Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков «Батыс су арнасы» ЖШС-ның жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.
Алдымен Жайық өзеніндегі ашық су жинағыштағы сорғы стансасында болды. Серіктестіктің ғимаратында барлық мердігердің, тиісті сала мамандары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізді.
«Батыс су арнасы» ЖШС – Орал қаласын орталықтандырылған сумен қамтитын жалғыз мекеме. Серіктестік жылыту маусымына әзірлік барысында тұрғындарды ауыз сумен және кәріз желілерінің ақаусыз болуын қамтамасыз ету бағытында жұмыстануда. Аталмыш серіктестіктің бас директоры Қайырғали Имашевтің айтуынша, жылыту маусымына дайындық кезеңінде 250 млн. теңге игеру қажет. Жалпы алғанда күні бүгінге дейін сумен қамту және жер асты суын тарту бойынша жөндеу жұмыстары 68% -ға орындалып, 170,884 млн. теңге игерілген.
«Батыс су арнасы» ЖШС бас директорының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Кенжебаевтың сөзінше, биыл апатты жағдайлар едәуір азайған. Мәселен, серіктестік желілеріндегі су құбырларында былтыр - 305, ал биыл 125 апат болған. Кәріз желілерінде биыл - 33, былтыр 35 апат орын алыпты.
Қала әкімі Абат Абайұлының сөзінше, бүгінде Жайықтан алатын жер асты суының мөлшерін ұлғайтуға қол жеткізген. Қазір КСС-19А кәріз желісін қайта жаңғырту кестеге сай жүруде. Бүгінде 3500 метр құбыр орнатылған. Ал айналма қысымды кәріз колекторын қайта жаңғырту бойынша Шолохов көшесі аумағында диаметрі Д-1000 мм өздігінен ағатын 1385 м құбыр орнатылған. Ол жыл соңына дейін толықтай іске қосылмақ. Сонымен бірге КНС 29 кәріз желісін жөндеу аяқталған. Бұл нысан Зашаған кентіндегі кәріз жүйесінің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Абат Абайұлы шаһар тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін Орал қаласы әкімдігі қысқа және орта мерзімді іс-шаралар жоспарын жасап, бекіткенін айтты. Бүгінде Трекин жер асты су көзінен алатын су тағы да тәулігіне мың текше метрге артқан. Камен су жинағышынан қаланың Зашаған және Деркөл кенттеріне қосымша су жеткізу жүзеге асырылыпты.
Қазір ауыз су кестеге сай берілуде. Жиналыс соңында Абат Абайұлы «Батыс су арнасы» басшылығы мен мамандарына қысқы жылыту маусымын апатсыз өткізу үшін бүгіннен бастап тиянақты жұмыстану қажет екенін айтты.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz