі екпешөп еккен дұрыс деп санаймын. Бұл туралы жиі айтылып та жүр. Сондықтан биыл жер жыртып, бидай, судан шөбін егуді жоспарлап қойдық. Арзандатылған дизель отынының бағасына қатысты бір айтарым бар. Мәселен, мұнайлы өлкеде отырған біз үшін бір литр жанар-жағармайдың  бағасы 234 теңгеден арзан болуы керек деп санаймын. Арзан деген соң, құны 200 теңгеге дейінгі аралықта болуы керек шығар?.. Десе де, шағымдана беруге де болмайды. Әркім өз қамы үшін тірлік  жасайды»,  –  деді  қожалық  жетекшісі.

Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылындағы ірі қара мал өсіретін «Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі Азамат Ғұбашевті сөзге тартқан едік. «Биыл ылғал жақсы болғанмен, сәуір-мамыр айларындағы мұздақтың салдарынан шөп шықпады. Әсіресе, Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарында шөп тапшы. Біздің Күйгенкөл ауылына бір руллон шөпті 10 мың теңгеден әкеліп сатқан еді. Қазір ол да тоқтап қалды. Бір төк шөпті 800-1000 теңгеден ұсынуда. Өзі жұтаң жерді киік таптап, мәселені ушықтырып тұр. Ауылдағы азын-шоғын жері мен техникасы барлар мал азығын жинауда. Кейбір шаруалардың жерінде шөп шықпай қалып, енді сатып алуға қам жасауда. Жалпы ауыл тұрғындарына жемшөп жинау қиын болайын деп тұр. Биыл қыстаққа 70 шақты ірі қара кіретін шығар деп отырмын. Осы малға қажет шөптің 30 пайызға жуығын, яғни шамамен 1000 төк шөп жинадық. Әлі 2000-дай төк шөп керек. Бірақ енді қалған азықты сатып аламыз. Себебі  шабындықтағы  шөп  бітті», – деді  шаруа.

Қазгидромет:

Агроқұрылымдар үшін ауа райының жайлы да шуақты болғаны абзал. Шабындықты жауын-шашынсыз өткізгенді қалайды. Жуырда «Қазгидромет» РМК шілде айы құрғақшылық болатынын нақтылады (https://www.kazhydromet.kz/post/2706).

Шілдеде Қазақстан аумағында ылғалдану жағдайы көбінесе көпжылдық мәндерге жуық болмақ. Алайда атмосфералық құрғақшылықтың басталу қаупі бар аумақтар артуда. Айта кету керек, атмосфералық құрғақшылық дегеніміз – атмосфераның жауын-шашынның жеткіліксіз болуымен, жоғары температурамен және төмен ылғалдылықпен сипатталатын жай-күйі. Қазгидромет шілдеде Батыс Қазақстан облысының Казталов, Жәнібек, Ақжайық және Бөкей ордасы аудандарында, Ақтөбе облысының Шалқар, Байғанин, Ырғыз және Ойыл аудандарында, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының басым аумағында атмосфералық құрғақшылық болуы мүмкін екенін болжаған. Әдетте облыста жыл сайын тамызда күн ыстық болатынын ескерсек, биылғы шөп шығымының  төмен болатыны аңғарылады. Орақ маусымы қызу жүргізілетін кезде, оңтүстік аудандарда шаруалардың тосылып отырған жайы бар.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале