Орал қаласында полиция қызметкерлері жалған жұмысқа орналастырумен байланысты алаяқтықтың бірқатар деректері бойынша күдікке ілінген 40 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті ірі компанияларға жұмысқа орналастырып беремін деп уәде беріп, облыс тұрғындарының 9 миллион теңгеден астам ақшасын алдап иемденген.

Фото: iStock
Ер адам азаматтарға жұмысқа орналасуға көмектесуді ұсынып, олардан ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша 19 эпизод бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қосымша қылмыстық эпизодтар анықталуда. Егер сіз осы азаматтың әрекеттерінен зардап шеккен болсаңыз, полицияға жүгінуіңізді сұраймыз.
Полиция азаматтарды сақ болуға және жұмысқа орналастыру, қызмет көрсету немесе басқа да мәселелерді шешу сылтауымен бейтаныс адамдарға ақша бермеуге шақырады. Күмән туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласу ұсынылады.