20.10.2017, 16:54
Оқылды: 72

Орал әуежайы аумағы екі есе кеңейтілмек

Бүгінгі таңда мемлекеттік жеке әріптестік шеңберінде «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС арасында аталмыш әуе вокзалын қайта құру мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Осыған орай бүгін облыс әкімдігінде «Орал» халықаралық әуежайын қайта құру жобасын жүзеге асыруды талқылаған жиын өтті.

- «Орал» халықаралық әуежайының қызметі жаңа заман талаптарына сай келмейді. Тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар бар. Терминалды кеңейту кезінде осы мәселелерді бірінші кезекте ескеруіміз қажет. Мысалы қазіргі уақытта әуежай тұтынушылары ұшуға жертөле арқылы өткізіледі. Ұшып келушілерге де арнайы зал қарастырылмаған. Әуежай қызметі халықаралық деген атына сай болуы тиіс, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жобалаушы мекеме өкілдеріне қарата.

Жобалаушы мекеме «AerAnT» ЖШС-ның өкілдері жасалып жатырған жобаның жай жапсарымен таныстырды.

- «Орал» халықаралық әуежайы Кеңес үкіметі кезінде сағатына 200 жолаушыны өткізе алатын типтік жобамен салынған. Қазіргі уақыт талабына сай терминал түпкілікті қайта құруды қажет етеді. Біз әуежайды перрон бағытына қарай немесе вокзал алдына қарай кеңейту туралы қайта құрудың екі нұсқасын ұсынған едік. Терминалды дамытуды вокзал алдына қарай жүзеге асыру шешімі қабылданды. Жобамыз бойынша әуежай ауданы шамамен екі есеге дейін кеңейтіліп, 8 000 шаршы метрді құрап, сағатына 350 жолаушыны өткізе алатындай болады. Аталмыш терминал халықаралық стандарттарға сай жабдықталмақ. Жолаушылар үшін жеделсатымен оңай көтеріліп, телескопиялық трап арқылы ұшаққа өту мүмкіндігі қарастырылады. Құрылысқа қажетті құжаттарды толықтай даярлап, өңдеу үшін төрт айдай, содан кейін сараптама үшін екі айдай уақыт қажет. Яғни жобалау жұмыстарын бітіріп, құрылысты жүзеге асыруға кіріскенше жарты жылдай уақыт кетеді. Жоба құны шамамен айтқанда үш млрд. теңгеге дейінгі соманы құрауы мүмкін, - деді «AerAnT» ЖШС-ның директоры Әбдіманап Әбдірахманов кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында.

«AerAnT» ЖШС - Астана, Алматы, Тараз, Ақтөбе әуежайларына, сондай-ақ шетелдерде де жобалау жұмыстарын жасаған тәжірибелі компания екенін айта кету керек.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале