Оралда Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының асханасы мен сыныптарында тарақан шығып кеткен. Бұл туралы редакцияға сол мектепте балалары оқитын ата-ананың бірі хабарласып айтты.
– Балаларымыз үйге келіп партаның астында тарақан бар. Біз су ішетін жердің айналасында тарақан толып жүр деп айтып келді. Мен мектепке қоңырау шалып едім, олар уладық деп жауап берді. Бірақ тарақан әлі де бар деп отыр балалар. Сонда мектептің тазалығына ешкім қарамай ма? Тарақан бір улағаннан кетпейді ғой, неге мектепті карантинге жауып үш-төрт мәрте уламайды? Асханада аяқтың астында өріп жүр деп айтып келді балалар. Масқара емес-пе? - дейді ашуланған ата-аналардың бірі.
№34 мектеп-гимназиясында тарақан шыққаны туралы ақпаратты БҚО-ның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі растады.
Бірақ департамент мектепке тазалықты тексеру үшін бармапты. Мектеп асханасында тамақ ішкен бір бала уланып қалып ішек инфекциясына қатысты тексеру үшін барған.
– Мамандар мектептен бала уланғаны туралы ақпарат бойынша тексеріске барды. Жүргізілген жоспарлы тексеріс барысында мектеп ішінде жәндіктер шыққаны анықталды. Орал қалалық санитралық-эпидемиоогиялық бақылау басқармасы асхананың еденінде, үстелінде, тоңазтқыштың ішінде жәндіктерді жою үшін дезинфекциялық іс-шараларды күшейту туралы нұсқама берді. Бұл нұсқама осы жылдың 13 наурызына дейін орындалуы тиіс деп, - мәлімдеді БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Жалпы өздеріңіз әлеуметтік желіден байқағандарыңыздай биыл қаланың өзінде тарақанның көптігіне шағым айтушылар көп. Әсіресе адамдар тамақ ішетін шағын кафелерден тарақан байқағанын жеткізушілер баршылық.
Өкініше орай қаладағы адам көп жүретін қоғамдық орыдарды БҚО-ның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті уламайды.
– Жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиісті нысанды дезинфекциялау жұмысын өз қаражатына жүргізуге міндетті. Олар тиісті орталықтармен келісім шартқа отырып, улау жұмысын тұрақты түрде жүргізіп отыруы керек, - деді БҚО-ның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Жанат Көшкінбай,
Фото әлеуметтік желіден алынды
zhaikpress.kz