Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Мемлекет басшысының өзі Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында аталған ашаршылық мәселесіне қатысты тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеудің қажеттігін айтқан еді. Біз төменде Орал губерниясындағы ашаршылықтың себеп-салдары һәм ауқымы туралы Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының қорында сақталған құжаттар негізінде жазылған мақаламызды көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Осылайша қатты құрғақшылық туып, оның арты ашаршылық нәубетін туғызды. Ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе, Еділ бойы аудандарын жайлап, 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн-нан астам адам аштыққа ұрынды. Әрі Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында егілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай, қурап қалды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар да толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдың ұзаққа созылған қатал қысы қазақ өлкесінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты.
Айта кетелік, 1920 жылы 12 қазанда Кеңестердің І құрылтай сиезінің шешімімен Орал облысы губерния болып құрылды. Оның құрамына Гурьев, Елек, Калмыков, Жымпиты, Ойыл, Орал уездері кірсе, 1921 жылы 19 қарашада Ойыл уезі Ақтөбе губерниясына қосылды. Нәубет қарсаңында Орал губерниясының егістік көлемі де 1917 жылмен салыстырғанда 410,5 мың десятинадан 165,9 мың десятинаға дейін қысқарып, оның 80%-ын құрғақшылық жайлады. Бұған қоса 1918-1921 жылдары Кеңестік биліктің жүргізген әскери коммунизм саясаты халықты бар мал-мүлкінен, азық-түлігінен айырды. Қазақстанда астыққа мемлекеттік монополия мен салғырт ісі 1920 жылдан бастап кең көлемде жүзеге асырыла бастаса, кейін бұл әдіс (ет салымы) мал шаруашылығы саласына да көшті. Мәселен, 1921 жылы Батыс Қазақстанның Орал және Бөкей губернияларында салғыртқа қатысты азық-түлік дайындау құрылымдары шаруалардың қолындағы малын тартып алуды күшейтті. Сонымен бірге астық шығып жарытпаған 1920 жылы салғырт бойынша Орал губерниясында 1,5 млн пұт астық тартып алынды. 1921 жылғы тамыздан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді. Сол жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары (Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда) және Адай уезінің тұрғындары «аштық апанына» өздері құлады. Ашаршылық 1 558 927 тұрғыны бар 1 048 100 шаршы метр аумақты қамтыды. Статистика басқармасының деректері бойынша 1921 жылдың қарашасына қарай Орал губерниясында 384 900 адам, ал әр түрлі көздерден алынған деректер бойынша 400 000 адам жоқшылық қамытын киді. Ал Қазақстанда ресми деректер бойынша 1 508 900 адам, бейресми деректерде 1 558 927 адамның ашаршылыққа ұшырағаны көрсетілген. Губернияда қалыптасқан осынау жайдайға байланысты Орал атқару комитеті орталыққа аймақтағы күрделі мәселені баяндау үшін делегация жібереді. Соның нәтижесінде Қырғыз (Қазақ) ОАК-і жанындағы ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі орталық комиссияның төрағасы Сейітқали Меңдешевтің қолымен 1921 жылғы 16 маусымда (құрамында губерниялық атқару комитетінің төрағасы және 5 мүшесі бар) Орал губерниясында ашыққандарға көмек көрсету комиссиясы құрылады. Ал осы жылғы 9 тамызда губерниялық атқару комитеті төралқасының №90 шешімімен губерниялық комиссияның құрылымы және штаты бекітіліпті. Осы губерниялық комиссияның архивте жинақталған құжаттарына жүгінер болсақ, 1920 жылғы халық санағы бойынша Орал губерниясында барлығы 524 824 тұрғылықты халық болса, оның ішінде Орал уезінде 124 037, Елек уезінде 128 623, Калмыков уезінде 59 216, Жымпиты уезінде 92 948, Гурьев уезінде 120 000 адам мекен еткен. 1921 жылдың күзіндегі дерек бойынша өңірдегі ашыққандардың саны: Орал уезінде 38 000 адам (жалпы халықтың 30%), оның 20 000-ы ересектер, 18 000-ы балалар; Елек уезінде 90 000 адам (70%), оның 46 500-і ересектер, 43 500-і балалар; Калмыков уезінде 42 000 адам (70%), оның 24 000-ы ересектер, 18 000-ы балалар; Жымпиты уезінде 33 000 адам (35,5%) оның 19 000-ы ересектер, 14 000-ы балалар; Гурьев уезінде 24 000 адам (20%), оның 14 000-ы ересектер, 10 000-ы балалар. Жалпы Орал губерниясы бойынша 1921 жылдың күзінде барлық ашыққандар саны 227 000 адам болса, оның 123 500-і ересектерді, 103 500-і балаларды құраған. Оған Орал қаласындағы 12 037 ашыққан адамды қоссақ, барлығы 239 037 адам болады. Сонда 1921 жылдың күз айларында Орал губерниясы халқының 45,5%-ы, яғни тең жартысына жуығы аштықтың шырмауында қалғаны аңғарылады. Елдегі үдіре көшуде осы кезде өрши түсіпті. Мәселен, Орал уезінде 19 085 адам аштықтан өлсе, 1 989 адам көшіп кеткен. Бір ғана Орал қаласында ашыққандарды ауқаттандыру мақсатында 7000 адамға қызмет көрсете алатын 5 асхана, Орал уезіне қарасты Круглоозерный ауылында 500 адамға арналған 1 асхана ашылады. Осындай орындар Жымпиты, Елек және Калмыков уездерінде де жасақталады. Тіпті ашыққандарға көмек беру мақсатында Оралға Украина мен Қырымнан екі дәрігерлік-тамақтандыру отряды келген. Олар Орал қаласы мен Орал уезінде екі-екіден асхана, ал Електе 4 асхана ашқан. 1922 жылдың сәуір айында Харьковтен тағы сондай бір дәрігерлік-тамақтандыру отряды келіп, олар ашыққан 1000 адам мен балалар үйіндегі 150 ұл-қызды тамақпен қамтығаны да тасқа басылған тарих. Бұған қоса Орал губерниялық комиссиясының жанынан балалардың тұрмысы мен өмірін жақсарту жөнінде арнайы бөлім ұйымдастырылып, Орал қаласында – 2500, Елек уезінде – 750, Жымпиты уезінде – 350, Калмыков уезінде – 450, Гурьев уезінде – 600 және Орал уезінде 1800 жасөспірімді балалар үйімен қамту шарасы жүргізіліпті. Жасыратыны жоқ, аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба және басқа аурулар қанат жая бастаған. Кешікпей эпидемия барлық болыстарда тіркелсе, оңтүстіктегі Өзек, Жақсыбай болыстарындағы жағдай тіптен ауыр болған. Ол аз десеңіз, кей өңірлерде адам жеу фактілері тіркелген. Сондай бір сұмдық оқиға Елек уезінің Кенділі ауылында орын алыпты. Мұрағат қорындағы құжаттарда адамдардың мысықтарды, иттерді, өлген малдың терілерін жейтіндігі де көрсетіліпті. Елек уезінде күніне 200, Калмыков уезінің Бударино болысында 6, тіпті, одан да көп адамның аштықтан өлетіндігі, мәйіттердің жер-жерде көмілмей шашылып жататындығы туралы да мәліметтер бар.
Орал губерниясындағы емдеу мекемелерінің жағдайы да мәз болмаған. 1922 жылдың наурыз айында Орал қалалық 770 орындық ауруханаға 2522 науқас келіп түскені, олардың 800-і ерлер (31,7%), 901-і әйелдер (35,7%), 821-і балалар (32,5%) екені де жазылған. Тағы бір жерде 1922 жылдың бірінші жартысында Орал губерниясындағы халықтың жалпы саны 524779 адамды құрап, соның 481963-і (92%) ашаршылыққа ұшырағаны көрсетіліпті. Сонымен жергілікті жауапты құрылымдардың берген есебі мен орталықтың деректерін салыстырып қарайтын болсақ, 1922 жылдың бірінші жартысында Орал губерниясындағы халықтың 90%-дан астамы ашаршылыққа душар болғандығы шындыққа жанасады. Ал енді Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Меңдешевтің 1922 жылғы 8 шілде-де Қазақ ОАК-нің ІІІ сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша жалпы елімізде аштыққа ұрынғандар саны 2 832 000 адам деп көрсетілген. Сондай-ақ мұрағаттан ашыққан аймақтарға кейбір халықаралық ұйымдар (Қызыл Крест, балаларға көмек көрсету жөніндегі Халықаралық одақ және т.б.) қолұшын созғанын да кезіктірдік. Батыс Қазақстан аумағында жоғарғы өкімет орындарымен келісімге келген америкалық көмек ұйымы (АРА) белсенді қызмет атқарыпты. Халықаралық бұл ұйым Орал губерниясында тамақ ішетін асханалар мен тамақ үлестіру пункттерін ашып, дәрі-дәрмек таратып, медициналық жәрдем де көрсеткен екен. Осы аталған халықаралық ұйым 1922 жылдың маусым айында Қазақ-станға 13 вагон дәрі-дәрмек жібергендігі жөнінде де дерек бар.
Иә, зерттеушілер дәйегі бойынша азамат соғысы мен 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың зардаптарынан 1917-1920 жылдар аралығында Қазақстан халқы 6 218,3 мыңнан 4 679 795 адамға дейін азайса, ал 1923 жылы 3 786 910 адамға дейін тағы кеміген. Ғалым Талас Омарбеков өзінің «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері» атты еңбегінде көп жайды нақты деректер арқылы алға тартқанын да көпшілікке жеткізе кетелік. Қысқасы, бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіздіктің қадірін терең түсініп, өткен тарихтың қалың қатпарларын зерделей білгендері жөн.
Есқайрат Хайдаров,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты