16.02.2021, 19:37
Оқылды: 23

Орал ауыз су тапшылығын сезінуде

Соңғы жылдары жазғы уақытта қала бойынша су беру баяулайтыны анық аңғарылуда. Орал қаласының тұрғыны Елена Ванюшина шаһар басшысына тіпті кір жуа алмай қалатынын да бүкпесіз жеткізді. Қала әкімі Абат Шыныбеков онлайн есептік кездесуінде тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесімен жақсы таныс екенін айтты.

335783F8-0B22-47B1-861A-A97B0D485A48

– Қазіргі уақытта қосымша су қоры тұсынан 18-ұңғыны бұрғылау жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа алты ұңғыманы бұрғылауға байланысты жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Жуырда әкімдік меншігіне Камен топтық су құбыры желісі берілді. Бұл нысан бойынша жаңғырту жұмысын жүргізуге ЖСҚ дайындау басталды. Камен су құбыры Зашаған кентіне және болашақта салынатын Ақжайық шағынауданына берілетін су көлемін тиісті деңгейде қамтамасыз етеді, – деді қала әкімі Абат Шыныбеков.

2D91FDB0-914F-4DE6-B036-8C1323CE9C23

Облыс орталығы үшін екі су көзі үміттің нақ өзі болып отыр. Оның бірі – қаладан 12 км қашықтықта орналасқан Жайық кен орны (Бәйтерек ауданы, Трекин ауылы аумағы) болса, екіншісі – Жайық өзені (қала ішінде). Шаһарда жүз он мыңға жуық тұтынушы бар. Жыл сайын жазда тұтынылатын су мөлшері артады. Суға деген толық қажеттілікті жабу үшін қалаға тәулігіне 75 мың текше метр қажет. Жайық өзенінің таяздану факторы, ұңғымалар салынған жердегі су деңгейінің төмендеуі, қала тұрғындарының көбеюі суға деген тапшылықты күшейтуде. Қала әкімі атап өткеніндей, ауыз су мәселесін шешу үшін он сегіз ағынды ұңғы күрделі жөндеуден өтіп, алты жаңа ұңғы бұрғыланады. Камен топтық сумен жабдықтау жүйесі коммуналдық меншікке өтті. Қазіргі уақытта нысанды жаңғыртуға арналған құжаттама жасалып жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты – алпыс мың халқы бар Зашаған ауылын және жаңа Ақжайық шағын ауданын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале