5.02.2026, 17:35
Оқылды: 6

Орал қаласында учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының өзекті мәселелері талқыланды

 

Бүгін Дүниежүзілік сайлау күніне орай Орал қаласы аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының практикалық аспектілері. Проблемалық мәселелер мен ұсыныстар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

1e53b62c-f378-4abb-9e53-828ee0a3f442

Іс-шараға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері, қалалық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, сондай-ақ Орал қаласы аумақтық сайлау комиссиясының жанындағы сараптамалық топтың мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – учаскелік сайлау комиссияларының қызметінде кездесетін өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және сайлау процесін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу болды.

Талқылау барысында учаскелік сайлау комиссияларының сайлаушылар тізімімен жұмыс істеу тәртібі, дауыс беру күнін ұйымдастырудың практикалық қырлары, азаматтардың сайлау құқықтарын толық әрі тиімді қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар, сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қолжетімділігін арттыру, комиссия мүшелерін оқыту, сайлауға қатысушыларды ақпараттандыру деңгейін көтеру және сайлау процесіне қатысушылармен өзара тиімді іс-қимыл жасау тақырыптарына ерекше назар аударылды.

Сараптамалық топ мүшелері жекелеген сайлау учаскелерінің аумағында тұратын азаматтардың нақты тіркеу деректері мен іс жүзінде тұратын мекенжайларының сәйкес келмеуі мәселесін көтерді. Атап айтқанда, кейбір азаматтардың белгілі бір мекенжайда тіркеуде бола тұра, онда тұрмайтыны немесе керісінше, сол аумақта тұрып, тіркеуде болмауы сайлаушылар тізімін нақтылау барысында қиындықтар туындататыны айтылды.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету, сайлаушылардың сенімін арттыру және сайлау процесінің барлық кезеңдерінде әділдік қағидаттарын сақтау маңызды екенін атап өтті.

7973a05a-4674-45ad-9332-7000ba07e579

Іс-шара қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер мен айтылған пікірлер негізінде нақты ұсыныстар топтамасы әзірленіп, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды. Бұл ұсыныстар алдағы сайлау науқандары кезінде учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын жетілдіруге және сайлау процесінің сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

 

Бекзат Қанәділ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале