17.05.2021, 16:22
Оқылды: 46

Орал киіктерінің көші-қоны мәселесін шешу бойынша жұмыс тобы шұғыл іске кірісуі керек - Экология министрі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.  Ғалымдармен, экологтармен бірге жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселенің шешу жолдарын талқылады.

3B3B0CF8-FAAD-4281-9E5C-3708240FEF1D

Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары халқы жайылымдарды сақтап қалу, су жеткізу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Министр Мағзұм Мырзағалиев проблемаға бір жақты қарауға болмайтынын айтып, арнайы жұмыс тобының құрылғанынан хабардар етті.

«Мен сіздерге Президент тапсырмасы бойынша ғалымдармен бірге арнайы келіп отырмын.  Екі жаққа да тиімді шешімдер қабылдау үшін Экология, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктері мен халықаралық ұйымдар, институттар құрамына кіретін жұмыс тобын құрып отырмыз. Қысқа мерзімде зерттеулерді бітіруге тырысамыз»,- деді министр.

6AD8FB5B-8B54-4BCB-9630-E437C25E1273

Мағзұм Мырзағалиев мәселе шешімінің үш жолын атады.

«Біріншісі, жалпы ауданы 343040,1 га «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314505,1 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру. Бұл бойынша барлық негіздемелер дайын. Резерват құру арқылы 78 тұрғынға жұмыс орны да ашылады. Екіншісі, осы резерватта геологтардың араласуымен су көздерін анықтап, киіктерге жасанды суат дайындау. Ол тек киікке ғана емес, халыққа да пайдалы. Үшіншісі  -  киіктердің Орал популяциясының бір бөлігін Жайықтың оң жағалауына өткізу мәселесін қарастырамыз»,- деді ведомство басшысы.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев құрылған жұмыс тобына жергілікті шаруа қожалықтары өкілдері де кіретінін, барлық зерттеулер, шаралар ашық жүретінін жеткізді.

56BBEE28-FA2F-4C1D-9418-A06609C54E84

ҚР БҒМ Зоология институты териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтің айтуынша, қазір киік санын реттеу мәселесін мүлдем қозғауға болмайды.

«Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, мәселені егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Мемлекет өз уақытында киіктердің санын қалпына келтіру үшін үлкен ресурстар жұмсады. Қазір ол тек қалпына келтіру сатысында, яғни ол әлі де максимумға жеткен жоқ. Сол себепті әзірге оларды атуға рұқсат беріп, санын азайту туралы сөз қозғауға ерте»,- деді ғалым.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы – еліміздегі киіктер ең көп шоғырланған өңір. 2019 жылғы санақ бойынша БҚО аумағында 217 мың бас киік болған. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты санақ жүрген жоқ. 2023 жылға дейін киіктерді ғылыми қолданыстан басқа мақсатта қолдануға заңмен тыйым салынған.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале