Орал қаласындағы автобекетте Орал–Атырау бағытына қатынайтын су жаңа үш автобус жолға шықты.
Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында сатып алынған автобустар Қытайдан әкелінген. «Yutonq» маркілі автобустардың бір ерекшелігі – ішінде әжетхана, теледидар және кондиционер бар. Яғни жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған.
- 53 орындық бұл автобустар өздеріңіз көріп тұрғандай, жаңа талаптарға сай жасалынған. Бұл көліктердің қай жерде кетіп бара жатқанын көріп отыру үшін GPS орнатылған. Жолаушылар билет алу үшін автобекетке келмей-ақ, электронды түрде тапсырыс бере алады. Тағы бір айта кетерлігі, бұдан былай жолаушылардың жүктері тегін тасымалданатын болады,- дейді Батыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шакаев.
«Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Мұхтардың айтуынша, бұл көліктерді сатып алу үшін аталмыш парк «АТФ» банкінен 160 млн. теңге қарыз (заем) алған. Алдағы уақытта тағы үш автобус сатып алу жоспарланып отыр екен. Орал мен Атырау арасына тәулігіне бес мәрте қатынайтын автобус билетінің құны бұрынғыдай, еш өзгеріссіз төрт мың теңге боп қалған.
– Атырау қаласының тұрғынымын. Оралға жиі келіп тұрамын. Мынадай жаңа автобустар сатып алынғанына өте қуаныштымын. Енді алаңсыз жол жүре беруге болады, – дейді Арасан Тұрғанов есімді азамат.
Есенжол Елекенов,
суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер