Бірер күн бұрын қаладағы орталық базар маңындағы қоқыстың жайын өз әлеуметтік желі парақшаларымызда қозғаған едік. Бір қуанарлығы, қоқыс мәселесіне қала билігі бірден назар аударды. Бүгін instagram-дағы парақшамызға қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкайдың өзінен хабарлама түсті.
Ол жерге шаһар басшысының орынбасары қоқыс орны тазаланған суретті жіберіпті. Еститін әкімдіктің барына бөркімізді аспанға атып қуандық. Іле-шала істің дәлелі болсын деген ниетпен көзімізді жеткізейік деп қоқыс алаңына аяқтай қайта барып келдік.
Алайда қуанышымыз көп ұзамай су сепкендей басылды. «Весы» сауда үйі жанындағы сыртына төгіліп, шашылып жатқан қоқыс орны жиналғанымен, айналасы сол қалпы қалыпты. Қоқыс жәшігінің дәл қасындағы қаулап өскен көк шөптің арасы күл-қоқысқа толы.
Ал Дина Нұрпейісова көшесіндегі күл-қоқыстың жайы да сол күйі тұр. Көшенің бір жағында базарлар орналасса, бір жағында тұрғын үйлер бар. Нұрпейісованың бойында қазір тамшы суы жоқ арық бар, бірақ сол арықтардың қоқыс пен шөптен көз ашпағанына көп болды. Жол бойы да жайрап жатыр. Бұл жол сол жердегі тұрғын үйлердің іргелес жатқан аумағы болып есептелетінін де естен шығармайық. Демек, тұрғындардың жауапсыздығы да жоқ емес.
Біз бұрынғы БТИ-дың орны қазір қоқыс алаңына айналғанын да назардан тыс қалдырмап едік. Ол жердің қоқысы да алыстан көз тартып, менмұндалап жатыр...
Бұл – қаладағы бір ауданның ғана көрінісі. Оралда қоқыстан арыла алмай жатқан аудан қаншама?
Динара Насыр,
Сурет: Гүлмира Сәрсенғали
www.zhaikpress.kz