Орал қаласындағы Депо көпірінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деп жазады kaz.inform.kz.

Фото: kaz.inform.kz
Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, Депо көпірі 25 маусым күні сағат 22.00-ден бастап 10 шілдеге дейін жабылады.
- Жабылатын аумақ – М.Мәметова көшесінен депоға дейінгі аралық. Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында деформациялық тігістер қалыпқа келтіріледі. Мұнымен мердігер мекеме «Нұртем» ЖШС айналысады, - деп хабарлады.

Депо көпірінің жөнделуіне байланысты № 1, 5, 19, 20, 22, 38, 46 бағытта қатынайтын қоғамдық көліктердің маршруттарына да өзгерістер енгізіледі. Аталмыш көпір 1965 жылы салынған. Оған 2016-2018 жылдары 2,3 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген еді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қала күніне орай Депо көпірі ашылғанын жазған едік.