19.09.2017, 17:40
Оқылды: 21

Орал қалалық сотында мобильдік кабинет ашылды

Бүгін Орал қаласының №2 соты мен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ғимаратында ашылған мобильдік кабинеттер таныстырылды. ҚР Жоғарғы соты мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасында қолға алынған пилоттық жоба негізінде ғимарат ішінде әкімшілік сот кеңсесі мен «Электронды үкіметтің» ақпараттық бұрышы қатар орналасыпты. Яғни, сот жүйесінде  электронды сандық қолтаңбаны рәсімдеу оңай бола түспек.

– 2014 жылдан бері облыстағы соттарда «Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі арқылы 2 200 106 арыз тіркелген. Сервис қызметін қолданарда міндетті түрде электронды сандық қолтаңба қажет. Электронды сот ісін дамыту мақсатында іске қосылған пилоттық жоба негізінде Орал қаласының тұрғындары енді электронды арыз түсіру үшін ЭСҚ-ны бірден рәсімдеп, уақытын үнемдейді және сот төрелігінің ашықтығын бақылай алады. Азаматтар сот процесінің барлық сатысын қадағалап, кілтсөзді пайдаланып «Сот кабинетінен» электронды құжаттардың көшірмесін алады, – деді БҚО соттар әкімшісінің басшысы Нұрлан Қажғанов.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Орал қалалық №1 бөлімінің басшысы Луиза Құсайынованың айтуынша, пилоттық жоба қыркүйектің 1-інен басталған.  Аталған жоба жыл соңына дейін сәтті жүзеге асса, мобильдік кабинеттерді облыс бойынша басқа сот құрылымдарында да ашылуы мүмкін. Ақпараттық бұрыш арқылы сот жүйесінен тыс тұрғындарға басқа да бағытта мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Яғни, өзіне қажетті құжаттарын рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале