Биылғы жыл Батыс Қазақстан облысындағы балалар туризмінің құрылғанына атаулы жыл толып отыр. Яғни, осыдан тура 65 жыл бұрын ең алғаш Жайық жағасында балалар мен жасөспірімдерге табиғат аясына саяхаттар мен түрлі танымдық жорықтар ұйымдастырылып, олар өз өңірлерін терең зерттей бастады. Ал енді аудандарда балалар туризмінің негізгі қанат жаюы 2000 жылдардың басында қарқын алды. Бұл жылдар ішінде облысымыздың аудандарында туризм орталықтары мен осы бағытта қызмет ететін станциялар ашыла бастады. Әрине бұл орталықтардың ашылуына өңірдегі баладар туризмінің дамуына ерекше еңбегі сіңген, сол кездегі облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Павлович Фоминнің еңбегі орасан зор.

Ауданымызда осы уақыттарда қосымша білім беру ұйымы болып табылатын «Тәрбие орталығы» мекемесі жанынан туристік-өлкетану үйірмелері ашылса, бүгінде қызмет аясы кеңейіп, осы салада қызмет ететін аудандық «Жас туристер станциясы» мекемесі жұмыс жасайды.


Аудандық жас туристер станциясы - ауданымыздағы балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыратын және өскелең жас ұрпақты туристік-өлкетану қызметіне баулитын бірден-бір қосымша білім беру мекемесі. Орталық үйірме оқушыларының танымдық қызығушылығын арттыру, қосымша білім беру педагогтарының кәсіби шеберлігінің өсуі арқылы аудан оқушылары арасында туризмді белсендіру, бұқаралық, жеке және топтық қызмет түрлері арқылы салауатты өмір салтын насихаттайды. Жалпы туризм бұқаралық спорттың бір түрі десек аудандық жас туристер станциясының туристік-өлкетану бағытындағы жұмысы балалар туризмін дамытудан басталады.

Аудандағы балалар туризмі саласының дамуы мен алғашқы қызмет тарихына тоқталсақ, ең алғаш рет 1989 жылдан басатап Абдолла Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінен туризм үйірмесі ашылып, мектеп оқушылары туристік-өлкетану қызметімен кеңінен шұғылданып, түрлі іздестіру-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, облыстық жарыстарға қатыса бастады.
Одан кейінгі уақытта яғни, 2003 жылдары аудан орталығындағы «Тәрбие орталығы» мекемесі жанынан бірнеше туризм үйірмелері ашылып, бұл саланың қызмет аясы кеңейе түсті.

Атап айтсақ, ең алғаш ауыл мектептері қазіргі А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебімен қоса, Бұлдырты орта мектебі, В.Шубин атындағы Тоғанас орта мектептерінен туристік-өлкетану мен экология бағытындағы үйірмелер жұмыс жасай бастаса, одан кейін сол кездегі Өлеңті орта мектебі, Тасқұдық орта мектебі мен Сырым орта мектебінен жаңадан үйірмелер ашылып, туристік-өлкетану және экология қызметі бойынша аудан мектептерінде үйірме жұмыстары кеңінен жұмыс жасай бастады. Алғаш болып осы бағытта ауыл мектептерінен Есламғалиев Бауыржан Сағидоқасұлы, Төремұратов Кенжалы Жанғалиұлы, Бақтығалиев Қайырбек Меңдіғалиұлы, Касимов Қайыржан Сабырұлы, Ақшолақов Жанболат Самиғоллаұлы, Ергалиева Зина Сағынғалиқызы сынды ардагер ұстаздарымыз бен марқұм Бактыгулов Данияр Темірболатұлы және бүгінде ауданның білім саласы мен тарихи-өлкетану қызметінде әліде еңбек етіп жүрген Тажғалиев Әскербек Серікқалиұлы, Абдығалиев Ержан Исатайұлы, Ойшыбаева Айнагул Мағауияқызы сынды аға-әпкелерімізбен орталықтың қазіргі мекеме басшысы Батыршин Бейбіт Ахметұлы сонау бір жылдардан бері ауданымыздың туризм саласының жанданып, дамуына тер төгіп, ауыл балаларына өз өлкесінің кеңінен тануына мол мүмкіндік сыйласа, мекеменің алғашқы ашылу кезеңдерінде басшылық еткен Жоламанова Айда Кенжеғалиқызы мен Мұхамбетжанов Айнұр Жәрдемқызының еңбектерін зор деп білеміз. Сондай-ақ балалар туризмінің дамуына өзіндік үлесін қосқан , әріптесіміз болған қазіргі таңда Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Әнуарұлы Тоқмамбетовты мақтанышпен айта аламыз.
Сырым аудандық «Балалар мен жасөспірімдер туризмі және тәрбие орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық мекемесінен бөлініп, Сырым ауданының әкімдігінің 2012 жылы 23 қаңтардағы №27-ші қаулысымен қайта өзгертіліп, аудандық «Жас туристер станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өз алдына дербес мекеме болып шықты. Орталық өз жұмысын аудан көлемінде оқушылармен туристік-өлкетану бағытындағы көпшілік іс-шараларды ұйымдастырумен көзге түсіп, әр түрлі облыстық туристік-өлкетану және экологиялық жарыстар мен байқаулар, слеттер, олимпиадалар сынды білім бәсекелерінде аудан намысын қорғаған білімді де жан-жақты дамыған оқушыларды тәрбиелеп келеді.

Жас туристер станциясы үш бағытта жұмыс істейді: спорттық-туристік, туристік-өлкетану, экологиялық бағытта үйірме оқушыларының бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге ықпал етеді. Соңғы жылдардағы оқушылардың жалпы континенті 400-ден астам оқушыны құрайды. Қазіргі уақытта орталықта 34 үйірме жұмыс жасаса, оларды өз ісінің шебері – қосымша білім беру педагогтары ұйымдастырып жүргізеді. Стансамыз ауданымыздың бірнеше тірек мектептерімен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Туристер станциясы республикалық, облыстық, аудандық көптеген орталықтармен: Республикалық қосымша білім беру және оқу әдістемелік орталығымен, Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығымен және аудандық Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, М.Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесімен ынтымақтастық қызметте жұмыс жасайды.

Аудандық «Жас туристер станциясы» мекемесінің жоспарына сай бүгінде көптеген түрілі іс-шаралар оздырылып келеді. Атап айтар болсақ, түрлі тарихи танымдық экспедициялар, жорықтар мен экскурсиялар, туристік жарыстар мен табиғат аясында туриадалар, далалық шатырлы лагерь, экологиялық акциялар, өлкетанулық іс-шаралар мен музейлік танымдық квест ойындары және тағыда басқа көптеген іс-шараларды жылдар бойы тұрақты да дәстүрлі түрде ұйымдастырып өткізумен қатар өлкетану бағытын дамытуда ауқымды жұмыстар атқаруда.

Олардың ішіндегі ауқымдыларына тоқталатын болсам,аудан әкімшілігінің қолдауымен Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп ұйымдастырған «Менім кіші Отаным» тарихи-өлкетану экспедициясы.
Экспедицияның іздестіру-зерттеу жұмысының мақсаты аудандық білім беру ұйымдарында туристік-өлкетану қызметін жандандыру, өскелең ұрпақты Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мен туған өлкеміздің тарихи-мәдени мұраларын қорғау және сақтау арқылы мектеп мұражайларының қорын толықтыру болып табылатын.Аталған экспедиция жылдар бойы өлке тарихы мен жер су атаулары, Сырым тану, Алаштану тақырыбында бірнеше рет ұйымдастырылды. Былтырғы жыл аталған экспедицияның ұйымдастырылғанына 10 жыл толса, алғашқы жылы ұйымдастырлыған экспедиция аясында «Менің кіші Отаным» атты Сырым аудандық жер-су атаулары және тарихи орындары атты жинақ кітабы жарық көріп, аталған жинақтың жарық көруіне орталық мамандары сүбелі үлес қосты.

Аудандық жас туристер станциясы ұжымының 2010 жылы “Туристік-өлкетану қызметі арқылы еуразиялық мәдениетті қалыптастыру” тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияны, 2012 жылы “Білім Туризм Интеграция” тақырыбында өткен халықаралық форумды ауданымызда ұйымдастырылуы осы ұйымдағы педагогтардың өз ісінің майталмандары екенін көрсетеді.
Орталық пеадгогтары мен оқушылары өлке тарихын тану мақсатында көптеген тақырыптық жорықтар ұйымдасытырып келеді. Солардың бірі баршамызға белгілі, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл және Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері, жерлесіміз Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына орай «Қадыр елінен - Жұбан еліне» дейін атты туристік-өлкетану веложорығы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты қос ақынның жеке өмірі мен шығармашылық байланысы мен танысу және олардың өмір жолын насихаттау болып табылады.
Содай-ақ Күнбатыс Алаш үкіметінің құрылғанына 105 жыл толуына орай көршілес Қаратөбе ауданындағы Батыс Алашорда өкілдеріне серпіліс берген 1918 жылдың ақпан айында өтіп, тарихта «Қаратөбе сиезі» деген атпен қалған, алаш қайраткерлері бас қосқан орынға «Күнбастыс Алаш жолымен» атты туристік веложорығы ұйымдастырылды.
Орталықтың тағы бір жылдар бойы тұрақты ұйымдастырып келе жатырған өлкетанулық бағыттағы «Менің Отаны Қазақстан» туристік-өлкетану слеті мен «Жайық толқыны» өлкетану фестивалі дәстүрлі өткізіліп келеді.Жас ұрпақтыпатриоттыққа, өз елінің тарихы мен тарихи тұлғаларын іздестіріп-зерттеп білуге, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін дәріптеу,туристік-өлкетану қызметін насихаттау және белсендіру мақсатындағы бұл іс-шараларға аудан мектеп оқушылары өте жоғары құлшыныс пен қызығушылықпен қатысып келеді. Жас буынның аталған шараларға тек белсене қатысып қоймай, шараның облыстық кезеңдерінен биік нәтиже көрсетіп, аудан намысын талай асқақтатып жүр. Мысалға, екі жылда бір өтетін «Жайық толқыны» өлкетану фестивалі 20 жылдан астам ғұмыры болса, бұл шара оқушылардың болашақ маман ретінде де жол ашуына себепкер болуда. Мысалы, ондағы жас ақын, жас жазушы, жас әнші және термеші, жас аспаз, жас шебер мен жас суретші бағытындағы өнер көрсеткен оқушылар бүгінде осы бағытта өнерлерін шыңдап, елге қызметі етіп жүр. Мысалға айта кетсек, 2007 жылы өткен шараның облыстық кезеңіне дейін барып, өз талантымен танылып «Жас ертегіші» номиинациясы бойынша бас жүлде иегері атанаған бүгінде елімізге танымал айтыскер ақын, жерлесіміз қазіргі «Сырым» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлыда осы аталған шараларға қатысып, өнер көрсетіп шыңдалып өткенін мақтанышпен айта аламыз.
Кешегі күні Шідерті өзенінің жағасындағы Бұлан тоғайы мен Тоғанас ауылының маңындағы «Бес қайың» маңында және Аралтөбе ауылындағы орталық саябақта өткен қызықты туристік туриадалар мен аудан мектеп оқушылары арасындағы көктем мен күз айларында ұйымдастырылатын «Қарлығаш», «Алтын дала» туриадалары оқушылар үшін табиғат аясында қызықты әсер сыйласа, ал жазғы мауысмдағы «Жас турист» шатырлы лагерінің оқушылар үшін орны бөлек. Сонымен қатар төтенше жағдайдың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында “Жас құтқарушы” сайысын ұйымдастыру да дәстүрге айналып келеді.
Балалар мен жасөспірімдердің демалысын, жазғы каникул кезінде балалардың қадағалаусыз қалуының, құқық бұзушылығы мен қылмыс жасауының алдын алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салауатты өмір салтын насихаттау, табиғат аясында алаңсыз тынығу мен далалық жағдайға бейімделу мақсатындағы бұл лагерді оқушылар жазғы каникулмен бірге асыға күтеді.
Өйткені шатырлы лагерьге келген оқушылар жай ғана тынығып қана қоймай, ережеге сай туристік кедергілер жолағы,спорттық бағдарлау, команданың үздік таныстырылу, туристік тұрмыс және дағды, далалық газет, жас мобилограф сайыстары бойынша сынға түсіп, өзара бәсекелестікті анықтайды.
Мекемеде жаяу туризм, тау туризмі, вело туризм мен спорттық бағдарлау бағытында үйірмелер жақсы дамыған. Тәрбиеленушілер орталықтағы «Қайсар» спорттық кешенінде орналасқан арнайы жартаста (сколодромда) арнай тау туризмі мен жаяу туризмінің қиындық элементтерін меңгерсе, ал спорттық бағдарлау бағытынан орталық алаң мен Алаш саябағы, Қ.Мырзалиев мектебінің ауласынан арнайы жасақсталаған спорттық полигондарда жаттығу жасап, өз шеберліктерін шыңдайды. Осы аталған туризм бағытындағы да үйірмелердіңде жетістігі бір төбе. Мысалға туризм бағытындағы үйірме тәрбиеленушілері Оңтүстік Қазақстан облысында өткен туристік көпсайыстан ҚР-ның кубогында жүлдегер атанса, ал Көкшетау қаласында өткен Республикалық «Жас құтақрушы» жарысының іздеру-құтқару жұмыстары бойынша екі жыл қатар үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ спорттық бағдарлаудан үйірме тәрбиеленушісі Владимир Алдияр Спорттық бағдарлаудан ҚР-ның қысқы және көктемгі кезеңдерінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал Ақтөбе облысында ұйымдастырылған республикалық велотуризм техникасы жарысында орталықтың қосымша білім беру педагогы Сырым Ажигалиев жеңімпаз болып, Туристік көпсайыстан ҚР-ның спорттық шеберлігіне үміткер атанған болатын.
Жалпы орталықта көптеген экологиялық үйірмелерде қызмет етеді. Оларға қатысатын жас жеткіншектер үйірмеге келу арқылы өздерінің табиғи ортаны қорғауға деген сүйіспеншілігі және экологиялық білім мен мәдениеті қалыптастырып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын үйрене отырып, табиғат байлықтарын ұтымды пайдаланып, жанашырлықпен қарауға тәрбиеленеді. Бұл бағыттағы жеткіншектер «Таза жағалау», «Таза ауыл», «Турист өз талыңды отырғыз» және «Орал өңірінің кіші өзендері» экологиялық акциялары мен абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысып, табиғи ортаның күтіп ұстауға, оны көгалдандыруға белсене атсалысады. Сондай-ақ экология үйірмесінің тәрбиеленушілері қалдықсыз технологияларды пайдаланып, тұрмыстық түрлі қалдықтардан бұйымдар жасап, экологиялық бағыттағы аудандық, облыстық байқауларға қатысып жүлдегер атанып жүр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, өлкетанулық танымдық экспедициялар мен түрлі байқау, фестивальдерден бөлек Жымпиты ауылының тарихи-мәдени ескерткіштерін тану мақсатындағы «Тарихқа тұнған Жымпиты» экскурсиялық бағдарлау жарысын соңғы жылдары тұрақты өткізіп келеді.
Орталық Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі әріптестерімен тығыз әріптестік байланыс жасай отырып, оқушылармен тек қана музейге тұрақты экскурсия жасап қана қоймай, аудандық орталық музейде «Өз өлкеңді танып, біл!» және Алаш музейінде «Күнбатыс Алаш тарихын тану» атты музейлік квест ойынын аудан оқушыларының танымдық деңгейін көтеріп, өлке тарихын терең тану мақсатында ұдайы ұйымдастырып келеді.
Сонымен қоса аудандық білім беру бөліміне қарасты мектеп музейлерінің қалыптасып, олардың дамуы, іс-құжаттарының рәсімделіп, экспонаттарының номерленіп, реттелінуіне әдістемелік көмек көрсетіп, облыстық мектеп музейлерінің тізбегіне енгізіп, «Мектеп музейі» паспортымен құжатталуына орталықтың атқарған жұмыстары ерекше. Мектеп музейлерінде оқу жылы бойы аудандық «Мектеп музей» марафоны, «Музей жауһарлары» сырттай көрмесін, түрлі тақырыптық бірыңғай музей сағаты мен виртуалды музей сағаттарын ұйымдастырып келеді.
Биылғы Орал өңіріндегі балалар туризмінің 65 жылдығына орай облыстық «Кеше, Бүгін,Ертең» музей-чемодан көрмесі ұйымдастырылды. Көрме аясында оқушылар өңірдегі балалар туризмнің дамуы мен тарихы, кешегісі мен бүгінгісі және ертеңгісі туралы көптеген мәліметтер алды.
Орталықтың басты мақсаты Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде өскелең ұрпақтың бос уақыттарын тиімді, әрі ұтымды ұйымдастыру, салауатты өмір салтына тәрбиелеу, өлкеміздегі балалар және жасөспірімдер туризмін насихаттау, дамыту және белсендіру болып табылса, осы қызметті орындау барысында орталық ұжымы нәтижелі де жемісті еңбек етіп келеді.
Ерлан Ескабулов,
Сырым ауданының туризм орталығының әдіскері