Өткен демалыс күндері қалада толассыз қар жауып, бұрқасын болды. «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, соңғы екі тәулікте 22 мм жауын-шашын түскен. Бұл туралы Орал қаласы әкімдігі Facebook - тегі парақшасына жазды.
Осыған орай коммуналдық қызмет қар тазалау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Күндіз 200-ге жуық, түнгі мезгілде 100 шақты арнайы техника желіге шықты. Олардың ішінде МТЗ тракторлары, тиегіштер, құм себетін машиналар, ВТЗ тракторлары, автогрейдерлер бар.
«Жайық таза қала» ЖШС-ның 350 жұмысшы, 30 бригадасы қар тазалауға жұмылдырылды.
Бірінші кезекте магистралды және қоғамдық көлік жүретін жолдар қардан аршылды. Сонымен қатар тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жаяу жүргіншілер жолын, көлік тұрақтары мен қоғамдық орындарды тазалау жұмысы жүргізілуде. Тротуарларда ВТЗ тракторлар жұмыс жасайды. Аялдамаларға және трактор өте алмайтын жерлерге қолмен себу үшін 5 мобильді бригада тартылды.
Сурет: бейнежазбадан алынды
Соңғы екі тәулікте қаладан 10 мың текше метр қар шығарылды.
Аталған жұмыс әлі де жалғасуда. Бүгін күндіз желіге 190 техника шықты.