Жақында Орал қалалық мәслихатының 14-ші кезектен тыс сессиясы өтті. Онда халық қалаулылары мәслихаттың «Орал қаласының, кенттердің және ауылдық округтің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы»шешімдеріне өзгерістер енгізді. Сессия жұмысына Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев және қалалық әкімдік бөлімдерінің басшылары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қатысты.
Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыровтың баяндауынша, бюджетті 1,2 млрд теңге сомасына нақтылау және ұлғайту жоспарланған. Соның ішінде 691 млн теңге қалалық бюджеттің өз кірістерінің түсімдерінен, 215 млн теңге бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаражатын босатудан, 268 млн теңге облыстық бюджеттен қарастырылған трансферттер есебінен болмақ. Бөлуге қарастырылған қаржы-қаражатты жергілікті атқарушы құрылымның резервін толтыруға 429 млн, қаламыздағы аутомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу – 150 млн, жол жүру қауіпсіздігін сақтауға – 75 млн, мемлекеттік құрылымдардың ағымдағы шығыстарына – 44 млн, мәдениет саласына – 26 млн (бағынысты мекемелердің коммуналдық төлемдеріне), ІV деңгейдегі кенттер бюджеттеріне қарастырылған трансферттер 84,4 млн теңге бағыттау көзделді.
Сонымен қатар облыстық бюджеттен 268 млн теңге нысаналы трансферттер де қарастырылған. Бұл қаржының 138,5 млн теңгесін «ТМ-2 ойымынан ТК-11-ге босатуға дейін ТМ-5 реконструкциялау» жобасына, 130 млн теңге еліміздегі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға жұмсалады.
Осылайша, аталған өзгерістерді ескере отырып, кірістер мен шығыстар бойынша қалалық бюджет 82 млрд теңгені құрады.
Депутаттар аталған мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне көкейкесті сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар қаланы абаттандыру, жол құрылысы және басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарын айтты.
Халық қалаулылары Қала күні қарсаңында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосқан құрылыс индустриясы саласының ардагері Мұхаметжан Кенжеғұловқа, білім саласының ардагері Мағрипа Искаковаға, полиция ардагері Гүлжиян Атаниязоваға және энергожүйесі саласының ардагері Виктор Графкинге Орал қаласының құрметті азаматы атағын беру туралы ұсынысты мақұлдады.
Гүлбаршын Әжігереева
zhaikpress.kz